АСТАНА – ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛҒАН МӘРТЕБЕЛІ ҚАЛА

0 1  257

Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің қала тұрғындарымен есептік кездесуіндегі баяндамасы

ERA_9170

Қайырлы күн құрметті астаналықтар, қадірлі достар!

Сіздерге Бас қаламыздың өткен жылғы даму барысы және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

Қажырлы еңбектің арқасында елорда уақыт өткен сайын өркендеп, дамып келе жатыр.

Бүгінде Астана – әлемге танылған мәртебелі қала. Қаламызда саясат пен экономикаға қатысты маңызды кездесулер өтуде.

Астанаға жиналған әртүрлі мәдениет пен дін өкілдері бүкіл әлемді бейбітшілікке, келісімге шақыруда. Бұл да болса еліміздің, қаламыздың абыройын асыратын маңызды бастамалар.

Осындай игі шаралардың бәрі Елбасымыздың алысты ойлайтын көреген саясатының арқасы. Нұрсұлтан Әбішұлы Астананың дамуына, қаланың тыныс-тіршілігіне үлкен мән береді.

Осының арқасында Астана тек құрылыс саласында ғана емес, экономика, мәдениет, білім мен ғылым, технология бойынша да қарқынды дамуда.

Елорданың көркеюіне әрбір қала тұрғынының, әрбір қарапайым жұмысшының қосқан үлесі бар. Халқымызда «тірлік басқа болса да тілек бір, бармақ басқа болса да білек бір» деген сөз бар. Қашан да ішкі ынтымағы жарасқан ел озады.

Ардақты ағайын!

Алдымызда Елбасы қойған биік жоспарлар мен халық үміт артқан маңызды жобалар бар.

Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының жылы, Ата Заңымыздың жиырма жылдығы, Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы және Қазақ хандығының бес жүз елу жылдығы, сонымен қатар басқа маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар мемлекетіміздің деңгейінде атап өтіледі. Бұл шараларды еліміздің Бас қаласында жоғары деңгейде ұйымдастыру – үлкен абырой, биік жауапкершілік.

Сонымен қатар, алдымызда ЭКСПО көрмесі келе жатыр. Қазір бұл шараны өткізуге дайындық қызу жүруде. ЭКСПО көрмесі – қаламыздың беделін асыратын, Қазақстанды барша әлемге танытатын айрықша шара. Бұл шараны өткізуге қала тұрғындарының қосатын үлесі зор болмақ.

Осының бәрі бізден үлкен еңбек пен ынта-жігерді талап етеді.

Құрметті астаналықтар!

Бүгін біз сіздермен бірге 2014 жылғы жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы күндердің жос­парларын белгілеу үшін жиналып отырмыз.

Осы залға жиналғандардың барлығы, жалпы қала тұрғындары мен қонақтары Астананың қарқынды дамуының куәсі болуда. Қаламыздың өзіндік архитектуралық келбеті қалыптасып, тұрғындардың әл-ауқаты көз алдымызда артып келеді.

Мұның барлығы Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауы мен қамқорлығының арқасында мүмкін болды. Нұрсұлтан Әбішұлы  елордадағы әр саланы дамыту мәселесіне жіті көңіл бөлетіндігін айтқым келеді.

Қысқа уақыт аралығында Астанада тағдырлы өзгерістер орын алып, барлық тарапта жақсы жетістіктерге қол жетті. Біздер сол жетістіктердің бел ортасында жүріп, куәсі болдық.

Қадірлі қауым!

Астанада ауқымды жұмыстардың жасалғаны баршаңызға белгілі. Бұл ретте жыл қорытындысын қала тұрғындарын ерекше алаңдататын мәселелерден бастаған дұрыс деп есептеймін.

 ERA_3815

Баспанамен қамтамасыз ету

Астананың жедел дамуы, ең алдымен, құрылыстың қарқынды жүргізілуіне байланысты. Әрине, бас­пана құрылысы да жоғары деңгейде. Жыл сайын қаламызда бір миллион шаршы метрге жуық баспана пайдалануға беріледі.

Астана құрылысын енді қолға алған кезіміз еске келеді. Ол кезде республика бойынша тапсырылатын баспана аумағы, бүгінгі елордада берілетін баспана аумағымен шамалас еді. 1997 жылы республика бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй ғимараттарының көлемі 1 миллион 344 мың шаршы метрді құрады.

Тұрғын үй заңнамасына сәйкес қала әкімдігі коммуналдық қордан баспанаға мұқтаж азаматтардың есебін жүргізеді.

Өздеріңіз білетіндей, Астана тұрғындарының саны күн санап өсіп келеді. Тиісінше баспанаға деген кезек те ұлғаюда. 7 жыл бұрын кезекте 8 мың адам тұрған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 4,5 есеге артқан. 2014 жылдың қорытындысы бойынша Астанада баспанаға мұқтаж азаматтардың тізімінде 35 мыңнан астам адам тұр.

Мәселе қалай шешілуде?

Қазіргі таңда қаладағы тұрғын үй құрылысы екі мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.

2008-2010 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру аясында бүгінде жалпы аумағы 288,6 шаршы метрді құрайтын 6 282 пәтердің құрылысы аяқталды.

«Қолжетімді баспана – 2020» Бағдарламасы аясында 140,1 мың шаршы метрді құрайтын 2 778 пәтер пайдалануға берілді.

Бұл ретте өткен жылы 93,1 мың шаршы метр баспана немесе 1 881 пәтер тапсырылды.

Аталған жұмыстармен қатар, қалада апаттық жағдайдағы үйлерді сүру бағдарламасы жүзеге асуда. Пилоттық жоба қолға алынған екі жыл ішінде  92 мың шаршы метр немесе 1 502 пәтерден тұратын 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардағы жалпы аумағы 33 мың шаршы метрді құрайтын  652 пәтер – 42 апатты үйдің тұрғындарына арналған.

Әлеуметтік мекемелер бойынша. Өткен жылы алты мектепке дейінгі білім беру нысаны, 10 жалпы орта білім беру мекемесі пайдалануға берілді. Олардың екеуі – интеллектуалды мектеп.  Сондай-ақ №10 жаңа қалалық емхана жұмысын бастады. Соның арқасында амбулаторлық-емханалық буынға түскен ауыртпалық айтарлықтай азайды.

Бұл арада атап өтерлігі, қаланың әлеуметтік маңызды нысандары түгелімен электр және жылу энергиясын есептеуіш құрылғылармен жабдықталған. 2014 жылы жылу есептеуіш құрылғылар 1 154 көппәтерлі тұрғын үйлерге орнатылды. Осылайша, бүгінгі таңда тұрғын үй қорының тиісті құрылғылармен жабдықталуы  75% құрады.

Жағымды дерек ретінде атап өтетін тағы бір жәйт: жылыту желілеріндегі апаттар саны азайған. Өткен жылы 30 шақырымнан астам желі қала балансына қабылданды. «Күлсай», «Альбион», «Жағалау-3» тұрғын үй кешендері мен бірнеше әлеуметтік нысандар орталық жылыту жүйесіне қосылды.

Экономикалық және әлеуметтік даму бойынша. Соңғы екі жылда инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеден асатын 10 жаңа өндіріс орны іске қосылды. Олардың қатарында «Тау-Кен Алтын» аффинажды зауыты, электрондық-оптикалық құрылғылар шығаратын зауыт, энергия үнемдегіш шынылар өндіру зауыты, электровоз құрастыру, күн батареяларын өндіру кешені, т.б. бар.

2014 жылы 100 мыңға жуық қала тұрғындары әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, ол істерге 6,8 миллиард теңге бөлінді. 18,5 мыңға жуық жұмыс орындары құрылып, 1 800 адам қайта даярлаудан өтті және біліктіліктерін арттырды.

Демек, Астана Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар негізінде барлық әлеуметтік міндеттерді орындап отыр деп сеніммен айтуға болады.

Енді макроэкономикалық көрсеткіштер туралы. Сіздердің уақыттарыңызды алмас үшін елорда дамуының динамикасындағы негізгі көрсеткіштерге тоқтала кетейін.

Толық ақпарат сіздерге таратылған үлестірме материалдарда ұсынылған. Сондай-ақ статистикалық мәліметтерді слайдтардан да көре аласыздар.

Сонымен: 2014 жылғы жалпы өңірлік өнім, болжам бойынша, 3-9 триллион теңгені құрайды. Бұл – 2013 жылғы кезең көрсеткішінен 6,6% жоғары.

Сондай-ақ өзге де экономикалық параметрлердің оң үрдісі байқалады:

– инвестиция көлемі 13%-ға артты. Жалпы ел экономикасына тартылған инвестицияның 10%-ы Астана үлесінде;

– орташа айлық жалақы 11%-ға ұлғайып, 176 мың 547 теңгені құрады;

– тиісінше ең төмен күнкөріс деңгейінің көрсеткіші 9,8%-ға ұлғайды;

– жұмыссыздық деңгейі төмендеп, 5,2% деңгейінен асқан жоқ;

– қабылданған шаралар арқасында 2014 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен жоспарланған деңгейде қамтуға қол жетті (жоспар 62,5 %, іс жүзінде – 63,1 %), үш ауы­сымда оқытатын мектептер саны 4-тен 2-ге қысқарды;

– сондай-ақ халықтың туу көрсеткіші артты. 2013 жылы 1000 адамға 27,58 баладан келсе, былтыр 29,01 баланы құрады. Өлім көрсеткіші төмендеді: 2013 жылғы 1000 адамға 4,4 деңгейінен былтырғы 4,26 деңгейіне дейін. Сәби өлімі 1000 нәрестеге – 9,2-8,0 дейін.

Осылайша, Астана бас қала ретінде өңірлер арасында ең үздік стратегиялық көрсеткіштерге жетіп отыр.

Қала бюджеті

2014 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке құйылған қаржы көлемі 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  25%-ға артып, 764 миллиард теңгені құрады.

Айтулы жетістік. Экономиканың тиімді және сапалы өсімінің арқасында Астана өз тарихында тұңғыш рет өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетті.

Қалалық бюджеттің түсімі 16%-ға ұлғайып, 164,3 миллиард теңгені құраған.

Бұл дегеніміз, Астана биылдан бастап, Алматы қаласы, Атырау және Маңғыстау облыстарымен қатар республикалық бюджеттің донорына айналады. 2015 жылы Астана мемлекеттік бюджетке 7,5 миллиард теңге аударады.

Астананың 2014 жылғы қайта қаралған бюджеті 377 миллиард теңгені құрады.  Бұл қомақты қаражат, елордадағы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Өздеріңізге мәлім, тәуелсіздік жылдарында Елбасы қысқа мерзім аралығында  мемлекетімізді ашық, экономикасы тұрақты, әлемдік шаруашылыққа ықпалдасқан елге айналдыра білді. Сонымен қатар Қазақстан, өзге де дамыған елдер секілді, әлем экономикасында болып жатқан үдерістерді сезініп отыр. Оны сіздер бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті естіп, көріп жүрсіздер.

Жаһандық экономикалық дағдарыстың күрделі кезеңін болжаған Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында еліміздің «Жаңа экономикалық саясатын» айқындады.

Уақтылы әзірленген және бар қатерлер дөп болжанған сол құжатта Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дағдарыстың кері ықпалдарын тиімді еңсеру, Қазақстанның және оның бас қаласы – Астананың одан арғы дамуы үшін басты бағыттарды анықтап берді. Елбасы алға қойған мақсаттарға қазақстандық қоғамдағы бірлік пен келісім сақталғанда ғана қол жететінін атап өтті.

Президент Жолдауын және Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындалған экономикалық саясаттың нақты талаптарын негізге ала отырып, Астана әкімдігі 2015 жылға негізгі бағыттар бойынша даму жоспарын белгіледі.

Рұқсат болса, сол жоспар жайында толығырақ айтайын.

 zhk-triumfalnaya-arka-93849389348-1

Бірінші – құрылыс

Біз Астана қаласын дамытудың бас жоспарының тұрақты және мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуіміз керек.

2014 жылы Қазақстанның ұлттық музейі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры мен кітапханасы, бірқатар тұрғын үй ғимараттары мен әкімшілік кешендер пайдалануға берілді.

Бүгінгі таңда бірқатар жобалар әзірленді. Алдағы үш жылда 100-ден астам түрлі нысандар қолданысқа беріледі. Олардың қатарында Жекпе-жек сарайы, көпсалалы Мұз сарайы, «Абу-Даби Плаза» кешені, «Жас­тар» сарайы, парктік аймағы бар ботаникалық бақ, «Ритц Карлтон» және «Фор Сизонс» қонақүйлері секілді бірнеше нысандар бар.

Бұдан өзге, Астананы дамыту жоспарына сәйкес бірнеше әлеуетті аудандарда кешенді құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделген.      Бірінші – «Мыңжылдық» аллеясы, екінші – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы аумағы, үшінші – Тұран даңғылы бойындағы тұрғын үй алабы, төртінші – «Ханшатыр» сауда ойын-сауық орталығы аумағындағы «Жасыл орам» ғимараттар кешені.

2015 жылы «Қолжетімді баспана  – 2020» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 82,2 мың шаршы метрді құрайтын 1 428 пәтер пайдалануға беріледі. Аталған бағдарлама бойынша 65,4 мың шаршы метрді құрайтын 1 181 пәтердің құрылысы жалғасуда. Олардың қолданысқа берілуі 2016 жылға белгіленген.

2015 жылдың бірінші жарты жылдығында 2 507 пәтер пайдалануға беріледі. Жалпы аумағы 158,8 мың шаршы метрді құрайтын сол пәтерлерді тапсырумен 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй бағдарламасы аяқталады.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Апаттық жағдайдағы және ескі үйлерді сүру» жөніндегі пилоттық жоба аясында жалпы көлемі 123 мың шаршы метр болатын 2 247 пәтердің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Ондағы аумағы 58 мың шаршы метрді құрайтын 1 086 пәтерді апаттық жағдайдағы үй иелерін көшіру үшін коммуналдық меншікке беру жоспарланып отыр.

Ағымдағы жылдың қаңтарында жалпы аумағы 17 мың шаршы метрді құрайтын 336 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Оларға апаттық жағдайдағы үйлердің иелері көшіріледі.

Жалпы алдағы үш жыл ішінде 228 апаттық үйді сүру жоспарланып отыр. Осылайша оларда тұрып жатқан үш жарым мың астаналық тұрғын көшірілмек.

Бұл арада ерекше атап өткім келетіні, бұдан былай елордада салынатын бір де бір тұрғын үй нысаны көлік паркингі болмаса қабылданбайды. Осы ретте тағы да айтарым, қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде он паркинг салу туралы шешім қабылданды.

Жоғарыда айтқанымыздай, қалада құрылыс қарқыны аса жоғары. Бүгінде жұмыс істеп жатқан құрылыс ұйымдарының саны 1,5 мың бірлікті құрайды. Өткен жылдар көрсеткішімен салыстырғанда құрылыс компанияларының саны 20% артқан. Бұл заңдылық. Алайда, мұндай жағдайдың қиыншылықтар тудыратыны да жасырын емес. Сол қиыншылықтарды біз жүйелі түрде шешетін боламыз.

Қалада бірнеше сенімсіз мердігер-компаниялар бар. Кейбірінде рұқсат құжаттары жоқ. Оларға қатысты қылмыстық істер қозғалды. Сондықтан пәтер құрылысына қаржы құю ісінде мұқият болыңыздар дегім келеді. Сенімсіз компаниялар тарапынан адамдарды алдау оқиғалары тіркелген.

Бұл ретте күмән тудыратын жағдайда әкімдікке хабарласып, кезкелген мердігер бойынша тиісті ақпарат алуға кеңес беремін.

Енді басқа мәселеге назар аударғым келеді. Мемлекет басшысы еңбек дауларын алдын ала шешудің маңыздылығына жіті мән беру керектігін жиі айтады.  Сондықтан еңбек заңнамасының жан-жақты қамтамасыз етілуі үшін кәсіпорындар мен мекемелерде 261 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде заңнама бұзудың 512 фактісі тіркелді. Тексеріс қорытындысы бойынша 2014 ұйғарым берілді.

Әкімшілік жауапкершілікке 308 лауазымды және заңды тұлғалар тартылып, оларға 36 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Жедел әрекет етудің арқасында былтыр 626 жұмыскердің жалпы сомасы 107,5 миллион теңге болатын жалақы алашағы өтелді.

Ерекше атап өтер мәселе, жұмыскерлердің өміріне қауіп төндіретін жағдайлар бойынша 2014 жылы 46 құрылыс нысанының жұмысы тоқтатылып, тиісті материалдар сотқа жолданды.

Ендігі мәселе. Қалада саябақ аймағы мен гүлбақтарын қалыпқа келтіру, абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Өткен жылы 6 гүлбақ пен желекжол қалпына келтірілді. Ағымдағы жылы Жауқазын және Арай көшелерінің қиылысындағы саябақ құрылысы басталды.

Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүргізілсе тиімдірек болар еді деп есептеймін. Біз саябақ аймақтары мен гүлбақтарында дәмханалар, қоғамдық дәретханалар, арнайы балалар аймағын салу үшін инвесторларды тартуды көздеп отырмыз. Олардан бөлек медициналық көмек бекеттері мен қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бекеттерін салу қарастырылмақ.

Бұл ретте кіреберіс жолдарды, тротуарлар мен көлік қоятын аймақтарды салу, абаттандыру жұмыстары жіті назарда болады.

ЖЕДЕЛСӨЗ

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ, қала тұрғыны: – Әкім Астананың былтырғы  даму көрсеткішін және алдағы жоспарларын айқындайтын өте мазмұнды баяндама оқып, атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелерін саралады. Бұны қала тұрғыны ретінде оңай байқауға болады. Қарапайым ғана мысал: жолдар жауған қардан дереу тазартылады. Азық-түлік бағасының тұрақтылығы да қатаң бақыланады. Әсіресе, «Метро», «Магнум» сауда орындарында тұрмысқа қажет заттарды әлдеқайда төмен бағамен сатып аламыз.  Бір сөзбен айтқанда, қала көз алдымызда көркейіп келеді. Кездесуде қойылған жан-жақты сұрақтарға әкім тарапынан қанағаттанарлықтай жауап алдым. Жұрт назарындағы көптеген мәселелер өз шешімін табатындығына сенемін.

Екінші – қаланың энергетикалық кешені

Бұл арада энергоқорлардың стратегиялық қорын қалыптастыру міндетіне басымдық беріледі.

Астананың қарқынды дамуы, тұрғын үй және коммерциялық құрылыстың белсенділігі, шағын және ірі өндірістердің көптеп ашылуы қосымша энергетикалық қуат көздерін қажет ететіні түсінікті. Сондықтан бізге елордалық энергокешенді жедел модернизация­лау міндетін шешу қажет.

Мына фактілерге назар аударайық. Энергиямен қамтамасыз ету жүйелеріне жыл сайын түсетін салмақ шамамен 8-10%-ға артып отыр.  2017 жылға қарай бұл көрсеткіш  30-35%-ға ұлғаяды деп болжануда. Ал жылу энергиясы бойынша көрсеткіш – 25-30%-ға жеткелі отыр.

Осы орайда энергетикалық кешеннің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру  бойынша 1-ЖЭО және 2-ЖЭО кешенді модернизациялау, сондай-ақ 3-ЖЭО бірінші кезеңінің құрылысын жүргізу көзделіп отыр.

Электр энергиясын тасымалдау мәселесін шешу үшін электр берудің әуе желісін салу ісі қарастырылуда. Оның аясында 110/20 кВ қосалқы станция құрылысын аяқтап, жұмыс істеп тұрған тарату бекеттері мен трансформаторлық қосалқы станция­ларды жөндеуден өткізу жұмыстары қарастырылуда.

Алайда, энергиямен қамтамасыз ету мәселесі жаңаша көзқарасты талап етеді. Осы уақытқа дейін арқа сүйеп келген қуаттылықты арттыру бағыты әлеуетті бола бермейді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қала қаншалықты өссе, оның энергияға деген сұранысы соншалық болады.

Біздің тарапымыздан, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша инновациялық технологияларды енгізу шаралары қолға алынып отыр. Мысалы, қалалық инфрақұрылымның жарықтандыру саласы қарапайымнан энергия үнемдегіш түріне ауыстырылды.

Сонымен қатар, биыл біз көппәтерлі тұрғын үйлерге электр және жылу энергиясын есептеуіш құралдарды мейлінше көптеп орнатуды жоспарлап отырмыз. Бірақ осының өзі жеткіліксіз.

ERA_9208

Тұрғындар инновациялық технологияларды, жылу ұстау, таза экологиялық материалдарды қолдану арқылы энергия үнемдеу мәселесіне өздері де мән бергендері абзал.

Бұл тек энергоқорлардың қымбаттығынан емес, қоршаған ортаға деген қамқорлық тұрғысынан да қолға алынатын шаруа. Астанадағы жеке секторлардағы үйлер қатты отынмен жылытылады. Нәтижесінде қаланың қою түтіннің астында қалатынын жиі көріп жүрміз.

Олардан бөлек автомобильдер мен жылыту станцияларынан тарайтын улы заттар қаламыздың мақтанышына айналған таза ауаны әбден ластауда. Сондықтан ауа тазалығы үшін тиісті шаралар қолдану қажет.

Ең алдымен көліктік құралдарды техникалық бақылаудан өткізу қызметінің сапасын арттыру мәселесіне басымдық беріледі. Қаладағы кәсіпорындар мен мекемелерден және жеке тұрғын үй секторынан тарайтын улы заттар көлемін азайту бойынша да жұмыстар жүргізіледі.

Аталған жұмыстардан бөлек, біз кәріз сулары жиналатын Талдыкөл қоймасын жою, жауын сулары жиналатын кәріздік желілер мен нысандарды дамыту,  сондай-ақ, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқару секілді ірі инвестициялық-экологиялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз.

ЖЕДЕЛСӨЗ

Қабыкен ЗАКАРЬЯНОВ, «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы: – Қала әкімі бүгін атқарылған істерден гөрі алдағы жоспарларды көбірек айтты. Маған ең ұнағаны сол болды. Оның сөзін тыңдап, ертеңге деген сеніміміз күшейді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қарсаңында қаланың әрбір тұрғынының, әрбір қызмет көрсету саласының мәдениеті мен сапасын көтеру туралы мәселені талай жерде көтеріп жүрміз. Соның бүгін тағы да қаузалғанын құп көріп отырмын. Бұл дегеніміз екі жылдан кейін қаламызда өтетін әлемдік деңгейдегі үлкен шараға дайындығымыз жаман еместігін білдіреді.

 10275506_859861574066142_8733874778166985152_o

Үшінші – көлік инфрақұрылымын дамыту

Әкімдіктің ресми сайтындағы «Виртуалды қабылдау» және «Халықтық бақылау» айдарларына автобустардың қозғалыс уақытына, ондағы қызмет көрсету деңгейі мен мәдениетіне қатысты азаматтардан көптеген арыз-шағымдар келіп түседі. Және олардың кемігені байқалмайды. Осы орайда қаладағы белсенді қозғалыс қарқыны өткір мәселеге айналып отырғанын мойындауға тиіспіз. Бұл салада елорда талаптарына сай келмеудеміз.

Астананың қарқынды дамығанына, барлық инфрақұрылымның жаңарғанына қарамастан, жол қозғалысын қамтамасыз ету баяғы шағын қала деңгейінен әрі асар емес.

Аудан әкімдерінің жуырда халықпен өткен кездесулері көрсеткендей, қоғамдық көліктің жұмысын ұйымдастыру, жол құрылысының сапасы – ең өткір және бақылаусыз қалған мәселелердің бірі.

Біздің міндет – жағдайды түзеу.

Біз қаланың көліктік моделін түбегейлі өзгертуге тиіспіз.

Осыған байланысты көліктік бағыттар өзгертіліп, электрондық билеттеу жүйесі енгізіледі. Интелектуалды көліктік жүйені кезең-кезеңімен іске асыру жалғасады. Бұл жұмыстың бір көрінісі ретінде бүгінде елорда көшелері мыңдаған бейнекамералар, ондаған «ақылды» бағдаршамдармен жабдықталды.

Бүгінде қалалық қоғамдық көліктерді күту барысында тұрғындарға жайлы жағдай жасау үшін жоғары технологиялы аялдама кешендерін орнату мәселесі қарастырылып отыр.

Жуырда бағыттық желілерге аяқ асты рейдтік тексерістер ұйымдастыру тәжірибесі енгізілді. Осы салаға қатысты тағы бір өзгеріс, Әкімдік әр аялдама бекеттерінде автобустардың қатынау уақыты мен диспетчерлердің телефон номерлері көрсетілген ақпараттар орнатуды тапсырды.

Соңғы кезде қозғалыс құрамының айтарлықтай жаңартылғанын жақсы білесіздер. 103 жайлы жаңа автобус сатып алынды. Олардың 55 желіге шығарылды. Жаңа автобустар көлік ағыны белсенді бағыттарда қатынауда. Қалған көліктер техникалық бақылаудан өткеннен кейін елорда жолдарына шығады.

Бас-аяғы несиелік желі негізінде «Ивеко» компаниясымен 1 шілдеге дейін 358 бірлік заманауи қоғамдық көлік алу жөнінде келісімдер жасалды. Біз аталған автобустардың 350 бірлігін қосымша алу мүмкіндігін қарастырудамыз.

Бүгінгі таңда қалалық автобус паркінде 993 бірлік қоғамдық көлік бар. Осылайша жақын болашақта біз қозғалыс құрамын жаңарта отырып, көлік жетіспеушілігін түбегейлі шешуді жоспарлап отырмыз.

Жолдарды жөндеу мен құрылысы бойынша айтар болсақ, бұл арада орындалған жұмыстардың сапасына жіті мән беріледі.

Өткен жылы жалпы ұзындығы 95 шақырымды құрайтын жол құрылысы мен жамылғысын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылдарда бұл көрсеткіш ұлғаяды. Қазіргі таңда қалада ұзындығы бір мың шақырымнан асатын 950 көше бар. Бұл ретте жалпы әр үшінші және оң жағалаудағы әр екінші жол тиісті талаптарға сәйкес емес. Ол жолдар кедір-бұдыр және шұңқырларға толы. Олардың көліктерді өткізу мүмкіндігі аса шектеулі. Ал сол мезетте қаладағы автомобильдер саны 290 мыңнан асты. Бұл осыдан 17 жыл бұрынғы көрсеткіштен 10 есе артық. Әрине, жылдан жылға бұл санның ұлғая түсері анық.

Қалада үнемі кептелістер болып тұратын 18 жол бөлігі бар.  Бұл мәселе барша астаналықтарды алаңдатады. Сондықтан жағдайды ушықтырмас үшін әкімдік биыл бірқатар шараларды қолға алмақ.

Атап айтқанда:

– 108 шақырым жолды салу мен қайта құру;

– олардың қатарында 30 көше мен 11 тұрғын үй алабындағы 24 шақырым жол бар;

– 21 шақырым жолды жөндеу;

– Республика даңғылы бойындағы «Талисман» дүкені алдындағы ең белсенді қозғалыс аумағында жерас­ты жаяу жүргіншілер жолын салу;

– сондай-ақ жедел автобустар желісін жасақтау.

Көшелердегі көлік ағынын азайту үшін ағымдағы жылы Кіші айналма жол аясында Ш.Бейсекова көшесінің құрылысы жалғастырылады, сондай-ақ Қорғалжын тасжолы  және өзге де бірқатар жолдар мен көшелер реконструкциядан өтеді.

Біз Халықаралық әуежай бойынша бірқатар шаралар кешенін қабылдадық. Бүгінгі таңда ол заман талаптарына сай емес. Болашақта ондағы қызмет көрсету және қауіпсіздік деңгейі жақсаруға тиіс. Бұдан өзге кешенді инфрақұрылымдық модернизация жасалады.

Сонымен қатар, Промышленный кентінде жаңа теміржол вокзалының құрылысы басталды. Астананың жол-көліктік инфрақұрылымының кешенді дамуы – елорданы жайлы және қауіпсіз етуге арналған шаралардың бір бағыты.

ЖЕДЕЛСӨЗ

Гүлжанат КУЛЬБАЕВА, «Байқоңыр» басқару компаниясы ЖШС директоры: Әкімнің есебін мұқият тыңдадым. Қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізілді деп есептеймін. Осындай кездесулер жиі болса деген тілегім бар. Өйткені, қатқабат шаруасы бар қала әкімінің қабылдауына қалаған кезде кіру мүмкін емес екені белгілі. Әйтеуір, осы кездесуде қойылған сұрағыма байланысты қала әкімінің орынбасары жеке қабылдауына шақырды.

 ERA_9089

Төртінші – қауіпсіздік

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету органдары өткен жылы қала бойынша 34 мыңнан астам қылмысты тіркеген. Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зақым келтіру, қарақшылық шабуыл, ақша бопсалау, тонау мен ұрлау секілді ауыр қылмыстардың саны азайған. Қоғамда құқық бұзушылықтарға «нөлдік шыдамдылық» қағидатын қалыпастыру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті күшейту бойынша шаралар қабылдануда.

2014 жылы 63 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған. Олардың 4 мыңнан астамы ұсақ бұзақылық болса, 8 мыңы – тыныштықты бұзу, 19 мыңы  – қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішу, 9 мыңы – рұқсат етілмеген орындарда темекі шегу секілді құқық бұзушылықтар.

4 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды. Қоғамдық тәртіпті қасақана бұзған 567 адам әкімшілік қамауға алынды.

Қалада «Астанада өмірді қамтамасыз ету жүйесі» арнайы жобасы іске қосылды. Ол бойынша 700-ге жуық бейнебақылау камералары тәулік бойына жұмыс істейді. Бір айта кетерлігі, олардың көмегімен өткен жылы 340-тан астам қылмыстың беті ашылып, 48,5 мың әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. 21 мың жол ережесін бұзу фактілері тіркелді.

Бұл арада қала тұрғындарын да құқық бұзушылықтардың алдын алуға шақырамын.

Астаналық азамат жоғары мәдениеттілігімен ерекшеленіп тұруы тиіс. Ал біздің қала қауіпсіз және жайлы болу керек.

Елорданың құқық қорғаушылары да қарап отырмауға тиіс. Олардың жұмысында әлі де болса көп келеңсіздіктер кездеседі. Кең тарағаны – патрульдік-күзет қызметтерінің оқиға орындарына уақтылы бармауы, жол инспекторларының дөрекі тәртібі. Бұл мәселеде тәртіп орнату қажет.

ЖЕДЕЛСӨЗ

Рымгүл УАЙЫСОВА, мейірбике: – Есеп беру кездесуі көңілімнен шықты. Әдетте, аудандық кездесулерде кей басшылар баяндамасын аяқтаған соң тұрғындардың өтініш-сұрақтарын білуге аз ғана уақыт  бөліп жатады ғой. Ал, бүгін Әділбек аға ешкімнің бетін қайтармай, мүмкіндігінше көбірек сауалдарға жауап беруге тырысты. Әлеуметтік сала, кәсіпкерлік, білім және ғылым, құрылыс сынды өзекті тақырыптар бойынша мол ақпарат берілгендіктен, соңына дейін тапжылмай отырып тыңдадым. Алдағы мақсат-міндеттермен таныс болдым. Кездесу барысы келер күнге сенімімізді арттырып, алға басуға құлшыныс тудырғандай. Астанамыздың басты жеті даму бағытын жүзеге асыру мұратына елордалық азамат ретінде үлес қосуға дайынмын.

DSC_0153a

Бесінші – индустриаландыру

Бүгінде Астанада бірқатар индустриялық-инновациялық жобалар жұмыс істеуде. Бір ғана Индустриялық парк аумағында  жалпы инвестиция көлемі 168 миллиард теңгеге жуықтайтын 50 жоба тіркелген.

Бұл ретте басымдық сапаға, экологиялық тазалыққа және инновациялыққа беріледі, сондай-ақ тиімділік пен жобалардың үйлесімділігі де ескерілген.

Қаланың негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі айтарлықтай артып, 644 миллард теңгеге жетті. Бұл еліміздің қаржы орталығы Алматының көрсеткішінен жоғары.

2014 жылы кәсіпорындардан түскен салық төлемдерінің көлемі 6,6 миллиард теңгені құрады. Екі мыңнан астам жұмыс орындары құрылды.

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы Мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығының қорытындысы бойынша қысқаша айта кетейін.

2010-2014 жылдар аралығында 167 млрд теңгеден асатын 22 жоба  жүзеге асырылды. Оларда 3 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды. Өндірілген өнім көлемі 160 млрд теңгені құрады. Оның 90 млрд теңгесі  2014 жылға тиесілі. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 1,6 есеге жоғары.

Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасының келесі бысжылыдығын іске асыру жұмыстары жалғасады.

Қазақстан Президенті Астанаға нақты тапсырма жүктеді: елорданың инвестициялық тартымдылығын тұрақты түрде арттыру, шағын және орта бизнес субъектілеріне жан-жақты қолдау көрсету.

Ол үшін әкімдік тарапынан бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін тиімді қолдану және «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын жандандыру, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорын тарту және өзге де бағдарламаларды іске қосу мәселелері тыңғылықты зерттелуде.

 Өндірілген өнімдегі жергілікті қамтуды дамыту және әлеуметтік-еңбек аспектілері бойынша Әкімдік, ұлттық компаниялар және кәсіпорындар арасында 105 миллиард теңгені құрайтын ақпан айының басында қол қойылған үш жақты меморандумдар аса маңызды оқиға болды. Келісім аясында 20 мыңға жуық жұмыс орындары сақталады.

ЖЕДЕЛСӨЗ

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын: – Астана әкімінің халық алдындағы есебі күткенімізден әлдеқайда биік дәрежеде өтті. Оның баяндамасын бір топ әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлері тыңдап, көп мәселелерге қанықтық. Әділбек Жақсыбековтің Астана қаласының басшылығына екінші рет келуі – тарихи жағдай. Қазір екінші тынысы ашылғандай жұмыс істеп отыр. Алғашқы рет елордаға әкім болғанда істей алмай кеткен, «әттеген-ай» дегізген істерін жалғастыруға мүмкіндік алды. Әділбек Жақсыбеков Астана әкімі қызметіне өте күрделі кезеңде тағайындалды. Әртүрлі оқиғалар жан-жақтан сіресіп, тіресіп тұрған кезеңде, саяси мәселелер шиеленіскенде елорданы басқару үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бір басып айтарлығы, Әділбек бауырым – Астананың төл перзенті. Сондықтан қалаға, осында тұратын халыққа басқаларға қарағанда ерекше жанашыр азамат. Астананы біраз мықты адамдар басқарып, біршама биіктерге көтеріп тастады. Қазіргі әкімнің міндеті де елорданы сол биіктен түсірмей, одан зор биіктерге көтеру. Сол еңбегі жемісті болсын дейміз.

Алтыншы – шағын және орта бизнестің дамуы

2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асырумен қатар шағын және орта бизнесті дамыту мәселесінде несиені субсидияландыру, инфрақұрылымды дамыту және сервистік қолдау секілді жүйелі шаралар қабылданады.

Бұл сала үшін аса маңызды мәселе. Өйткені, қазіргі таңда елорданың шағын және орта бизнесі жергілікті бюджетке түскен салық төлемдерінің 65 % қамтамасыз етіп отыр. 2014 жылы бұл көрсеткіш 420 миллиард теңгені құрады. Жалпы өңірлік өнімдегі оның үлесі 50% құрады.

Астанадағы белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 60 мыңға жуықтайды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес – тұрғындардың табысын арттыратын және еңбекпен қамтамасыз ететін нақты сала. Кәсіпкерлік саласында бізде 233 мың адам еңбек етуде. Бұл – экономикалық белсенді Астана халқының 49%. Өткен жылдың өзінде ғана шағын және орта бизнес саласында 34 мың жаңа жұмыс орындары құрылды.

Астана тек бас қаланың емес, барша елдің экономикалық өсіміне серпін беретін шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау бойынша Мемлекет басшысының айқындаған бар міндеттерін тыңғылықты орындауда.

Айта кетейін, елордада алғашқы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда бизнесмендерге «бір терезе қағидаты» бойынша тегін түрде ақпараттық және кеңестік қолдау қызметтері көрсетіледі. 2014 жылы өздеріне қажетті кеңестерді алған тұтынушылар саны 4,5 мың адамды құрады. Кәсіпкерлікті дамытуда жуырда Әкімдік пен қалалық кәсіпкерлер палатасының ортақ жұмыс жүргізуге байланысты қол жеткізген уағдаластығы да зор үлесін қосады.

Қол қойылған тиісті келісім бо­йынша:

– шағын және орта кәсіпкерлікке арналған көпсалалы өндіріс кешенін құру;

– өңірлік сауда орталығын;

– Астанада бизнестің даму картасын әзірлеу және өзге де шаралар қарастырылады.

Ағымдағы жылдың 10 ақпанында елордадағы шағын және орта бизнес үшін бизнес-ортаны жақсарту және қаржылай қолдау көрсету бағытында тағы бір қадам жасалды. Жеке кәсіпкерлікті қаржыландыру бойынша кезекті Бағдарлама іске қосылды.

Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 500 млн теңге, «Даму» қорынан 1 млрд теңге бөлінді. Аталған несиелік желі бойынша кәсіпкер үшін пайыздық ставка 7,6% құрайтынын ескерсек, бағдарлама айтарлықтай танымал болатынын атап өткім келеді.

Бағдарлама сауда саласын қаржыландырып, Астанада оның мәдени, заманауи түрін қалыптастыруға септігін тигізетінін де атап өткен жөн. Сондықтан «ЭКСПО–2017» көрмесіне дайындық аясында бағдарлама маңыздылығы арта түспек.

Ағымдағы жылы Әкімдік тарапынан елордада сауда-саттықтың заманауи түрлерін енгізу бойынша және көрсетілетін қызметтердің деңгейін әлемдік талаптарға жеткізуге бағытталған жұмыстар қолға алынды. Бұл нені білдіреді?

Бүгінгі таңда Астанада жылдам тамақтану нысандары мен алғашқы қызмет көрсету орындарын орналастырудың үлгісі әзірленді. Ол бойынша 300 қатысушы белгіленді. Олар теңқұқылы конкурстық негізде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы кәсіпкерлерге жалға беріледі.

Болашақта жабайы сауда-саттықты болдырмас үшін, қоғамдық тамақтану орындарына рұқсат құжаттарын берудің ортақ механизмі әзірленуде.

Сырт келбеті ұсқынсыз және санитарлық салаптарға сай емес ескі сауда нысандары жаңа және ыңғайлы конструкцияларға ауыстырылады. Қалада жылдың әр мезгілінде жылдам әрі дәмді тамақтануға болатын жаңа павильондар пайда болады.

Осындай жұмыстар арқылы елордаға қажет жайлы жағдай қалыптастырылады. Яғни біз шағын және орта бизнес мекемелеріне инфрақұрылым жеткізу бойынша Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындап шығамыз.

Ал әзірге қала бос көрінеді. Шенеуніктердің жұмысы бизнестің дамуына рұқсат бермеуге және оған тосқауыл қоюға бағытталған.

Бүгінде көптеген заманауи қалаларда сауда мекемелерінің, қоғамдық тамақтану орындары мен азамттарға тұрмыстық қызмет көрсету жүйелері жақсы дамыған. Қала орталығында сауда-саттық белсенді жүргізіледі. Мобильді дәмханалар мен жылдам тамақтану орындары әрдайым қолжетімді.

Біз бұл мәселеде қалыс қалғанбыз. Сондықтан жағдайды өзгерту керек.

Әкімдік мемлекеттік қызметтер тізімін кеңейтуге назар аударды. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарының материалдық шығындарын азайтып, уақытын алмайды.

Осы орайда бүгінгінің өзінде қалалық құрылымдар көрсететін 22 мемлекеттік қызмет электрондық форматқа көшірілді. Оған қоса құжаттарды рәсімдеу жұмыстары айтарлықтай жеңілдетілді.

Рұқсатнамаларды беруді автоматтандыру жұмысы аяқталады. Бүгінгі таңда елорда әкімдігі тарапынан 140-қа жуық рұқсат құжаттары берілетін болса, олардың 21-і автоматты түрде.

Өткен жылғы көрсеткіш бойынша тұрғындарға 4,3 млн мемлекеттік қызметтер көрсетілді.

Біз өткен аптада мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын арттыру бойынша арнайы семинар-кеңес өткіздік. Ондағы мақсат – рәсімдерді мейлінше жеңілдету, мемлекеттік органдардың жұмысын жақсарту, кедергілерді жою.

Осылайша біз оңтайландыруды жалғастырамыз. Жақын арада орталық органға мемлекеттік қызметтерді жетілдіру және оның тізілімін кеңейтуге байланысты ұсыныстарымызды жолдаймыз.

Біздің басты назарда болатыны – Мемлекет басшысының Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету және қала айналасында азық-түліктік белдеуді дамытуға байланысты берген тапсырмасын орындау.

«Бизнестің жол картасы -2020» Бағдарламасы аясында өңдеуші кәсіпорындар жан-жақты қолдау көруде. Жаңа нысандар салынуда.

Алдағы уақытта жалпы сыйымдылығы 43 мың тоннадан астам 11 көкөніс сақтау қоймаларын және жылдық өнімділігі 15 мың тоннаны құрайтын 9 жылыжай кешені іске қосылады.

Біз көршілеріміз Ақмола және Қарағанды, өзге де облыстармен белсенді жұмыс жүргізуге тиіспіз.

Президентіміз базарлардағы санитарлық талаптардың сақталмайтындығын атап өткен болатын. Бұл мәселені шешу үшін Астанада Көпсалалы сауда-логистикалық орталығының құрылысы жоспарланып отыр. Оған бастапқы кезеңде 7 астаналық базар көшіріледі.

Ескертулердің орынды екенін мойындай отыра, бізге тәртіп орнату үшін базар басшыларына қатаң талаптар қою қажет. Қаладағы 25 сауда алаңдарының сыртқы келбеті қалыпқа келтіріліп, ұсынылатын қызмет сапасы жақсаруы тиіс.

Әрине, адамдардың табыс тапқаны керек. Алайда сауданың да «тиісті келбеті» болуы тиіс.

Өмір стандарттары – бұл тек сандық көрсеткіштер еместігін баршамыз жақсы түсінеміз. Ол – тұрғындардың жайлы өмірі үшін жасалатын тұтас жүйе. Осы орайда Астана бас қала ретінде өзге өңірлерге үлгі болуға тиіс.

ЖЕДЕЛСӨЗ

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы: – Еліміздің мақтанышына айналған, мемлекетімізге үлкен атақ-абырой алып берген Астана – еліміздің бас қаласы. Оның әкімі ел ордасында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар алдағы уақытта атқарылатын істерден хабар берді. Бізді толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етті. Әділбек Жақсыбеков осы қалада қалыптасқан азамат. Осы жерде үлкен биіктерге көтерілген қайраткер тұлға. Ол Астана басшылығына екінші рет келіп, үлкен жұмыстарды бастап жатыр. Әрине, бір есеп беруде барлық мәселені шешіп кету мүмкін емес. Әкім мен халықтың арасында алтын көпір болатын телеарналар, қалалық газеттер, сайт бар. Халықты жеке қабылдау уақыты да қарастырылған. Бүгінгі есепте де көптеген мәселелер бойынша азаматтарды қабылдаймын деп айтты. Азаматтардың тұрғын үй мәселесі, қаланы абаттандыру, құрылыс мәселелері, жалпы қай істі болсын халықпен бірге шешуге дайынмын деді. Ендеше, бастаған істеріне сәттілік тілеймін.

Жетінші – әлеуметтік сала

Бұл арада екі негізгі мәселеге тоқталғым келеді.

Бірінші. Бүгінде Астанада 216 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрып жатыр. Өткен жылы жеңістің 69 жылдығын атап өткенде олардың саны 293 болатын. Көріп тұрғандарыңыздай, батырларымыз, өкінішке қарай, жыл санап азайып барады. Сондықтан біздің қасиетті міндетіміз – оларды ұмытпау және жан-жақты қолдау.

Биыл біз ұлы датаны – Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Елбасының өзі ардагерлерге ерекше құрмет көрсетеді. 2014 жылы Астанада посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ шара өтті. 2015 жыл қарсаңында ардагерлер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атынан жеке құттықтаулар мен сыйлықтар алды. 7 ақпанда Астана қаласында студенттер мен ЖОО оқушыларының ардагерлер мен мүгедектерге көмек көрсетуге бағытталған кең көлемді қайрымдылық қозғалысы басталды. Мұндай шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырғанын қуана жеткізгім келеді. Жастар қарияларға азық-түліктерін әкеліп, үйлерін жинап береді. Аулаларын қардан тазартып, үй шаруасына көмектеседі. Бір атап өтерлігі, жастар, тоғызыншы мамырдан кейін де бұл қайрымдылық шарасын жалғастыра бермек.

Менің ойымша, елордалық кәсіпкерлер жастардан үлгі алып, қайрымдылық шараларына демеушілік етулері керек.

Тағы атап өткім келетіні, Астанада ғана, әлеуметтік жеңілдіктері бар азаматтардың барлығы қоғамдық көлікпен тегін жүреді,  ардагерлеріміз коммуналдық төлемдерден толықтай босатылған. Өткен жылы 83 Ұлы Отан соғысы ардагерінің пәтері жөнделді, биыл да 9 мамырға қарай қаһармандарымыздың 84-інің баспаналарын қосымша жөндеуден өткіземіз.

Сондай-ақ, елордаға 2014 жылдың екінші жарты жылдығында келіп, есепке тұрған Ұлы Отан соғысының қалған 7 ардагеріне пәтер беріледі.

Екінші. Біздің қалада 19 мыңнан аса мүгедек тұрады, олардың 3 мыңы – балалар. Осынау жандар көбінесе әлеуметтік, мәдени және басқа да мекемелерге, ғимараттарға кіре алмайды. Бар-жоғы бірнеше баспалдақ кемтар жанды күнделікті игіліктен бөліп тастайды.

Біз олардың қоғам өміріне белсене араласуына жәрдемдесуге тиіспіз. Сондықтан, ғимараттарға пандустар салу, мектептерде тиісті аппаратуралары бар арнаулы сыныптар ұйымдастыру арқылы нысандарымызды мүгедектер үшін қолжетімді жасауымыз қажет.

Бұл қиын шаруа емес, тек идаралық кедергілер мен шарттылықтарды еңсере білсек болғаны.

Біз қазір «Көмек» әлеуметтік жәрдем орталығы» жобасын іске асыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, ол, негізінен, тұрмысы нашарларға заттар жинауға арналған контейнерлер орнатып, мүгедектерді мамандықтарға оқыту, мүмкіндігі шектеулі жандарға шеберханалар ашып, олар жасаған сый-кәделерді онлайн арқылы сату шараларынан тұрады.

Осылармен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс толықтай қайта қаралғанын: ешкімге қажеті жоқ әрі сөзбұйда отырыстар, «дөңгелек үстелдер», «конференциялар» өткізу енді едәуір азаятынын айтқым келеді. Қаржылық ресурстар тұрмысы төмен азаматтар санатын қолдап, мүгедектер мұқтажын қанағаттандыруға, жастардың тартымды да инновациялық жобаларын және т.б. жүзеге асыруға жұмсалмақшы.

Міне, осындай мәселелерді Астанада басымдық беру ретімен шешеміз.

ЖЕДЕЛСӨЗ

Мейіржан СӘРСЕНБАЕВ, «Астана Газ Сервис» АҚ вице-президенті:  Әкімнің халыққа есеп беруі жоғары деңгейде өтті. Менің ойымша, басшылардың халықпен осындай кездесуі мемлекеттік органдар мен халықтың арасын жақындастырады. Халық басшыларға өзінің мұң-мұқтажын, арыз-шағымдарын дер шағында жеткізе алады. Олардың мәселелерінің шешілуі мемлекеттік мекемелердің басшыларына да абырой әпереді. Сол үшін билік халықпен бірігіп жұмыс істегені дұрыс. «Жалғыздың үні шықпас» деген сөз бар. Ынтымақтаса атқарған істі еңсеру оңай болады. Осы жерде шешімін таппай келе жатқан мәселелер көтеріліп, жоғары жақтарға жеткізілді. Сол түйіндер ұзамай тарқатылады деп ойлаймын. Соның ішінде жолды жөндеу, қоғамдық көлік мәселелері жолға қойылатынына сенемін.

Ардақты астаналықтар!

Енді өз жұмысымыздың бұрыннан келе жатқан тағы бір маңызды бағытына тоқталмақшымын. Яғни, республика бойынша Астанада ең төмен деңгейде тұрған жұмыссыздық мөлшерін мейлінше азайта түсу жайында сөз қозғалмақ. Міне, осыған орай қаланың тиісті мекемелерінің бәріне ұйымдастырушылық тұрғыдан нақты шараларды қолға алып, қысқа мерзім ішінде Астанада жұмыссыздық атаулыны жою жөнінде тапсырма бар.

Бүгінгі таңда қалалық статистика департаментінің мәліметі бойынша, жалпы еңбекке белсенді тұрғындардың – 452500 адамның ішіндегі 23600-і – жұмыссыз. Үлес салмағы жағынан алғанда, жұмыссыздық 5,2 % деңгейінде тұр.

Алайда, ресми түрде әкімдікке қазір 2544 жұмыссыз тұрғын тіркелген және 1,5 мың бос жұмыс орны бар.

Жалпы ахуал мынадай: жұмыспен қамту орталығына келген адам көбінесе ұсынылған жұмыстан бас тартып, неғұрлым мәртебелі әрі жоғары айлық төлейтін қызмет іздейді. Бұл оның күнелтетін қаражаты барын, жұмыссыз емес екендігін білдіреді.

Шын мәнінде, көлденең табысы жоқ, күнкөрісі қиын жан ұсынылған бос орынның ешқайсынан бас тартпас еді.

Сондықтан, біздің мақсатымыз бос орындар дерегі базасының тізбесі мен ауқымын ұлғайтып, жұмыссыздарды нақты кәсіпорындар мен мамандықтар бойынша жұмысқа орналастыру болып табылады. Яғни, жұмыссыздық мөлшерін мейлінше, нөлдік деңгейге дейін төмендетуіміз керек.

Тағы бір кезек күттірмейтін міндет – білім беру мен медицина қызметтерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету.

Астананың өркендеп, өсуі жылдарында қала тұрғындары үш еседей көбейді. Күн сайын – 60-тан аса, айына екі мыңдай сәби дүниеге келеді, сондай-ақ, мектеп жасындағы мыңдаған бала келіп қосылады. Бұл, ең алдымен, қаланың білім беру және денсаулық сақтау жүйесіне елеулі ауыртпалық түсетінін білдіреді.

Осылайша, қаланың мектепке дейінгі мекемелеріндегі орын тапшылығы 37 мыңнан асып кеткен, ал кезекте 83 мыңнан аса бала тұр.

Балаларға арналған мекемелер тапшылығы осы бетімен өсе беретінін түсінуіміз керек. Мектепке дейінгі мекемелерді мемлекеттік бюджет есебінен салудың әрдайым тиімді әрі пайдалы бола бермейтінін өзге елдердің тәжірибесі көрсеткен. Бұл бюджетке үлкен ауыртпалық түсіреді.

Балабақша үшін төленетін ақы, қызметкерлерді ұстау, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді өтеу шығындары тұрмақ, тіпті, тамақтандыру шығынын да ақтамайды.

Сондықтан, бұл мәселе мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясында, салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатынан балабақшалар ашу арқылы шешілуге тиіс деп санаймын.

Мұны құрылыс нысандарын салуды жобаламас бұрын ескеру керек.

Жалпы білім беретін мектептер жайына келер болсақ, мұнда тапшылық мөлшері 1864 оқушы орнына жетіп тұр.

Осынау мәселенің түйінін шешу үшін мынадай шаралар көзделген:

2015 жылы 2440 орынды 10 балабақша мен бір балабақшаға 60 орынды жандама жай салып, пайдалануға беріледі.

Биыл 5075 орынды 5 жаңа мектеп пен 1050 орынды екі жандама жай іске қосылады.

Осылармен шектеліп қалмаймыз: 2015 жылы 1200 орынды бес балабақшаның және 4800 орынды бес жалпы білім беретін мектептің құрылысын бастау жоспарланған.

Оның үстіне, білім беру мәселесі дегеніміз – тек құрылыс жүргізіп, ғимарат салу емес қой, сондай-ақ оқыту мен тәрбиелеудің сапасын жақсарту ғой, осыған әріптестерімнің ерекше назар аударуын өтінемін.

Осыған орай жаңа жүйе бойынша мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде жоспарлы түрде жұмыс жүргізіледі. 2015 жылы 400 мұғалімді оқыту жоспарланған.

Бұған қоса, біз балаларды оқытуға арналған планшетниктерді пайдаланатын «Apple Lab Astana» жобасын қолға алмақшымыз. Сондай-ақ, «Кәсіптер навигаторы» атты оңтайлы қосымшаны жасақтаймыз, бұл жастардың заманауи мамандықтар әлемінде адаспай жол табуына жәрдемдеседі.

Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда оқушылардың білім деңгейлері өсе түскені қуантады. Сегіз жыл бойы Астана қаласының олимпиадалық командасы «Үздік команда» атағын жеңіп алып, республика бойынша 1-орын алып келеді. Тұтастай алғанда, қала бойынша оқушылардың білім алу сапасы 56,2%-дан 57,6%-ға көтерілгенін айтуымыз керек.

Астана – елордасы, заманауи қала, өзінің ерекше көз тартып, көңіл баурар жерлері: саябақтары, театрлары, музейлері бар, осылардың бәрі ересектерді де, балақандарды да қызықтырып, таным көкжиегін кеңейте түседі.

Қазіргі кезде қаламызда ғажайып Оқушылар сарайы жұмыс істейді. Онда 9 мыңнан аса баланы қамтитын 116 атаулы үйірме мен секциялар бар.

Оқушылар сарайы жұмыс істей бастаған екі жыл ішінде оның үш мыңнан аса тәрбиеленушілері 350-дей халықаралық, республикалық және қалалық конкурстарға, фестивальдерге, чемпионаттар мен турнирлерге қатысқан. Көңіл сүйсінтерлік нәтиже бұл.

Мектептердің жанында көптеген спорт алаңдары барын, игі тәжірибе қалыптасқанын: 15 шақты аула клубы жұмыс істейтінін өздеріңіз білесіздер. Бүгінгі таңда осы клубтардың ғимараттары қайта жабдықталып, әр алуан үйірмелер мен секцияларда тегін сабақтар өткізуге лайықталып жасалды. Оларда әр алуан спорт түрлері бойынша жаттығулар, саламатты тұрмыс салтын қалыптастыру сабақтары, би мен хореография машықтары, шетел тілдерін үйрену курстары және т.б. өткізіледі.

Дей тұрғанмен, мемлекет қамқорлығына қарайлап отыра бермей, қалалықтардың өздері балаларына осындай жағдай жасап, мүмкіндік тудыру жағын да ойлана жүруге тиіс.

Егер балаларымыздың сабақтан бос уақыттарын қалай өткізетіндіктеріне бей-жай қарай алмайтын жандардың осындай клубтарға қолдау көрсетіп, жаңа нәрселер жасауға, өздері жетік меңгерген машықтарға үйретуге шама-шарықтары әбден жетеді десем, қателеспейтін шығармын.

ЖЕДЕЛСӨЗ

Зәуре САДЫҚОВА, №48 мектеп-лицей директоры:  Қаланың қарапайым тұрғыны ретінде айтарым, Әділбек Рыскелдіұлы бүгін қала тіршілігіне қатысты барлық мәселенің басын ашып берді. Астана еліміздің бас қаласы болғаннан кейін, бұл жерде республикалық, халықаралық деңгейде туындап жатқан көкейтесті мәселелер бар. Соның ішінде әуежайдың жаңа терминалы мен жаңа темір жол вокзалын салу жөнінде ақпарат берді. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне арналған құрылыс нысандары туралы айтып, көрмені өткізуге дайындықты пысықтап алғандай болды. Сондай-ақ, көрме кезінде жұмыс істейтін еріктілер мәселесін де қозғап өтті. Сонымен бірге денсаулық сақтау, білім беру, коммуникация секілді бүкіл салаларға тоқталды. Жалпы, есеп беру өте жүйелі өтті деп санаймын. Баяндама сапалы жасалды. Оған ел тарапынан айтылар сын жоқ. Бірақ, осы есеп беруде өзімді былтырдан бері мазалап жүрген бір сұрақ қайтадан қылтиып шыға келді. Халық осындай есеп беруге келгенде өзінің жеке басындағы кішкентай өтініштерді айтпай, үлкен, елге қажет мәселелерді көтеруі тиіс. Себебі, көбіміз кезінде осы қалаға келдік. Мәселен, менің төрт балам бар. Неге оларды асырау, тәрбие беру мәселесін басқаның мойнына артып қоюым керек? Жарайды, науқасы бар, балалары мүгедек адамдарды қолдау керек. Ал, екі қолы мен екі аяғы сау адамдар неге өздері еңбектенбей, сұрамшақтана береді? Меніңше, билікке арызданардан бұрын ойланып алу керек. Мемлекетке, елге, ұлтқа қызмет ету мәселесін алдыға шығару қажет.

 DaVinci

Денсаулық сақтау саласы

Соңғы жылдары  медицина инфрақұрылымында  тұрақты даму  байқалады. Егер күн сайын қаланың медициналық мекемелерінің қызметіне   5 мыңнан аса астаналық  жүгінетінін ескерсек, бұл – өте маңызды. Осы бір ғана деректің өзі  денсаулық сақтау нысандарын дамытуға бағытталған шараларға айрықша маңыз береді.

Биыл алты денсаулық сақтау  нысанының құрылысы қатар жүргізілуде, оның ішінде бесеуін осы жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Олар:

–Сол жағалаудағы, Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойындағы ауысымына 500 кісі қабылдайтын амбулаториялық-емханалық кешен;

–Ильинка ауылы Ж.Досмұхамедұлы көшесіндегі  ауысымына 150 кісі қабылдай алатын алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы;

–250 төсек орынға шақталған балалардың жұқпалы ауру ауруханасы;

–250 төсек орынға шақталған медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы мен ауысымына 150 кісі қабылдай алатын емхана;

500 төсек орынға  лайықтала салынған Туберкулезге қарсы күрес диспансер келесі жылы   жұмыс істей  бастайды.

Жоғарыда аталған нысандарды пайдалануға беру есебінен Астананың денсаулық сақтау саласындағы шамадан тыс ауыртпалық азайып, қалыпты жағдайға келтіріледі.

Әрине, білім беру  және денсаулық сақтау  нысандарын салу – жалпылай алғанда саланың қалыпты дамуына ауадай қажет. Алайда, ең бастысы – көрсетілетін қызметтің сапасы екеніне шүбә келтірмейтін шығарсыздар.

Сапалы медициналық қызмет ұйымдастыруға, басшылық жұмысының нәтижелілігіне  көп нәрсе байланысты.

Мәселен, материалдық-техникалық қамтамасыз етудің  тапшылығы салдарынан жедел медициналық жәрдем көрсету жүйесінің сапасы сын көтермейді. Адамдар «жедел жәрдем»  дәрігерлерін сағаттап сарыла  күтеді.

Мемлекет аталмыш саланы дамытуға орасан зор қаржы бөлуде. Бүгінгі таңда біршама   заманауи медициналық мекемелер бой көтерді, алайда  жұмысты ұйымдастыруға келсек,  «баяғы, байғожаның таяғы» демеске лажың жоқ.  Яғни, тағы да сапасына емес, санына көп мән беріп кеттік.

Біздің қаламыз бұл тұрғыда  бірінші болуы тиіс.  Сондықтан психологиямызда һәм күнделікті қам-қарекетімізде «астаналық сапа» деген ұғымды ұдайы есте сақтасақ, артық болмас еді. Инфрақұрылымды дамыта отырып және барлық әлеуметтік мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайта отырып, біз бір  ғана мақсатты көздеуіміз керек, ол – көрсетілетін қызмет сапасын әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізу.

ЖЕДЕЛСӨЗ

Ләйлә ИШБАЕВА, дәрігер:  – Тұрғындар мен әкім арасындағы екіжақты тілдесудің куәсі болып, қаланың тыныс-тіршілігімен кең түрде таныса алдым. Сұрақ қойып үлгермесем де, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы, денсаулық сақтау нысандарының құрылысы сияқты өзімді мазалаған мәселелер көтерілді. Үш кішкентай балам бар болғандықтан, биыл он балабақша пайдалануға берілетінін естіп қатты қуандым. Сондай-ақ, бес денсаулық сақтау ұйымының құрылысы да осы жылы аяқталады екен. Соның бірі 150 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы мен тұратын Ильинка кентінде ашылмақшы. Яғни, елорда тұрғындары көбеюде. Ал, олардың жұмыссыз қалмауы да өте маңызды. Әкім Астанада 1500 бос жұмыс орны барын, 2000 адам жұмыссыз ретінде тіркелгенін айтты. Меніңше, қазіргі жаһандағы экономикалық тұрақсыздық жағдайында жұмысты лауазымына қарай талғамауымыз керек. Қандай жұмыс болсын, әйтеуір, бос орын табылды ма, мүмкіндікті жібермеген жөн.

 alau1

Мәдениет, спорт және туризм

Қаламыз әлемдегі ең жас астана ретінде дамылсыз даму үстінде.  Сондықтан Астананың танымал мәдени, спорт және туристік орталыққа айналуына барлық қажетті алғышарттар бар деуге болады.

Былтыр қаламызға сырттан  600 мыңдай адам  келіп-кетті.  Әрине, оның ішінде ішкі туризмнің үлес салмағы басымырақ. Бірақ әңгіме басқада – іргесі қаланғанына небәрі 17 жыл толған елорданың жетістіктерін көзбен көруге ынтығушылардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Әрі  қаламызда тамашалауға тұрарлық  көрнекі жерлер жетіп-артылатыны  мерейімізді үстем қыла түседі.

2017 жылғы «ЭКСПО»-ны өткізудің  мәртебелі міндеті бізге жүктелгені баршаңызға аян. Биылдан бастап көрменің  қызу дайындығына кірісеміз.

Дүниежүзілік  масштабтағы айтулы шараға дайындығымыз сақадай сай болуы қажет. Көрменің ашылуына екі жылдан сәл ғана артық уақыт қалды. Дүниенің төрт тарабын  жинайтын, жаһан жұртының құлағын көтеретін бұл шара – Астана үшін айрықша маңызды, өйткені ол қала инфрақұрылымының одан әрі жетіліп, дамуына демеу берері сөзсіз.

«ЭКСПО» қаланың тіршілік бағыттарын түгел қамтиды. Бұл тұрғыдан алғанда, біз барлық аспектілерде көш ілгері болуымыз қажет.  Бұл дегеніміз – клиенттерге  шетел тілдерінде  қызмет көрсету, маңдайша жазулар мен нұсқаулықтардың барлығын көптілділікке көшіру.

Біздің қаланың өз ерекшелігі бар:  климаты салқын белдеуде орналасқан. Сондықтан осы артықшылығымызды жан-жақты ескеріп, кәдеге жарата алуымыз керек. Атап айтсақ, ол – мұз қалашықтар салу, қарүсті бағдарларын жасау. Жалпылай алғанда, климаттық жағдайды қаперге ала отырып,   бұқаралық шара ұйымдастыруға әбден болады.Оның үстіне, қазіргі таңда, Астанадағы көптеген қонақ үйлер стандартқа сай емес,  халықаралық талаптарға жауап берерліктей  сертификаттары жоқ. Сондықтан кейбір факторлардың нашарлығына байланысты халықаралық сұранысқа сәйкестік мәселесіне келгенде аяқасты қиындықтар туындап қалуы ғажап емес.  Сол себепті, бірінші кезекте қаланың қақпасы, шаһардың ат байлар қазығы саналатын – әуежай, авто, теміржол вокзалдарындағы қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылдауымыз керек.

Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі өткеннен кейін барлық нысандар, менеджмент мәдениеті өзімізге мұра  болып қалады. Осының мәнісін түсінгеніміз абзал.

Спорт пен мәдениетке келер болсақ, олардың Астанадағы даму деңгейі айтарлықтай жоғары. «Жастар» театрының  репертуары мен  актерлік труппаның ойынындағы   шығармашылық ізденістерін  айрықша атап өткім келеді.

Мәдени нысандармен қатар, қала бойынша балаларға арналған  спорттық алаңдар мен ғимараттар  салу жөнінен едәуір жұмыс атқарылды. Елбасының тікелей қолдауымен спортшылардың дайындығы үшін жасалып жатқан жағдай, инфрақұрылымды дамыту өзінің оң нәтижесін беруде. Ал, спорт пен дене шынықтыруға қатысты қалған жұмыстарды атқару – сіз бен біздің мойнымыздағы міндет.

Әлбетте,  спортпен және дене шынықтырумен айналысу елордада бұқаралық сипат алуы тиіс. Айталық, әлемнің ірі қалаларында таңертеңгілік  өзен жағалауы, гүлзарлар мен саябақтарында жаттығу жасап, жүгіріп сеңдей соғылысып жүрген адамдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың тек желкілдеген жасы ғана емес, жасамысы да, егдесі де ерте тұрып, саулығын күтетіні біздің әлі сүйегімізге сіңе қоймаған дағды екені рас.

Дей тұрғанмен,  саламатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға уақыт,   ерік-жігер таба алған елорда тұрғындары күннен-күнге көбейіп келе жатқаны қуантады.

Астанада жиыны 20 шақты ірі спорттық нысандар бар: «Алау» мұз айдыны, теннис орталығы, «Астана Арена» стадионы, «Сарыарқа» республикалық велотрегі және тағы басқалары тек кәсіби спортшыларға ғана емес, қатардағы қарапайым азаматтарға да қолжетімді.

Негізгі сорабы бар, енді бұл саланы одан әрі дамытуымыз керек: жаппай жүгірулер, түрлі турнирлер ұйымдастыру, тұрғын үй            аулаларында спорт жабдықтарын орнату, фитнес-орталықтарды бұқараға қолжетімді қылу механизмдерін ойластыру қажет.

Өйткені, тұрғындардың саулығы – қаланың тұрақты дамуының ажырамас бөлшегі екені анық.

Құрметті астаналықтар!

Алдағы маңызды шаралар туралы айтып өтсем деймін.

Ағымдағы жылы біз сіздермен Қазақстан Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетін боламыз. Сонымен қатар бізді басқа да ауқымды қоғамдық-саяси шаралар мен оқиғалар күтіп тұр.

Жуырда қала билігімен болған кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыған айрықша назар аударды және алдағы уақытта елордада өтетін барлық мерейтойлық шараларды атап өту негізінде басты тақырып  халқымыздың тұтастығы, бірлік пен келісім болу керектігін тағы да еске салды.  Біздің басты мақсатымыз – мерекелік көңіл-күймен елорда тұрғындарының барлығын қамту, сол арқылы әр астаналықтың ел өмірі мен туған қаласына деген мақтаныш сезімін ояту.

Құрметті кездесуге қатысушылар!

Сіздердің сұрақтарыңызға жауап берместен бұрын мынаны айтқым келеді.

Біз осыған дейін Әкімдіктің кеңсесіне,  «Виртуалды қабылдау», «Халықтық бақылау» және «051» қызметі рубрикалары бойынша әкімдік сайтына ресми хат ретінде келіп түскен өтініштер мен шағымдарды мұқият талқыдан өткіздік. Жоғарыда айтып өткен байланыс қызметтеріміз шын мәнісінде әкімдік пен оның басқаруындағы мекемелердің қалалықтар мен елорда қонақтары арасындағы өзара байланыстыратын механизмге айналып отырғанын да  айтып өткеніміз жөн.

Бұл дегеніміз қала тұрғындарымен күнделікті және тікелей байланысқа шығу. Мен, Әкім ретінде азаматтардың өтініштерін тұрақты қадағалап және тексеріп отыратынымызды, сондай-ақ бірде-бір шағымның назардан тыс қалмайтынын тағы да қайталап айтқым келеді.

Біз қаладағы аялдамалар мен лифттерде жоғарыда аталған байланыс қызметтерінің рубрикалары мен телефондарын арнайы ілдіріп қойдық. Соның нәтижесінде бүгінде келіп түскен өтініштердің саны да 50 пайызға артып отыр.

Маңыздылығына қарай жіктесек, көтерілген жүйелі және жекелеген проблемалар,  сонымен қатар жеке бастың сұрақтары санқырлы десек болады. Ал, енді осы сұрақтардың бәрін топтастырып қарайтын болсақ, онда бірінші төрттікке өзектілігіне қарай мына сұрақтар шығып отыр:

– тұрғын-үй және үлестік құрылыс;

– абаттандыру және санитарлық жағдай;

– көлік инфрақұрылымы;

– электр, жылу және сумен жабдықтау.

Сонымен, өткен кезеңде осы мәселелерді шешу бойынша не атқарылды?

Қаланың тұрғын үй қорына ресми емес тексеріс жүргізілді. Біз адамдардың қалай тұрып жатқандарына, қандай проблемалар бар екеніне, атап айтқанда, коммуналдық қызметтердің жұмысынан бастап, үй кіреберістеріндегі домофондардың қалай жұмыс істейтініне дейін  көз жеткіздік.

Жоғарыда атап өткенімдей, қалалық қоғамдық көліктің қозғалыс реттілігін  және жалпы қызмет көрсетудің сапасын, сауда орындарының, қалалықтардың демалыс орындарын, жарнама кеңістігін пайдалану жағдайына және басқа да халыққа қызмет ұсынатын нысандарға бақылау рейдтері жүргізілді. Бұл тексерулердің барысында нақты шешімдер, оның ішінде орын алған келеңсіздіктерді жою, ұйымдастырушылық және кадрлық тұрғыдағы шешімдер де қабылданды.

Осы жерде мына жайды міндетті түрде айтып өткім келеді. Біздің жаңа кезеңдегі жұмысымыздың принципті бағыты қаладағы барлық органдар мен қызметтердің жұмыс тиімділігін бағалау болмақ. Бұл бағалаудың басты бағамы көрсетілген қызметтерге тұрғындардың берген өтініш-шағымдары санына қарай анықталатын болады.

Мен бұл жұмысты күн сайын бақылап отырмын, сондықтан да Әкімдіктің бөлімшелері мен қалалық қызметтер көбінесе азаматтардың өтініш-шағымдарына жеткілікті мән бермейтінін, жұмысты қағазбастылыққа айналдырып жіберетінін, атқарушылық тәртіпті орындамайтынын білемін. Бұл жерде айтарым: жұмысын тиісінше атқара алмаған кейбір басшыларға қатысты қатаң шаралар қолдандым.

Осы мақсатта, яғни елордалық Әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері жүргізіп отырған жұмыс жөнінде қала тұрғындарын ақпараттандырып отыру үшін «Астана» телеарнасында «Astana Live» арнайы жобасын іске қостық. Осындағы «тікелей эфир»арқылы 12 ақпаннан бастап қалалық мекемелердің басшылары қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере бастады.

Сөзімнің соңында айтпағым, қала тұрғындары мен қаланың тірлігін жақсартуға қатысты барлық мәселелерді, оның ішінде бүгінгі кездесу барысында  көтерілген сұрақтардың шешімін табу бойынша  тыңғылықты шаралар қабылданатынына Сіздерді сендіргім келеді.

 10991674_864460233606276_978690855165027374_o

Құрметті астаналықтар!

Жоғарыда атап өткенімдей атқарылған іс аз емес. Бірақ алдағы жоспар одан да көп.

Стратегиялық және қысқа мерзімді жоспарлар қашан да басты назарда болады. Біздің жол – өткен мен бүгінді зерделеп, келешекке абыроймен қадам басу. Бүгін Сіздермен қаланың дамуы мен болашағына байланысты пайдалы мәселелерді бірге талқылаймыз деп сенемін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 6 =