АСТАНА — ӘН АРҚАУЫ

0 164

10 желтоқсан – ел астанасы Алатау баурайынан Арқа төсіне көшкен күн. Осынау айтулы оқиғаға байланысты кеше Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты концерт өтті. Алқалы әлеуметпен бірге, концертке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, отандық өнер майталмандарының Астанаға арнаған ән шашуын тамашалады.

Астаналық ағайын алдында қала әкімі сөз сөйлеп, барша жұртты айтулы мерекемен құттықтады.
– Аса қадірлі Елбасы! Сіздің қай шешіміңіз болмасын түбінде алысты болжайтын, асып-сасуды көтермейтін ерекше көрегендік жатыр, – дейді ағынан жарылып.
– Бүгін, міне, бүкіл ұрпақтың бағы болған Астана соның бірегейі. Есіңізде болар, осыдан 14 жылдай бұрын қарт Алатаудың бір бөктерінде өзіңізбен әңгімелескенде мен ару Алматыға қарап тұрып, «Осындай кереметті қалдырып…» дегенше болмай, Сіз «Иманғали, оныңды қой. Мен де Алматыны жақсы көремін. Бірақ, мына елдің негізгі иесі кім екендігін дүние жүзі білуі керек. Орданы қиырдан басқару, көздің қиығымен қараумен тең. Бүгінгі жұрт бұны түсінбес, бірақ келер ұрпақ бағасын берері хақ дегенсіз». Мінеки, сол уақыт келді. Ел түсінді. Өз кезегінде бұл туған елімнің мың жылдық тілегін, ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырсам деген Елбасының тарихи жеңісі. Ендеше, сол арқылы төрткүл дүниеде мәңгілік елмін деп қақпасын айқара ашқан Астана да мәңгілік.
Әкім сөзінен соң, залға жиналған жұрт өре түрегеліп, қошемет көр­сет­ті. Бұл – олардың Елорда мен Ел­ба­сыға деген ықыласы еді. Бұдан соң, сахнаға еліміздің өнерпаздары шы­ғып, ән мен жырға кезек берді.
Сахна төріне Астана қаласының эстрадалық-симфониялық оркест­рінің сүйемелдеуімен Димаш Құдай­бер­генов, Еркін Мәулен, Әлішер Кә­рімов, Маржан Арапбаева, Азамат Жылтыркөзов, Роза Рымбаева, Жұл­дыз Тютебаевалар шықты. Олар «Ты самая красивая, Астана» , «Астана» , «Астана вальсы», «Астана менің махаббатым», «Астана кеші», «Арайлы Астана», «Ақ ордам – Астанам» әндерін әуелетті. Кештің жаңалығы – «Нұр Ас­тана» атты екі әннің орындалуы болды. Сонымен қатар, «Елігай» балалар хоры Елбасы сөзіне жазылған «Город мой» әнін шырқады. Композитор Төлеген Мұхамеджанов жазған бұл әнді өткен жылы алғаш рет белгілі опера әншісі Сүндет Байғожин орындаған болатын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − ten =