«АСТАНА АҚШАМЫ» АЛҚАЛАҒАН ҮЗДІКТЕР

0 166

Әр адамның жақын тартатын адамдары болады. Сол сияқты, біздің газет ұжымының да жүрегіне жақын жандары мен жанашыр оқырмандары бар. Өткен жылға көз жіберіп, күнтізбелік Жаңа жылдың алдында сол азаматтарымызды және газет журналистерімен қоян-қолтық жұмыс істейтін мекемелерді атап өткенді жөн көрдік. Бұл жазбамыз сол азаматтарға деген «Астана ақшамының» алғысы деп білгейсіздер, құрметті оқырман!

 

  

Белсенді басқармалар

madeniet baskarmasi

Астана қаласының жиырмадан астам басқармасы бар. Олардың ішінде журналис­термен тығыз жұмыс істейтіндері саусақпен санарлық. Көпшілігі баспасөз өкілдерімен жұмыс істеуге онша ынта білдіре қоймайды. Бәзбір басқармалардың «аузынан» ақпаратты зорға аласың. Атқарылған жұмыстарын көрсету, халыққа жеткізу басқармалардың өздеріне де тиімді емес пе? Әлде, көрсете қоятындай жұмыстары мардымсыз ба? Мүмкін, танымал болсақ, тіл тиіп кетеді деп қорқатын шығар? Не десек те, басқармалардың ақпарат құралдары өкілдері десе, неге ат-тонын ала қашатынын түсінбедік.

Ал, енді газетіміздің тілшілерімен белсенді жұмыс істейтін басқармаларды атасақ. Ойға алдымен оралатыны – Мәдениет басқармасы. Бұл мекеменің қызметкерлерін былай қойғанда, басшыларының өзі бәлсініп жатпайды. Қаланың мәдениетіне, өнеріне қатысты ақпаратты тас-түйін етеді. Тілдерді дамыту басқармасы да бұл жағынан жомарт. Сондай-ақ, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы да қолдарынан келгенше ашық болуға тырысады. Айтпақшы, Алма Алтыбаева басқаратын басқарма қазақша сөйлеп, тұтқаны көтеретін қаладағы екі-ақ басқарманың бірі екендігін де айтып қояйық.

 

Ақтаңгер авторлар

IMG_3095

Газетімізге ұсыныс-тілектерін жазып, материалдарын ұсынып жататын авторларымыз жетерлік. Соның ішінде ұжым болып материал жазатындар бар. Айталық, Бүркіт Аяған бастаған Мемлекет тарихы институтының Амангелді Қашқымбаев, Күлпаш Ілиясова, Жабай Қалиев, Сейтқали Дүйсен, Құндызай Ерімбетова, Қанат Еңсенов, Жандос Жақсыгелдинов сынды ғалымдардың әрқайсысы бір жылдың ішінде бірталай қомақты дүниелерді жазып тастапы. Бұл институт ұжымы газет тарапынан жіберілген сауалдарға да жылдам жауап беретін авторлардың қатарында.

Ал тарихқа, әдебиетке, ұлтқа, саясатқа қатысты жазған толғақты дүниелері елдің аузында жүрген Әнес Сарай, Қонысбай Әбіл, Айгүл Кемелбаева, Ерлан Оспан, Өтен Ахмет, Табыл Құлыяс сынды ой-танымы терең авторларымыздан алдағы уақытта да жақұт жазбалар күтеміз.

 

Газетіміздің жанашырлары мен жазылушылары

IMG_3791

Мемлекеттік тілдегі газеттерге оқырман жаздырту оңай шаруа емес. Оның бір себебі – орыс тілділердің көптігі болса керек. Бірақ, ана тілімізде шығатын үнпараққа қамқорлық көрсетіп, жүздеген адамды оқырман етіп беретін демеушілерден де, газетке жазылушы ұжымнан да кенде емеспіз. Өз қалтасынан да қаржы шығарып, бірталай адамды оқырмен етіп беруді дәстүрге айналдырғандар бар. Мысалы, Сәдуақас қажы Ғылмани мешіті, Кедендік бақылау департаменті, Астана халықаралық әуежайы, Мырзабек Күжім басқаратын Қазтұтынуодағының сауда-эко­номикалық колледжі, Гуманитарлық колледж, «Жолаушыларды тасымалдау орталығы» ЖШС сынды мекеме-ұйымдар ұжым болып газетімізге жазылса, «Шеврон» мұнай-газ компаниясының бұқарамен және үкіметпен байланыс бөлімінің директоры Еркін Зекібаев, жеке кәсіпкер Азат Кәрім, Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов сынды азаматтар өз қалтасынан зиялы қауым өкілдері мен соғыс ардагерлерін, зейнеткерлерді бізге оқырман етіп берді. Оларға да алғысымыз шексіз.

 

Бетіңді қайтармайтын баспасөз хатшысы

ГУЛЗАДА

Кез келген мекемеде журналистермен жұмыс істейтін баспасөз хатшысы болады. Кейбіреулер бұл міндетті ішкі саясат қызметіне жүктеп қойған. Мекеменің қоғам алдындағы ашықтығы мен жариялылығы осы қызметкерге тікелей байланысты. Тіпті, баспасөз хатшысының бір ауыз сөз ақпаратынан сол мекеменің қаншалықты жұмыс істеп жатқанын аңғаруға болады. Кейбір кәнігі хатшылар өзі қызмет ететін мекеменің «жамандығын жасырып, жақсылығын асырып» жататынын көзіміз көріп жүр. Біздің астаналық баспасөз хатшылардың ішінде ең үздігі әрі белсендісі деп Сарыарқа ауданының әкімдігі Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлзада Смайылованы атар едік. Қашан көрсең өз ауданы үшін шыр-пыр болып, жүгіріп жүретін Гүлзаданың белсенділігіне өзіміз тәнтіміз. Баспасөз хатшылардың ішінде кісімсініп, өздерін «өзгеше» сезінетіндері бар. Олардың аузынан бір ақпарат алғанша, хат жазып, оны апталап күтіп, жүйкең жұқарып бітеді. Ал, Гүлзадамен тіл табысу оңай. Сұраған ақпаратыңды дереу тауып береді. Оның сөйлеген сөзінен, қазақы мінезінен ұлтжандылығы айқын сезіліп тұрады. Өзі Сарыарқа ауданынан табан аудармай жұмыс істегеніне 10 жылдан асыпты. Жаны жайсаң Гүлзаданың жылы қабағы үшін кейде Сарыарқа ауданын жамандыққа қимайтынымыз бар. Мерейің өсе берсін, Гүлзада Жүсіпбекқызы!

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =