«АСТАНА» ДЕП КЕЛЕДІ АЛЫСТАРДАН

0 93

sdf

Астана жыл санап көркейіп келеді.
Бас шаһардың зәулім сарайлары мен ғимараттары шет мемлекеттен келген қай қонақтың да қос жанарын бір сүріндірмей қоймайды.
Елорданың іргесі қаланғалы бері бар-жоғы он алты жыл өтсе де, даму қарқыны көңіл қуантады.

Көрікті қалалар қатарындамыз

Астана қаласы еліміздің негізгі орталығы ретінде басты, ірі туристік шаһарға айналды. Арқаның төсіндегі әсем қала көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өз мәртебесіне сай өткізіп, сан мыңдаған қонақтарға кең пейілділігі мен ақжарқын ниетін танытып, өзінің мәртебесіне сай екенін сан мәрте дәлелдеді.

Өткен жылы ғана біздің Астанамыз туристік қалалардың беделді Бүкіләлемдік федерациясы (World Tourism Cities Federation – WTCF) құрамына енген. Бұл – Лос-Анджелес, Рим, Берлин, Макао, Пекин, Лондон, Вена, тағы басқа да елуден аса мегаполистер мен туристік орталықтарды біріктіретін көлемі жағынан төртінші туристік бірлестік. Бір айта кетерлігі, бұрынғы кеңес елдерінің қалалары ішінде WTCF қатысушылары – тек Мәскеу, Минск және Астана ғана.

Қазақстан астанасы әлгі федерация құрамына Пекин мэрі Уонг Аншунгтың шақыруы бойынша кіргені де есімізде. Сол тұста Пекин мэрі «Бүкіләлемдік туристік қалалар федерациясы кеңесінің төрағасы ретінде мен Астананы WTCF құрамына қуана ұсындым. Федерацияға қосыла отырып, қала ұйымдағы басқа қалалармен бірге сәтті тәжірибесімен, туризмді дамыту мүмкіндіктерімен бөлісетіндігіне сенімім зор» деген еді.

Халықаралық шаралар беделімізді күшейтеді

Бас қалаға алғаш келген адам нағыз мәдени, рухани сезімді басынан кешіреді. Өйткені, тарихи өлшеммен өте қысқа мерзімде құрылған Астананың сәулеттік бейнесін тамашалаған кез келген қонақ таң қалмауы мүмкін емес. Тәуелсіздік, Бейбітшілік және келісім сарайларының, «Қазақстан» орталық концерт залының, күні кеше ғана есігін айқара ашқан Ұлттық музейдің, «Бәйтерек» монументінің ғажайыптары тамашалаушысын сергек күйге жетелейді.
Мамандардың айтуынша, туризмнің осылай қарқынды дамуының басты себебі – жергілікті органдар мен ұйымдардың туризм саласымен тығыз байланыста жұмыс жасауында.

Бүгінде Астана шаһарында 132 туристік фирма жұмыс істейді. Елорданың халықаралық туристік нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін олар туристік көрмелерге белсенді қатысуда және үздіксіз шақырылуда. Мұны да астаналық компаниялардың туған қаласын насихаттауға қосқан үлесі деуге әбден келеді.

«Туризмнің ең табысты түрлерінің бірі – іссапарлық туризм. Мұндай туристердің 70 пайыздан астамы Астанада өтетін әртүрлі көрмелер мен конференцияларға, семинарларға қатысу мақсатында келеді. Яғни, қонақтардың көпшілігі біздің бас қаламызға іссапарлық мақсатта ат басын бұрады» дейді сала мамандары. Осы орайда айта кететін бір жайт, жаңа ғана айтқан ЕҚЫҰ Саммиті, VII қысқы Азия ойындары, жыл сайын өтетін Астана экономикалық форумы және Астана күні секілді түрлі халықаралық деңгейдегі ірі экономикалық, саяси, спорттық және мәдени шаралар туризмнің дамуына және елорда мәртебесінің артуына маңызды әсерін тигізеді. Ал 2017 жылы өтетін «ЕХРО» халықаралық мамандандырылған көрмесіне алыс-жақын шет мемлекеттерден 5 миллионға тарта мейман келмек.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

2013 жылғы арнайы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қалаға 687 239 турист келген екен. Оның ішіндегі 108,5 мыңы – алыс шет ел азаматтары. Бұған қарап, бір жыл ішінде елордаға табан тірейтін туристер санының 105 мың адамға, яғни, 16 пайызға өскенін көреміз. Былтыр қалаға келген адамдардың жалпы санын 2010 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 67,5 пайызға артқанын аңғарамыз.  

Елбасы «ЕХРО» көрмесін қуаттауда

Туризмнің басты талаптарының бірі – қонақүйлердің сапаға сай келуі, заман көшіне ілесуі. Қазіргі таңда Астана қаласында 161 қонақүй жұмыс істейді. Олардағы жатын орындар саны 8442-ге жеткен. Сонымен қатар, «люкс» санатындағы нөмірлер саны 744-ті құрайды. Ал бес жұлдызды қонақүйлер – 5, төрт жұлдызды – 11, үш жұлдызды 20 қонақүй бар екен. Бұл цифрлар алдағы үш жылда еселеп өсетініне сенімдіміз. Өйткені, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі елордада өтетін «ЕХРО» көрмесіне баса маңыз беріп, дайындық жұмыстарын жіті бақылауда. Халықаралық шараға орай туристерді мәртебесіне сай күтіп алатын мейманханалар мен мейрамханалардың қатарын көбейту қажеттігін де тапсырған Мемлекет басшысы.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Самат ҚАБДУЛИН, Астана қаласы туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Астана қаласы халықаралық туризмнің басты орталығына айналар күн алыс емес деп білемін. Себебі, елордадағы қазіргі жағдайдың өзі бұл сенімді күшейте түседі. Мен өз салам бойынша әңгімелейін, Астанада көптеген байрақты спорттық бәсекелер өтіп тұрады. Олардың қай-қайсысына да алыс-жақын шет елдерден келетін спортшылар көп-ақ. Қонақтардың көпшілігі отыз мың адамды құшағына сыйдыруға мүмкіндігі бар «Астана-арена» стадионына, «Алау» мұз айдынына, «Сарыарқа» республикалық велотрекке, басқа да спорттық нысандарымызға таңдай қағып, тамсанып кетеді. Статистикалық деректер елордаға ағылған меймандардың жыл санап артып келе жатқанын айғақтайды. Біле білсек, солардың дені спорттық шараларға қатысуға келеді. Енді халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесіне дайындық үстіндеміз. Бұл оқиға да Астана туризмінің салмағын арттырып, атымызды шартарапқа жаятынына сенімім зор.

Туристерді қабылдауда тамақтану орындарының көптеп болуы өте маңызды. Бұл тұрғыдан да бас шаһардың қызмет көрсетуі ойға қонымды. Айталық, Астанадағы мейрамханалардың қатары бүгінде 177-ге жетсе, осының барлығы бір мезетте 23000 адамды қабылдай алады. Ал 770 кафе-барымыз 28950 қонақ күте алады. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау да бұл саланың ілгерілеуіне септігін тигізуде.

Астанадағы туристік іспен айналысатын кәсіпкерлер өткен жылы 425,9 мың адамға қызмет көрсетіпті. Оның ішінде туристік фирмалар арқылы 56,3 мың адамға, жеке кәсіпкерлер арқылы 31,2 мың адамға қызмет ұсынылған.

Астанаға өткен жылы шет мемлекеттен келген 198,8 мың азаматтың басым бөлігі – ТМД аумағындағы елдердің тұрғындары. Нақтырақ айтсақ, 72,6 пайызы Ресей Федерациясынан, 11,5 пайызы Украинадан, 4,7 пайызы Өзбекстаннан, 2,4 пайызы Белоруссия елінен елордаға ат басын бұрған. Ал ТМД-дан өзге мемлекеттерден келген туристер санының басым бөлігі түркиялықтар екен. Қытайдан, АҚШ-тан, Германиядан және Ұлыбританиядан Қазақстанды көргісі келгендер де баршылық.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 8 =