«Астана балет» – Көкшеде

0 28

«Астана Балет» театрының Көкшетаудағы гастрольдік сапары табысты өтті. «Көкшетау» мәдениет сарайында астаналық ұжым «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисменті мен «A Fuego Lento» неоклассикалық балетін көрсетті.Театрды әйгілеп тұрған «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы балетмейстерлер Айгүл Тәти, Мукарам Авахри, Анвара Садықовалардың – Қазақстанның заманауи және ұлттық хореография өнерінің үздік үлгілерінен құралған авторлық интерпретациясы. Көкейге қонар музыка мен қайталанбас көркем бейнелер дүниежүзінің көрерменін тамсандырып, жүрегін әлдилеген. Бидің әр қимылы – әсемдік, нәзіктік, сан-қырлылық, ұлылықтың үлгісіндей. «Театр – әртістер мен көрермен қауым арасындағы қуат алмасу үрдісі. Өнердің басты мұраты – түсінікті, ұғынықты болу, көрермен ілтипатына бөлену. Гастроль жоғары деңгейде өткенін атап өткім келеді. Көкшетаулық көрермен спектакльдерді жылы қабылдап, әртістерге қошеметін білдіріп жатты» деп атап өтті театр директоры Александр Совостьянов.
«Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахридің айтуынша, «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы театрдың Қазақстан мен шет елдердегі барлық гастрольдерінде міндетті түрде көрсетіледі. Көрермен қауым да оны зор ықыласпен қабылдайды. Бұл – қазақ фольклоры мен заманауи және неоклассикалық балеттің синтезі іспетті дүние.
Екінші бөлімде бразилиялық хореограф Рикардо Амаранте қойған «A Fuego Lento» («Баяу жалын») балеті көрсетілді. Костюмдерінде минимализм басым, эмоциялары барынша ашық, ал, ең бастысы – әртістердің орындаушылық шеберлігі. Сезім мен көңіл-күйдің сан қатпарын жеткізе білген әртістер, көрермен қауым үшін тың бейнелер мен жаңа белестерді ашқан тәрізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 10 =