«Астана» асығар емес
Футболдан ел біріншілігінің 30-турында «Астана» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасымен кездесті.
Чемпиондықтың есігін қағып тұрған елордалықтар бұл жолы қонақтардың «қалтасын» түгел қақпай, бір ұпай ғана алып қалды. Тең аяқталған ойын голсыз болмады. Алайда ойынның көрігін қыздырған қиып алып қарайтын сәттер – тек екінші таймның еншісінде.
Есепті алдымен алаң иелері ашты. 54-минутта Марин Томасовтың айып алаңының сыртынан аңыратып тепкен добы тоғыздыққа топ ете қалды. Бұл голға «Ордабасы» көп ұзамай, араға төрт минут салып жауап берді. Бұған қонағын сыйлаған «Астананың» қақпашысы Александр Мокин «көмектесті». Ол Антонио Рукавинадан кейін қайтқан допты алысқа аттандырамын деп жаза басты. Дәлірек айтқанда, Мокиннің тепкен добына Жасұлан Молдақараев аяғын тоса салып еді, онысы бос жатқан тордан орын тапты. Сөйтіп таразы басы теңесті. Және бұл есеп ойын соңына дейін өзгеріссіз қалды.
Сонымен, чемпиондыққа асықпаған «Астана» турнир кестесіндегі қоржынына бір ұпай салып, 71 етті. Оның босаңсығанын пайдаланып, қуып жетуге Алматының «Қайраты» да аса құлықты бола қоймады. «Қайрат» өз жерінде Қостанайдың «Тобылымен» ойнап, кездесу голсыз аяқталды. Қалған ойындарға да көз жүгіртіп өтсек, «Ертіс» «Қайсардан» 0:1, «Шахтер» «Ақтөбеден» 0:1 есебімен ұтылды. Ал «Атырау» «Ақжайықты» 2:1 есебімен жеңсе, «Қызылжар» мен «Жетісу» 1:1 есебімен тең тарқасты.