«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – Елбасының төл туындысы, еліміздің стратегиялық орталығы

0 172

Кеше әкімдіктің мәжі­ліс залында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің төрағалық етуімен Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын талқылауға арналған және өткен жылды қорытындылау жиыны өтті.

Қала активі мен қалалық мәслихаттың депутаттары, бизнес қауымдастығы өкілдері, Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысқан жиын барысында Астана әкімі Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындау мақсатында мемлекеттік органдарға бірқатар міндеттер жүктеді.

 ЭКОНОМИКАНЫ ЦИФРЛАНДЫРУҒА МАҢЫЗ БЕРІЛЕДІ

– Президент Жолдау аясында 10 негізгі міндетті көрсетіп берді. Осыған орай Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруды нақтылап, орындайтын жұмыстарды айқындады. Біріншіден, индустрияландыру бағытында өнеркәсіпке қазіргі заманғы технологияларды енгізіп қана қоймай, жұмысшы қолын ауыстыруға қабілетті болатын цифрландырылған экономиканы дамытуға ерекше маңыз беруіміз керек, – деп атап өтті Астана әкімі.
Осы ретте әкім босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту саясатын бағдарлап, осы бағытта өте байыпты жұмыс жүргізу қажеттілігін айтты.

«АҚЫЛДЫ ҚАЛАНЫҢ» АДЫМДАРЫ

Елбасының Жолдауында айқындалған басымды міндеттердің бірі «Смарт-Сити» жобасын дамытуға бағытталды. Осы орайда 2018 жылы біз қаланың денсаулық сақтау және білім беру салаларына цифрлық жүйелерді толықтай қосатын боламыз. Әрине, бұл ретте біз, басқа өңірлерге үлгі болуы үшін ең тиімді жүйелерді қолданысқа енгіземіз. Яғни, тек қана автоматтандыруға мән беріп қоймай, интеллектуалдық қабілетті де пайдалана білуіміз керек, деп атап өтті Астана басшысы.
Қала басшысының айтуынша, 2018 жыл Астана үшін «ақылды қала» жобасын жүзеге асырудың шешуші кезеңі болмақ.

 ДАМУДЫҢ ЖАҢА САТЫСЫ

Қала басшысының кіріспе сөзінен соң қалалық мәслихаттың депутаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев баяндама жасады.
– Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық саланы жедел дамыту мақсатында «ақылды технологияларды» өндіріске енгізуді тапсырды. Президент айтқандай, көл-көсір мұнайдың дәуірі алыстап келеді. Еліміздің дамуының жаңа сатысы жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ең бірінші кезекте төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне өтуі тиіс, – деген А.Күрішбаев университеттің соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталып, жоғары оқу орны базасында халықаралық аграрлық зерттеу университетін құру жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмасының іске асырылуы туралы баяндады.
Өз кезегінде Жолдаудың әр бөліміне тоқталып, ондағы Елбасының тапсырмаларын орындауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізген қала басшысы өткен жылдағы атқарылған жұмыстарды саралап өтіп, биылғы міндеттерді де айтты.

  АУҚЫМДЫ ШАРАЛАР  АТҚАРЫЛДЫ

– Өткен жылды сәтті өтті деуге болады. Экономикалық көрсеткіштердің барлығына қол жеткізілді. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі және басқа да мәдени, спорттық мерекелері сияқты қалада көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың әрқайсысы жоғары деңгейде өткізілді. Сонымен қатар бірқатар ірі нысандардың құрылысы аяқталды. Жоспарға сәйкес, биыл аяқталуы тиіс қаланы көркейту мақсатындағы кейбір жобалар нәтижелі жұмыс­тың арқасында уақытынан бұрын жүзеге асты. Бұл тұр­ғыда осындай көптеген жұмыс­тардың атқарылуына, бас қаланың дамуына үлкен үлес қосқан қалалық әкімдік қызметкерлеріне, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелеріне, кәсіпкерлер мен тұрғындарға зор алғысымды білдіремін, – деді Әсет Исекешев.
2017 жыл Елбасының тап­сыр­масына сәйкес, қаланың дамуына және «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің өтуіне зор күш жұмсалғанын тілге тиек еткен қала басшысы осынау халықаралық шараны 5 миллион адамның тамашалағанын, айтулы шараның арқасында елордада ондаған мейрамханалар мен қонақ үйлердің ашылғанын атап өтті. Сол сияқты Астана қаласының жалпы, рейтинг бойынша ТМД елдері астаналары арасындағы үздік бестіктің қатарына қосылғанын да сөз еткен елорда әкімі, сонымен қатар, өткен жылы Астанада қашықтығы 44,3 шақырым болатын 66 көше салынғанын, қашықтығы 43,3 шақырым болатын 49 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілгенін сөз еткен елорда әкімі 19 көшені салу жұмыстары әлі де жалғасатынын айтты.

 ЕЛОРДАНЫҢ МЕРЕЙЛІ ЖЫЛЫ

– Ендігі кезекте, яғни 2018 жылы бізге артылған міндеттер көп. Солардың бірі – биыл елордамыздың 20 жылдығын атап өтеміз. Бұл да өте жауапты шара болмақ. Осынау мерейтойдың да лайықты деңгейде өтуіне бір кісідей жұмыла кірісуіміз қажет. Өйткені Астана – Елбасының төл туындысы, еліміздің стратегиялық орталығы. Біз бұл шараны да абыроймен атқарып, жыл да жетістікпен аяқталады деген сенімдемін. Биыл да ауқымды жұмыс­тар жоспарланып отыр. Тұран, Қабанбай батыр және Мәңгілік Ел даңғылдарында көлік кептелісін азайту үшін Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейінгі және Тәуелсіздік көшесінен Қалдаяқов көшесіне дейінгі учаскесінде Ұлы Дала көшесінің құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар 2018 жылдан бастап 60 км веложол салынатын болады, – деп жалғастырды өз сөзін Ә.Исекешев.

 БАҒДАРЛЫ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ

Елорда басшысы қала тұр­ғындарын тұрақты түрде және үздіксіз сумен қамтамасыз ету мақсатында қысқа уақыттың ішінде 2,5 км қашықтықтағы су таратқыш салынғанын жеткізді. Бүгінде Азиялық даму банкімен бірлесіп, «Астана қаласында су ресурстарын бірлесіп басқару» жобасы бойынша шеберлік-жоспардың әзірлемесі басталды. Аталмыш шеберлік-жоспар жоғары және жерасты су көздерін реттеу шараларын жүзеге асыруды су нысандарында және гидротехникалық ғимараттарда қарастыратын болады. Оның әзірлеме жұмысы биылғы
тамызда аяқталады деп жос­парланып отыр.
Сонымен қатар, биыл жекелеп 4 фракция бойынша қоқыс жинақтаудың бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады. Осы ретте былтыр өткізілген конкурстың нәтижесінде 30 жаңа қоқыс шығарушы техника және 5000 контейнер сатып алатын инвестор табылды.
Түптеп айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген межелер мен міндеттерді атқару үшін Астана әкімдігі ауқымды жұмыстарды қолға алды.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды