«Астана бас жоспары»: қаламен бірге өскен құрылым

0 130

Биыл «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты мекемесінің құрылғанына 20 жыл толды. Мекеме қызметкерлері жаңа елордамен бірге қалыптасып, бірге өсті. Қаланы жаңа мәрбесіне сай жобалау мүмкіндігі кез келген жобалау институтының еншісіне бұйыра бермейді. Бүгінгі таңда «Астана бас жоспары» нысанасында екі қала бар, бірі мемлекетіміздің астанасы – Нұр-Сұлтан шаһары болса, екіншісі жаңа облыс орталығы – Түркістан қаласы.
2000 жылдан бастау алған «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәрсембек ЖҮНІСОВ «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында институт тарихының бастауы мен келешек дамуы туралы жан-жақты баяндады.

– Сәрсембек Ендібайұлы, осындай маңызды жобалау институты өздігінен пайда болмағаны түсінікті. «Астана бас жоспарының» негізі қалай қаланып еді?

– Сонау кеңес дәуірі кезінен-ақ барлық кеңестік республикалардың астаналарында бас жоспар институттары болды: Мәскеуде, Минскіде, Киевте. Біз, «Алматыгенплан» мекемесінің қызметкерлері, жаңа астананы – сол кездегі Ақмола қаласын салу туралы жариялаған кезде, жаңа бас жоспар мен «Астана бас жоспары» институтын құру идеясын алға тарта бастадық. Біз мұндай қала құрылысы институты болмайынша, қаланы дамыту мүмкін еместігін жете түсіндік. Уақыт талабына сай болу үшін, сонымен қатар мұндай жедел қарқында даму үшін сүйемелдеуші күш міндетті түрде қажет еді. Алғашқы тұрғын үйлер құрылыстары басталды. Құрылыс алаңдары анықталып, орталық мемлекеттік органдарды көшіру үшін кеңсе ғимараттары қайта құрыла бастады. Ең алдымен 9-шағын аудан бой көтерді, кейіннен халық бұл ауданға «Жел ұшырған» деп ат қойды. Өйткені қаланың шетінде орналасқандықтан, үнемі жел улеп тұратын еді. Одан кейін «Самал» шағын ауданын салу басталды.
Біз бұл жерге 1996 жылы келдік, осында «Ақорда» жобалау компаниясы бірнеше жыл жұмыс істеді. Ол компанияны Алматыда КСРО халық сәулетшісі Қалдыбай Монтахаев, Баир Досмағамбетов пен ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембековтер құрған еді. Кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты құрылып, республиканың бас сәулетшісі, 1994 жылға дейін ҚР Құрылыс, тұрғын үй және аумаққа құрылыс салу министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Баир ­Досмағамбетов осы мекеменің тұңғыш директоры болып тағайындалды.

– Сіздер алғаш келген кезде Ақмола қаласы астана бола алатындығына сендіңіздер ме?

– Шынымды айтсам, сенген жоқпын. Алғаш рет мұнда 1995 жылдың желтоқсан айында табан тіредім. Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары Шәміл Нысанбаевпен бірге келген едік. Мен ол кезде Алматы қаласының Сәулет департаментінде қызмет ететінмін, бізді іссапарға жіберген еді. Әкімдікте астананы көшіру туралы алғашқы мәжіліс өтті, сонда Ақмола облысының бас сәулетшісі Василий Токсинмен және Ақмола қаласының бас сәулетшісі Владимир Гладкихпен бірлесіп жобалық материалдарды реттеу және екі алаң таңдау туралы тапсырма берілді. Біз «Есіл» (қазіргі Grand Park Esil) қонақ үйіне орналастық, қатты желдің кесірінен, тіпті, кірер есікті аша алмадық. Сонда «Астананы қандай жерге көшірмекшіміз» деген ой келген. Одан кейін ауа райы жағдайына байланысты біздің рейсіміз бірнеше мәрте ауыстырылды, әуежай шап-шағын, халық толып жүр, ине шаншар жер жоқ. Тіпті сол кезде өзіндік жобалауға кірісіп кеткенімізбен, мұндай ауа райы жағдайында астана салу мүмкін екендігіне ешкім сенген жоқ.

– Сіз елорданың орны осы екендігіне қашан сендіңіз?

– «Ақорда» жобалау компаниясының сәулетшілері ретінде жұмыс істеп жүріп, біз сол жақ жағалауға қарай жол тарттық, жазықтағы болашақ объектілер салынатын жерлерге жалаушалар тіктік, содан кейін болашақ құрылыс аумағының ауқымын биіктіктен шолу, жаңа әкімшілік орталықтың алғашқы өзек желілерін көру үшін тікұшақпен осы аумақтардың үстінен ұшып өттік. Содан кейін топографиясын жасап, барлық көшелерді жайғастыра бастадық. Біз әріптестерімізбен көшелерді жазықта әншейін жайғастыра беру мүмкін емес деп ойладық. «Дөңгелек алаң», «ҚазМұнайГаз» нысандарынан бастадық та әрі қарай жалғастыра бердік. Қуатты мемлекеттік, заңнамалық, қаржылық қолдау, әкімдердің, жобалаушылардың, құрылысшылардың жұдырықтай жұмылып, бірлесе жасаған жұмысы қиялдай болып көрінген жобаларды шындыққа айналдырды.

– Елорданың жаңа бас жоспарын атақты жапон сәулетшісі Кисё Курокава жобалады. Оның тұжырымдамасы қалай жүзеге асырылды?

– Бұл – ең басты идея, біз соны өзек етіп ұстанамыз. Бірақ Кисе Курокава қаланың мұндай қарқынмен өсетіндігін болжай алмады. Алғашқы жоба 640 мың тұрғынға шақталған, одан кейін 800 мыңға, кейін 1 млн., 1 млн. 200 мың тұрғын санына өзгерді, енді елорда мәслихаты 2019 жылғы 15 қарашада бекіткен Нұр-Сұлтан қаласының даму стратегиясында халық саны 2030 жылға қарай – 1,6 млн адам, 2040 жылға қарай – 2 млн адам, 2050 жылға қарай – 2,4 млн адам деп есептелгендігін ескере отырып, жаңа бас жоспар әзірлеу қажет болды. Бұл жай ғана цифрлар емес. Жайлы өмір сүру үшін, барлық аумақ пен инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның теңгерімді дамуын есептеу керек. Сондықтан бізге уақыттан ілгері жұмыс істеуге тура келді.

– Неліктен астананың алғашқы бас жоспарын әзірлеу мен беткеұстар нысандар салу шетелдік сәулетшілерге сеніп тапсырылды? Өз сәулетшілеріміздің қолынан келмес пе еді?

– Кеңестік қала құрылысы мектебі – әлемдегі үздіктердің бірі. Алайда жас тәуелсіз елдің жаңа астанасы үшін әлемдік тәжірибені қолданып, шетелдік сәулетшілермен бірлесе жұмыс істейтін бір серпіліс, жаңа астананың қарқынды дамуына жақсы старт қажет болды. Кисе Курокава – имидждік сәулетші, оның жобасы қайнар көз іспетті болды. Мысалы, Норман Фостер – тек атының өзі қаланың мәртебесін көтереді, Хан-Шатыр – оның жобасы немесе атақты итальян сәулетшісі Манфреди Николетти нағыз сәулет шедеврін – «Қазақстан» концерт залын жобалады. Ал бас жоспар дегеніміз – жергілікті мәселе. Қазіргі уақытта «Астана бас жоспарының» сәулетшілері де білікті мамандар, оларға еліміздің басқа өңірлерінен сұраныс түсе бастады. Мысалы, Данил Гарфулин, Әлібек Әбдірайы­мов, Қуат Бектемісов, Руслан Бапахин сынды сәулетшілер, инженер Алмас Сыздықов және дипломдарын қорғай салысымен біздің институтқа келген басқа да мамандар бүгінде белгілі қала құрылысшылары, олар қаланы бес саусағындай біледі және келешегін де айқын болжай алады. Жалпы алғанда, біздің мекемеде тез қарқынмен дамушы және миллиондық қалалардың бас жоспарын әзірлеуде сәтті тәжірибе жинақтаған шығармашыл сәулетшілер, инженерлер, экологтар мен экономистер ұжымы қалыптасты.
– Елорданың бас жоспарына қатысты не айтасыз? 20 жылда алғашқы бас жоспардан көп алшақтадық па?

– «Алшақтадық» дегеніміз дұрыс емес. Біз даму үстіндеміз ғой. Орталықтан жаңа алаңға қарай алыстап бара жатырмыз. Біз құрылыс тығыздығын ұлғайтуға қатысты уақыт талабын ескереміз, сондықтан болашақта кейбір жеке тұрғын үй құрылысы аудандарында көпқабатты үйлер салынады. Соған қарағанда, біз 20 жыл бұрын жеткілікті аумақтық шекараны – 80 мың гектар жерді белгілеп, дұрыс жасағанымызға көз жеткіздік.
Шаһар жедел қарқынмен өсіп келе жатқандығын түсінуіміз қажет. 2017 жылы біз қала аумағын игеруді түбегейлі өзгертуді ұсындық. 2020 жылға дейінгі келешекпен қала аумағын 2023 жылға дейін игеру шекарасы белгіленді. Бұл – кепілді түрде инженерлік және көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін аумақ. Болжам бойынша 2050 жылға дейін астана халқының саны 2 млн адамға жақындайды. Мәңгілік ел, Мыңжылдық аллеясы, Тұран даңғылы аудандарының құрылыс қарқынын бәсеңдетпестен, жаңа объектілер құрылысының ауырлық орталығын қаланың оң жағалау бөлігіне ауыстыру ұсынылды.

– Қала айналасындағы Ильинка, Жібек жолы, Талапкер, Қосшы кенттері елорда аумағына енгізіле ме? Енгізілсе, қашан?


– Бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Бірақ Ақмола облысымен бірлескен жоба бар, өйткені біз еңбек қатынасы, көші-қон және экономикалық тұрғыда тығыз байланыстамыз. Бір-бірімізге көмектесе аламыз және көмектесуге тиістіміз. Облыс қалаға, қала облысқа қарайласуы қажет. Шаһар айналасындағы аумақ ауыл шаруашылығына мамандануы тарихи тұрғыда қалыптасқан, сондықтан азық-түлік белдеуі тиімді болуы үшін, бұл байланыстарды әрі қарай дамыту қажет. Контрмагнит қалалар мен индустриалдық аймақтар құру қарастырылған, бұл қала халқы санының артуынан және сыртқы көші-қон ағынын өзіне тартудан құтқарады.
Ақмола облысының кенттерін Нұр-Сұлтан қаласына қосу бас жоспар тұрғысынан әзірге қарас­тырылған жоқ.

– Белсенділер мен экологтар кіші Талдыкөл көлін құрғатуға қатысты мәселені көтеруде. Бұл су бөгені астананың бас жоспарында бар ма?

– Бас жоспарда Кіші Талдыкөл мен Үлкен Талдыкөл көл ретінде көрсетілген. Әрі қарай қалай болатындығы жаңа бас жоспарды әзірлеу нәтижелеріне байланыс­ты көрінетін болады. Жобалау жұмыстары күздің соңына қарай басталып, келесі жылы жалғасын табады.

– Ал Абу-Даби Плазадан бастау алатын желілік саябақ туралы не айтасыз? Ол бас жоспарда бар ма?
– Бар. Жалпы, желілік саябақтар құру эстетикалық мәселелерді шешу үшін ғана емес, мегаполис­тердегі экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсарту үшін де маңызды. Бұл – нысандар арасындағы саябақ. Сарайшық көшесінен ЭКСПО-ға дейін: Сыртқы істер министрлігінің ғимараты, Бәйтерек, Қорғаныс министрлігінің ғимараты, Абу-Даби Плаза. Одан кейін нүкте нысаны болуы керек – алдымен қала әкімдігінің ғимараты ретінде жоспарланды, бірақ кейіннен бас тартты. Бірақ мұнда қандай да бір қоғамдық нысан болуы керек. Содан кейін – Қобыз сарайы, одан кейін желілік саябақ Ботаникалық баққа, әрі қарай – «Астана Балет» театры мен ЭКСПО кешеніне өтуі қажет. Бас жоспар бойынша Түркістан көшесінің батысы мен Ақмешіт көшесінің шығысына қарай орналасқан Абу-Даби Плазадан басталатын аумақтың негізгі нысаналы мақсаты – Желілік саябақ.

– Елорда тұрғындары астананың сол жағалауындағы құрылыстың жоспарлануын сынға алады. Инфрақұрылым әлсіз, шамасы жетпейді дегенді айтады. Бұл неліктен деп ойлайсыз?

– Барлық есеп-қисап алдын ала жасалады, құжатттары дайын­далады. Алайда кейде игеруге қатысты кешеуілдейді. Бірақ та барлық диметрлер, қуаттылығы ерте анықталған. Сонымен қатар, бас жоспарда жоспарланбаған «ақ нүктелер құрылысы» да кері әсерін тигізбей қоймайды.

– «Нұрлы жол» вокзалына қарай ен жазықта неге соншалықты кең көшелер төселгендігі де қалалықтарды қызықтырмай қоймады?

– Таяу жылдарда онда «Қазақ елі» монументінен басталатын «Мыңжылдық аллеясы» салынады. Онда 200 мыңнан аса тұрғын өмір сүреді деп болжанып отыр. Сондықтан онда 13 мектеп пен 45 балабақша, 2 емхана, 3 медицина орталығының құрылысы қарастырылған. Алаңды игеруге дайындап жатыр. Вокзал маңында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қалалықтардың көзіне түсіп жүрген алаңқайларға да сүру жұмыстары аяқталып, саяжайлар сатып алынысымен, кешікпей құрылыс түсе бастайды. Ал желілер мен жолдар құрылысы аяқталып қалды деуге болады.

– Қай қаланың бас жоспары «ең жас» жоспар?

– «Ең жас» бас жоспар – екі жыл бұрын ғана облыс орталығына айналған Түркістан қаласы. Біз халықаралық сәулет конкурсында жеңімпаз болып, бас жоспар жобасын әзірледік, Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алдық. Қазір қаланы дамыту мен құрылысын салудың стратегиялық жоспары ретінде Түркістан қаласының бас жоспарын бекіту кезеңі жүріп жатыр. Алайда құрылыс та қатар жүріп жатыр. Бұл шаһардың халқын 2050 жылға дейін 500 мың болады деп анықтадық, қазіргі уақыттағы халық саны – 160 мың. Онда тарихи орталық сақталады, жаңа әкімшілік орталық салынады. Қаланың жаңа бөлігі өте айшықты болып бой көтеріп келеді. Түркістанның орталық объектісі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ол айнала желімен дамиды. Ғибадат нысанының айналасындағы құрылым түгелге дерлік сақталады.
Сәулеті «ескіше», материалы заманауи, түркі мәдениетінің нақышымен салынады. Тарихи, бір-екі қабатты ғимараттар. Шетелдік сәулетшілерге қатысты сіздің сауалыңызға қайта оралсам, Түркістанның бас жоспарын әзірлеуге тек қазақстандық сәулетшілер ғана тартылғандығын мақтанышпен айта аламын.

– «Астана бас жоспары» елордамен бірге жасасты. 20 жыл ішінде кәсіпорын қалай өзгерді?

– Бұрын қалалардың бас жоспарын жоспарлаудың барлық құрылымы Алматыда ғана орналасатын. Сондықтан Алматыда тұрмайтын мамандардың үлкен қала құрылысы жобаларына қатысатын мүмкіндігі жоқ еді. Қазір жағдай өзгерді, «Астана бас жоспарының» мамандары елордада ғана емес, бүкіл республика бойынша ең көп сұранысқа ие мамандар болып отыр. 20 жылдың ішінде олар кәсіби, тәжірибелі, кемел сәулетші-қала құрылысшылары болды деп сеніммен айта аламын. Осы жылдар бойы «Астана бас жоспары» сынағынан 1400 маман – сәулетшілер, инженерлер, экологтар, экономистер және т.б. өтті. Олар қазір республиканың барлық өңірлерінде қызмет атқарады. «Астана бас жоспары» сәулет және қала құрылысы саласындағы кадрларды шыңдайтын ұстаханаға айналды деп айтуға болады.

– Ал институттың қызмет тұжырымдамасы өзгерді ме?

– Іс жүзінде ештеңе өзгерген жоқ, бұны былайша түсіндіруге болады. «Астана бас жоспары» қала құрылысы, инженерлік, экономикалық және экологиялық бағыттарда қаланың даму келешегін анықтайды. Халық санының өсуін, қала құрылысының игерілу қарқынын, тұрғын үй мен қоғамдық объектілердің құрылысын ескере отырып, біз инженерлік-көлік инфрақұрылымының шығу көздерінің қуаттылығын, желілердің ұзындығын, диаметрін, «бас» құрылымдардың қажеттілігін, магистральдық, қалалық және аудандық көшелерді дамыту параметрлерін алдын ала анықтаймыз. Одан кейін нарықтағы барлық басқа инженерлік, сәулеттік, қала құрылысын жобалаушы фирмалар әрі қарай жобалап, жүзеге асырады. Біз де барлық жобалаушы компаниялар сияқты бәсекелі нарықтық ортада жұмыс істейміз.

– Сәулетші мамандығы өзекті ме?

– Өте өзекті. Жастар қазір өте ақылды және талантты. Әрине, кәсіби тұрғыда өсу үшін уақыт пен «жанды» жұмыс қажет. Біз ұстаз ретінде оларға күрделі объектілерді мақсатты түрде сеніп тапсырамыз. Алғаш қадам басқан сәбилердей қараймыз. Бір рет сүрінеді, екінші рет сүрінеді, үшінші рет тұрады да жүгіріп кетеді.

– «Астана бас жоспарынан» тәжірибе алу үшін келгендер болды ма?

– Иә, әрине. Астананы көшіру немесе тіпті муниципалды қаланы көшіру мәселесін қарастырып жатқан әртүрлі елдерден келушілер болды. Мысалы, Египеттен, Үндістаннан, Монғолиядан сондай сапарлар жасалды. Үндістаннан келгендер штаттардың біріндегі 50 млн тұрғыны бар орталықты көшіруді қалайды. Монғолиядан келгендер ел астанасын Ұлан-Батыр қаласынан көшіргісі келеді. Индонезияда астанасын Джакарта қаласынан Калимантан аралының оңтүстік-шығыс бөлігіне көшірмекші. Олардың барлығын қала мәртебесі өзгертіліп, жаңа функция­лар туындаған кездегі облыстың немесе елдің саяси, экономикалық, қаржылық өмірінің орталығын өзгерте отырып, келешекке қала құрылысын жобалау тәжірибесі қызықтырады. Бәріне біздің есігіміз ашық.

– Келесі кезекте Қазақстанның қай қаласының жаңа бас жоспары әзірленуі мүмкін?

– Менің ойыма екі қала оралады: Шымкент және Ақтөбе. Өйткені Шымкент «миллиондық» қала болды, ал Ақтөбе төртінші «миллиондық» қала болуы мүмкін. Шымкент бұрын облыс орталығы болса, енді республикалық маңызы бар дербес қалаға айналды. Бұл – мүлдем басқа дәреже.

– Кәсіби тұрғыдан сіздің арманыңыз бар ма әлде барлық арманыңыз орындалып үлгерді ме?

– Жоқ, әрине, бәрі орындалды демеймін. Қазіргі сәттегі арманым – елорданың 2035 жылға дейінгі және 2050 жылға дейінгі келешекке бас жоспарын жасау. Міне, ескі бас жоспарға қарап отырып, қай жерде коммуникациялық желілерді күшейту қажеттігін, қай жерге көшелер салу қажет екенін, қай жерде тұрақ аймағы ақсап тұрғанын көресің. Ойға алған идея көп, бас жоспарды түгелге жуық фломастермен шимайлап тастадым. Дұрыс толықтыру – басты мақсат.

– 20 жылдан кейінгі астананы қалай елестете аласыз?

– Елорданы келешекте 2 миллионға жуық тұрғыны бар қала ретінде көремін. Инфрақұрылымы дамыған, сансыз көп үлкен және шағын бизнес. Қала ұлғайған сайын қызмет көрсету саласы да дами түседі. «Астана бас жоспары» да сабақтастықты сақтай отырып, жинақталған тәжірибенің арқасында жаңа сапалы деңгейде дамиды. Кейбір кемелденген мамандар «нарыққа» кететін тәрізді сезіледі. Талантты сәулетшілердің өз коммерциялық жобалау бюроларын құруы – заңдылық. Әлемдік тәжірибе солай.
«Астана бас жоспарында» қызмет ететін мамандар жаңа астананың жобасын әзірледі және оны іске асырды. Ол қағаз жүзінде қалып қойған жоқ. Қаланың барлық жаңа бөлігін біздің қызметкерлер жобалады. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда қайтадан салынып біткен 2 қала ғана бар, оның екеуін де «Астана бас жоспарының» мамандары жобалады. Жаңа қала салу – сәулетшінің кәсіби арманы ғой.
Біз әріптестермен үнемі байланыстамыз. Мәскеу бас жоспары институтымен, «Минскградомен», «Киевгенпландағы» әріптестермен тәжірибе алмасамыз. Сингапур, Малайзия, Прибалтика және басқа да елдердің сәулетшілерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Атақты француз сәулетшісі, 2008 жылғы Притцкер премиясының иегері Жан Нувелмен тұрақты байланыстамыз, әрі қарай бірге жұмыс жасау туралы меморандумға қол қойдық. Яғни, «сен тимесең, мен тимен» деп оқшау жату бізге жат. Біздің мамандар – штаб-пәтері Парижде орналасқан Халықаралық сәулет академиясының мүшесі. Біздің жастар – осы Академияның профессорлары. Ең бастысы, біз жас қызметкерлерге шығармашылық қиялында самғауды ұсынамыз. «Мен бастықпын, менің айтқаным – заң» деген қағида жоқ. Біз барлығымыз сәулетшілерміз, инженерлерміз, басқа да жобалаушы мамандармыз, шығармашылық таласта ғана ақиқат туындайды. Сенсеңіз, тез қарқынмен өсіп, өзгеретін, басымдықтары көп қаланы жобалау оңай емес, өз жобаңды өз қолыңмен «жойып», құрылыс тез қарқынмен жүруі үшін, қаланың инвестициялық тартымдылығының артуы, қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігі, қоғамдық мүдделердің ескерілуі бірінші орында болуы үшін жобаны түзетуге тура келетін кездер болады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Дайындаған  Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + one =