©2020 Астана Ақшамы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Еуразиялық экономикалық ғылым клубы» қауымдастығы құрылып, 2008 жылдың 27 маусымында елордада І Астана экономикалық форумы өтті.
Астана экономикалық форумы – елордамызда 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңы. Өзінің ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ бұл форум әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосады.
Бүгінде бұл қауымдастық әлемнің 120 елінің ғалымдары мен БАҚ өкілдерін, әлем ойшылдарын, саясаткерлерді, халықаралық ұйымдарды, ғылыми-зерттеу орталықтары басшыларын және іскерлік орта өкілдерін біріктіреді.
Айта кету керек, алғаш рет 2008 жылы өткен аталмыш форум дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ықпалды халықаралық алаңдардың бірі мәртебесін иеленген болатын.
10 жыл аралығында Форумға 150 елден он мыңдаған делегат қатысып, жалпы көлемі миллиардтаған доллар қаржыны құрайтын жүздеген меморандум мен келісімге қол қойылып, Еуразиялық іскерлік конгресі, дүниежүзілік МЖК орталығы және Нобель сыйлығы лауреаттарының Астаналық клубы құрылды.
Астана экономикалық форумының зияткерлік және ғылым базасы G-Global (www.group-global.org) ақпараттық-коммуникативтік платформасы болып саналады, соның аясында әлемдік экономиканың теңгерімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдар әзірленеді. Бұл тұрғыда Астана экономикалық форумының ұсынымдары 2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Пленарлық сессиясында таныстырылып, сол кездегі БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының Президенті Ан-Насердің және G20-дағы Мексика төрағалығы тарапынан жоғары пікірлерге ие болған.
Еске салатын болсақ, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен бірлесіп бастамашылық еткен және БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен өткен I Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция 2013 жылғы VI Астана экономикалық форумының аса маңызды іс-шарасына айналған еді. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы және БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік Дағдарысқа қарсы жоспар жобасының негізгі бағыттары қабылданған болатын.
ІI Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция 2014 жылы VIІ Астана экономикалық форумы аясында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қаржы, экономика министрлері мен орталық банктері басшыларының деңгейінде өтіп, нәтижесінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік Дағдарысқа қарсы Жоспар Тұжырымдамасы қабылданды. 2015 жылдың мамырында «Инфрақұрылым: экономиканың орнықты өсімінің драйвері» тақырыбына арналған сегізінші Астана экономикалық форумына 3 мыңнан астам делегат қатысып, халықаралық шара барысында Қазақстан Президентінің 5 халықтық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары жоғары баға алды. Сол сияқты алты құрлық делегаттарының Алты алаштың астанасындағы 2016 жылғы басқосуы да кең ауқымда өрбіді.
Ал былтырғы 15-16 маусым күндері Тәуелсіздік сарайында өткен халықаралық X Астана экономикалық форумында жер жаһанның әр қиырынан келген мамандар, сарапшылар, кәсіпкерлер және Қазақстан Үкіметінің басшылары бас қосып, пікір алмасты. Екі күндік форум бағдарламасында көптеген шара ұйымдастырылды. Айта кетейік, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осындай келелі кездесулердің біріне, яғни «Дүниежүзілік банк: Қазақстанның жүйелі диагностикасы» деп аталатын бірінші сессия отырысына қатысты. Бұл ауқымды шараға қазақстандық және халықаралық қаржы институттарының өкілдері де қатысып, өз ойларын ортаға салды. Басқосу барысында, әсіресе, еліміздің банк саласын реформалау міндетіне кеңірек тоқталып, Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері талқыланды. Сондай-ақ жиында еліміздің әл-ауқатын көтеруге және кедейшілікті барынша жоюға бағытталған Дүниежүзілік банк ұсынып отырған бағдарлама таныстырылды.
Аталмыш іс-шара шеңберінде 20 панельдік сессия өткізіліп, онда «Жаңа энергия – Жаңа экономика» тақырыбы жан-жақты талқыланды. Форум аясында экономика саласындағы аты әлемге әйгілі сарапшылар мен ғалымдар, соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесулер өткізді. Айта кету керек, АЭФ-2017-дегі талқыланған мәселелерге әлемдік жұртшылықтың назарын аудару үшін ұйымдастырушы ретінде «The Economist» халықаралық басылымы, «Бреттон-Вудс жаңарту комитеті» қоры, БҰҰ, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банкі, ЕҚДБ, SAP сияқты беделді халықаралық агенттіктер мен компаниялар жұмылдырылған екен.
Жалпы, Астана экономикалық форумы Қазақстанның әлемдік саясат сахнасындағы орнының қандай деңгейде екенін көрсетіп, ажарлы Астананың кез келген халықаралық ауқымды шараларды өткізуге қауқарлы екенін де сан мәрте дәлелдеді.
Нұрдәулет КӘКІШЕВ