©2020 Астана Ақшамы
«Астана» алға шықты
Қазақстан премьер лигасының бесінші тур ойындары аяқталды.
Турдың шымылдығын түрген ойын Алматы қаласындағы «Орталық» алаңда болған «Қайрат» пен «Тобыл» арасындағы кездесу болды. Вайс баптайтын алматылық клубтың, сырт алаңда «Таразға» есе жіберіп алғанын қоспағанда, соңғы ойындары тең нәтижемен аяқталып жүргенін білесіздер. Қостанайлық клуб та өткен турда «Ақжайықпен» тең түскен. Онымен қоса, алдыңғы турлар көрсеткіші бойынша турнир кестесінің бірінші сатысына көтерілген болатын. Бірақ, бұл жолы олар ойсырай ұтылды. Есеп 4:2. Бұл –«Қайраттың» Қазақстан біріншілігі басталғалы қол жеткізген алғашқы жеңісі.
«Астана» клубы тур барысында «Шахтермен» ойнады. Ойынды сәтті бастаған елордалықтар бірінші болып есеп ашты. Нақтырақ айтсақ, Кетевоманың әдемі әуелеткен добын, капитан Нұрдәулетов голға ұластыра білді. Екінші гол авторы – Остапенко. Екі жауапсыз ұпаймен ұтылып жатқан «кеншілерге» бірінші таймның соңғы минуттарында Хижниченко салған бір гол үміт бітіріп еді. Бірақ, бұл осы ойындағы алғашқы және соңғы гол екен. Екінші таймда «Астаналық» Корбобкин үшінші допты қарсылас қақпасына тоғытып, есепті 3:1-ге жеткізді. Ойын осы көрсеткішпен аяқталып, «Шахтер» өз алаңында жеңіліс тапты.
Сырт алаңда жеңіске жеткен тағы бір команда «Ертіс» болды. Оралдың орталық алаңында жергілікті «Ақжайықпен» бақ сынасқан олар 2:1 есебімен басым түсті.
Ал, «Восток» пен «Атырау» және «Ордабасы» мен «Тараз» арасындағы кездесуде есеп ашылмады. Сондай-ақ, «Ақтөбе» мен «Жетісу» командалары да бір-бір голдан соғып, матчты 1:1-мен тең аяқтады.
5 тур қорытындысы бойынша, турнир кестесінің бірінші сатысына «Астана» орналасса, «Тараз» бен «Ақтөбе» кезегімен екінші және үшінші орындарға тұрақтады. «Ордабасы» әлі де соңғы орында.
Ербол ЖАНАТ