АСТАНА АРМАНЫНА СЕНЕДI

0 115

1c87499bfba028aa9e062b38df8a2db7

Дәстүрлі «Қазақстан барысы» турнирінің кезекті маусымы да келіп жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылар 29-маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде боз кілемге шығады. Әр өңірден қос-қосымен жеткен қазақ күресімен айналысушы палуандар биылғы бас жүлдені өзара сарапқа салатын болады.

Ұлт Көшбасшысы, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінің ұйымдастырушылары биылғы финалдық сыннан бес балуанның шеттетілгенін ресми түрде мәлімдеді.

Жарысқа қатысу ережесін бұзғаны үшін Қостанай облысында өткен ІІІ іріктеу кезеңінің жеңімпазы Ғабит Балғынбаев финалға қатысу құқығынан айырылды. Регламенттегі ережеге сәйкес, турнирдегі әрбір балуан міндетті түрде іріктеу жарысындағы барлық кезеңге қатысуы тиіс. Ал аталған палуан жарысқа жарты жолдан қосылған екен. Сонымен қатар, Балғынбаевтың бас қаламызда тіркеуде тұрмаса да, Астана қаласындағы іріктеу кезеңдеріне қатысқаны анықталды. Бұдан бөлек, осындай себептерге байланысты Михаил Твердохлебов (Қостанай облысы), Нұрғали Байтарақов (Астана қаласы), Манас Иманқұлов (Маңғыстау облысы) және Дамир Қалақов (Батыс Қазақстан облысы) есімді палуандар да биылғы финалдан сырт қалады. Биылғы турнирде осылайша 33 палуанның 28-і бақ сынайды.
Турнирге Астана қаласының атынан 120 келілік Арман Әбеуов қатысады. Оның бойы – 190 см. Турнир аясында «Малайсары» деген бүркеншік атпен өнер көрсететін Арман 30 маусым күні 32 жасқа толады.

Қазақ күресінің болашағына сенетін ағайын қашанда палуандарды қолдап-қолпаштап отырған. Тіпті басқа спорт түрлерінің басшылары да өз қатарларынан қазақша күрестің жілігін шағып, майын ішкен жігіттерді көргісі келетінін байқап жүрміз. Солардың бірі – Джиу-джитсу федерациясы мен Қазақстанның ММА президентi Анатолий Ким. Оның айтуынша, ММА спортында Қазақстан құрамасы ауыр салмақтағы спортшылардан тапшылық көрiп отыр.

«Олардың саны соншалықты көп емес. «Қазақстан Барысы» жобасына қатысушы жiгiттер бізге қызығушылық танытса, ешқашан қарсы болмаймын. ММА бiздiң палуандарымызға жол ашады. Мықты палуандар Қазақстанда жеткiлiктi, адами ресурстар өте жақсы, спорттық база бар. Бiз осындай чемпиондарымыздан қаражатымызды аямаймыз. Болашақта Федор Емельяненко сынды әлемдiк деңгейдегi ұлттық батырлар шығады деп есептеймiз» дедi Анатолий Ким.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 13 =