«АСТАНА БАТЫРЫ» – ЧЕМПИОНДАР КЛУБЫ

0 188

cd9d6d84894d8fed307b4af53b0959bd

АСТАНА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ҚАЙ МЕКЕМЕНІ ЧЕМПИОНДАР ҰСТАХАНАСЫ ДЕП СҰРАСАҢЫЗ – «АСТАНА БАТЫРЫ» ЖЕКПЕ-ЖЕК КЛУБЫ ДЕП АЙТУҒА ӘБДЕН БОЛАДЫ.
АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТУРИЗМ, ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНАН ҚҰРЫЛҒАН «АСТАНА БАТЫРЫ» ЖЕКПЕ-ЖЕК КЛУБЫ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ ТЕК ҚАНА ЕЛОРДА СПОРТЫНЫҢ АБЫРОЙЫН КӨТЕРЕТІН СПОРТШЫЛАРДЫ ДАЯРЛАП ҚОЙМАЙ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТАРДА ҚАЗАҚСТАН НАМЫСЫН ҚОРҒАП ЖҮРГЕН САЙЫПҚЫРАНДАРДЫ ДА ӘЗІРЛЕЙТІН БІРДЕН-БІР СПОРТ МЕКЕМЕСІ БОЛЫП ОТЫР.

Тәжірибелі спорт маманы Әбдіғақар Абдрахманов басқаратын аталмыш клубта 11 спорт түрі бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Олардың ішіндегі алтауы олимпиадалық спорт түрлерін қамтыса, қалғандары ұлттық және басқа да жекпе-жек түрлері бойынша жаттығулар жүргізеді.
Қазір клубта 1000-нан астам спортшы тәрбиеленеді. Мұндағы жұмыстың негізі жасөспірімдерді шынықтыруға бағытталған, сонымен қатар жоғары дәрежедегі спортшыларды дайындауға аса маңыз беріледі. Осындағы бапкерлердің қол астында 6 Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 23 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 75 спорт шебері жаттығу жүргізеді. Бұлардың көпшілігі Қазақстан ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Мәселен, бокстан әлем чемпионы Данияр Елеусінов, Азия ойындарының жеңімпазы Ілияс Сүлейменов, бүгінде Рио-де-Жанейро олимпиадасына жолдама алып отырған Василий Левит, Мейірім Нұрсұлтанов, дзюдошылар Тимур Болат, ұлттық құраманың балуандары Досжан Картиков, Саятбек Оқасов, Алмат Кебісбаев, Нұрлан Бекжанов, Гюзель Манюрова, Татьяна Аманжол және басқа да белгілі спортшылар бар. Міне, осындай сайыпқырандарға қарап, еліктеп өскен балалар да келешекте ел намысын қорғайтын спортшы болуға құлшынып жаттығады.
Әрине, жақсы спортшы болу үшін білікті бапкерлер керек. Бұл ретте «Астана батыры» жекпе-жек клубы» МКҚК директоры Әдіғақар Абдрахманов әсерлеп әңгімелеп берді.
– Қай спортта болсын жеңістеріміз үшін алдымен бапкерлерге алғыс айтуымыз керек. Таланттың көзін ашатын да, жарысқа баптайтын да бапкер ғой. Сондықтан бапкердің шеберлігіне де аса мән беру керек деп ойлаймын. Бұл ретте біздің мекемеде жас спортшыларды тәрбиелеп жүрген бапкерлердің бәрін өз ісінің білікті бапкері деп бағалаймын. Атап айтсам, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары: бокстан Марат Елеусінов, Жанат және Марат Манашевтар, Ақылбек Нұрмағанбетов, грек-рим күресінен Рысбек Нұрғазин, Мейірхан Рахметов, ұлттық спорт түрі қазақ күресінен Ғалым Күлекешев, Ерлан Естек, самбодан Ағзам Назаров, Әбутәліп Сыздықов, кикбокстан Талип Фахрутдинов, Нүрболат Рысмағанбетов. Сонымен қатар грек-рим күресінен Олимпиада ойындары мен әлем біріншілігінде топ жарған Георгий Цурцумия, «Қазақстан барысы» турнирінің қола жүлдегері, әлем чемпионы Ғани Сейділдаев және халықаралық сайыстарда төрешілік етіп жүрген Ахат Аширов, Бауыржан Шадраймов, Айдын Сәрсекеев, Дәуренбек Шамыратов секілді жаттықтырушы мамандар бар.
Жалпы аталмыш клубта 58 оқытушы-бапкер жұмыс істейді. Олардың ішіндегі 31-і – жоғары дәрежелі мамандар.
Иә, мекеме басшысының сөзінде жан бар. Шынымен де, көбінесе жеңіске жеткен спортшыға айрықша марапат пен құрмет көрсетіп жатамыз. Ал сол спортшыны жұлдызға айналдырған бапкерді неге ұмытамыз? Сондықтан бапкердің де еңбегін бағалай білгеніміз жөн.
«Астана батыры» клубы соңғы жылдары елорда спортының жандануына айтарлықтай үлес қосып жүрген мекеме десек те жарасады. Жекпе-жек түрлері бойынша өткізілетін республика чемпионаттарынан ең көп жүлде алатын да осы клуб спортшылары болып отыр. Мәселен, бір ғана қазақ күресі спортын алсақ, биыл бірнеше ірі турнирлерден жүлде алынды. Атап айтқанда, осы клубтың қос балуаны Ғани Сейділдаев пен Айбат Сейтен елорда біріншілігінде ақтық белдесуге шықты. Ғани балуан «Қазақстан барысы» турнирінде қола медаль иеленіп, Елбасы қолынан жүлде алды. Ал жақында өткен Азия чемпионатында клубтас әріптесі Бақдәулет Сәбитов екеуі чемпион атанып келді. Сондай-ақ, күні кеше кикбоксшылар Азамат Туянашев пен Шыңғыс Тілемісов құрлық біріншілігінен алтын медаль әкелді.
Түптеп айтқанда, елорда спортының абыройын асқақтатып тұрған «Астана батыры» жекпе-жек клубының жеңісті дәстүрі үзілмей, жаңа белестерге өрлей берсін демекпіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 4 =