«Астана ақшамы» – несін емес, қайсысын айтарымды білмейтіндей тақырыбым

0 30

Отанымыздың жүрегіне баланған елордамызға келгенде бірінші аттаған табалдырығым бүгінде отыз жылдығына жетіп отырған «Астана ақшамы» еді. Сондықтан бұл мекеме, бұл ұжым мен үшін әрқашан ыстық көрінеді.

Біле білсек, әр мекеме – бір-бір мемлекет. Белгілі мәтелдегідей «шағын мемлекет». Оны басқару мүмкіндігін иеленген адам қызметкерлерінің бүкіл жағдайына, көңіл-күйіне алаңдаулы, жауапты болуы тиіс деп ойладық. Әлі сол ойдамыз. Үміттенуімізше, бұл ұстаным жадағай, жайдақ қана максимализмен туындап жүрген жоқ.
Өз басым санамда кейінірек аяулы ұғымға айналып кеткен «Астана ақшамына» әдепкіде корректор қызметін атқару үшін қабылдандым. Үтір, нүкте секілді ұсақ-түйекті қырағылықпен түгендеп көрінсек керек, басшылық көп ұзатпай ілгерілете берді. Толайым тәрбие, тәжірибе мектебінен өткенімді ылайым құрмет тұтам. Бүгін, міне, елорданың мемлекет тіліндегі газетінің экс-редакторлары сапында лебіз білдіру мәртебесіндеміз. Жөні түзу қазақ мұндайда «Тәубе» дер. Мың тәубе!
«Астана ақшамы» – несін емес, қайсысын айтарымды білмейтіндей толқынысты, толыққанды тақырыбым. Соған қарамастан, сөзімді ептеп-шектеп ұсынып отырмын.
Бірінші. Газет шыға бастағалы қанша уақыт өтсе де бүтінделгенін ескеріп, өткен күндеріне шолу жасау – көшелі көзқарас. Әлбетте, кімнен, неден, қайдан, қалай басталғанын, қайда, кімдермен, қашан өткізгенін саралау қай жаққа, не үшін бара жатқанын байыптау үшін маңызды. Редакция басшылығы, алқасы осы ретте біздің де пікір айтуымызды жөн деп ұйғарғанына алғыс білдіремін. Алдағы барша істері игілікті болуына шынайы тілектеспін.
Екінші. Жер-әлемге жоқтан от ойлап табуға тиіс адамзаттық маңызды шаруа болмаса да, астаналық мемлекеттік басылымның директор-бас редакторы қызметіне та­ғайындалған тұста әжептәуір жас едік. Ол туралы әредік өзіміз естіп қап жүретінбіз. Мәселен, саналы түрде ерекше жақсы көретін саламыз математиканың айтулы ақсақалы, академик Мұхтарбай Өтелбаевқа сол кезде арнайы сәлем бере бардық: «Оказывается, ты же ещё молодой. Тарт алға!» деп жымиғаны құлағымыздың түбінде, жанарымыздың жадында тұр. Дәл қазіргідей. Ендеше соншалық «молодойлығымызға» мән бермей, сенім білдірген азаматтарға, тәуекел-сенім артқан азаматтарға алғыс білдіремін. Сол сенім біз үшін қашанда қамшыдай үйіріліп келеді. «Содан жаман болды» десе, ауыз күйсін.
Біздің бар бастамамызға қолдау көрсетіп, демеуші болып жүрген, ақылшы-кеңесші болып жүрген басшылығымызға айырықша ілтипат көрсету – парызымыз. Ал ұсыныс-бастама дегеніміз, Құдайға шүкір, жайымызға қарамай, біраз айтылған сияқтанады…
Үшінші. Басшысы болсын, басқасы болсын, қоғамға араласқан әр азамат өз үйінен жырақ әрі ояу уақытының көбін жұмыс орнында өткізеді. Сондықтан әлгі бір таныс анекдоттағы секілді «Кіммен бақыттысың, анықтап, біліп кел?!» дегендей нұсқау-сұрақ туындай қалса, әріптес атау­лы тізімнің соңында қалмағаны ләзім. Өз басымыз «Астана ақшамында» солай болуына мейлінше маңыз беруге тырыстық. Осынау ойымызды жете ұғынған, ұдайы қолдауға пейілденген қызметтестеріме алғысым шексіз. Олар кімдер еді? Олар ыңғай бір ығай да сығай, маза қашырар фамилиялар емес. Олар – профессионалдар еді. Тегінде «профессионал» ұғымына сипаттаманың тіптен қажеті жоқ. Ал астаналық газеттестерім шығармашыл, жасампаз, жалынды, зиялы, арқалы ағайындар екенін қоса айтқаным абзал.
Күнделікті жұмысты мейрам сынды қабылдаудан, мерекедегідей ләззат алудан қашпадық-ау деймін. Өйткені ол жай ғана өтіп жатқан уақыт, сәттер емес қой, ол – әрқайсымыздың мынау жалған жүзіндегі қайталанбас ғұмырымыз. Әлбетте, күн сайын мереке жасаймыз деп жүріп, ойыңа келгенді істеп, ауа жайылып кету керек деген түсініктен мүлдем аулақ болдық. Жұмыс – жұмыс! Тек ықылас зор болуға тиіс деген сөз. Осындайын корпоративтік көңіл-күйді демеп ұстауымыз­ға әріптестерімнің жоғарыда аталғандай және одан тыс та қаншама адами-игі қасиеттері септескеніне қуаныштымын. Қайда, қалай жүрсек те, ауыз толтыра айта жүруге бармын, қадірмендерім менің!
«Астана ақшамының» діңгегі зорая бергей!

Ерболат ҚАМЕН,
«Egemen Qazaqstan»
РГ АҚ Басқарма
төрағасының орынбасары,
«Астана ақшамы»
газетінің Бас редакторы
(2012-2015 жылдар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 15 =