Астана билігі таксиге мінеді

0 100

Қыркүйек айынан бастап Астана билігі тұтастай тек таксимен ғана жүреді. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс 37-сессиясында Қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғали Искалиев мәлімдеді.

Осы өзгерістің арқасында бюджет қаржысын 20 пайызға үнемдеуге болады. Болашақта бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін жетуі мүмкін. Үкіметтің шешіміне сәйкес, «Автошаруашылық-Астана» ЖШС биыл жекешелендіріліп, оның техникалық базасы әкімдік қарамағында қалмақ.
– Алдағы уақытта қалалық әкімдік мамандарын тасымалдауға жеке компаниялар қызмет көрсететіндіктен, осы күндері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде таксопарктермен келісімшартқа отырамыз. Қаладағы 12 таксопарктің төртеуі бізбен жұмыс іс­теу­ге ке­лісті. Олардың саны алдағы уақытта да артуы мүмкін. Көліктер «Astana taxi» бренді бойынша бе­зендірілетін болады. Бұл жоба 5 жылға жоспарланып отыр, – дейді Ғали Искалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, әр басқарманың ай сайынғы шығыны әртүрлі. Мысалы, кейбі­рінің шығыны 800 мың теңге болса, енді бірінікі 1,5 млн теңге көрінеді.
– Біз талдау жасаған кезде барлық басқарма мамандарының күнделікті жүру санын есептеп көрдік. Кейбір басқармалар көлікті күніне 4-5 рет қана пайдаланса, тағы бірі 20-30 рет жүреді екен. Орта есеппен бір басқармадағы екі көлікке 15 жүруден бөлінді. Қазіргі уақытта бұған бюджеттен айына шамамен 1 млн теңге жұмсалып жатыр. Ал таксидің бір жүруін 1000 теңге деп есептегенде, күніне 30 мың теңге болады. Оны 24 жұмыс күніне көбейткенде 720 мың теңге шығады. Жеке компаниялармен есеп айырысу ай сайын жүргізіліп отырады, – деді ол.
Әкімдік балансындағы барлық көліктер жергілікті билік қарамағындағы қалалық Ішкі істер департаменті мен мектеп, аурухана сияқты мекемелерге тапсырылады.
Жаңа жүйенің артық­шылығы такси қызметін тұтынған шенеуніктер көлік кептелісінде тұрып уақыт жоғалтпайды. Себебі «Astana taxi»-ге қоғамдық көліктерге арналған «Bus lane» жолағымен жүруге рұқсат берілген. Аталмыш жоба туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Асқар Амрин де өз ойын ортаға салды.
– Қолға алынып отыр­ған осы жоба үнемділік жағынан өте тиімді. Осының арқасында, біріншіден, миллиард теңгеден аса қаржы үнемделеді. Өйткені әр көліктің күнделікті жанар-жағармайы мен автобөлшек саймандары, жыл сайынғы салығы мен техникалық тексерісі тағы бар. Екіншіден, бұл – мемлекеттің саясаты. Яғни алдағы уақытта атқарушы билікке сервистік қызмет көрсететін барлық ұйым­дар жекешелендіріледі. Біз қазір автошаруашылық мекемесі туралы айтып отырмыз. Дегенмен қазіргі уақытта әкімдік қарамағындағы 100 көліктің жүргізушісін жұмыссыз қалдырмаймыз. Олар енді мектеп, аурухана сияқты мекемелерде жұмысын жалғастырады. Алайда келер жылдан бастап әкім­дікке қарасты мекемелер де біртіндеп сервистік келісімшарт жүйесіне көшеді, – деді Асқар Амрин.
Бұл жоба мәслихат сессиясынан бір күн бұрын өткен қоғамдық тыңдалымда да депутаттардың талқылауына ұсынылған болатын. Шенеуніктерді тасымалдауға қызмет көр­­сету жобасымен егжей-тег­жейлі танысып шыққан соң халық қалаулылары қала билігінің жаңа жү­йеге көшуі жөніндегі бас­тамаға көпшілік дауыспен қолдау білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =