©2020 Астана Ақшамы
АСТАНА ӘКІМІ АТКИНСОН ӘУЛЕТІМЕН КЕЗДЕСТІ
ХІХ ғасырда Қазақстанды зерттеген ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонның ұрпақтары Астанаға ат басын тіреді. Сапар барысында қонақтар елорда әкімі Әсет Исекешевпен кездесті, деп хабарлайды Астана қаласының баспасөз қызметі.
Елорда әкімі саяхаттың биыл тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтетін Қазақстанның жаңа тарихының нышаны, еліміздің бас қаласы – Астанадан басталуының символикалық мәні бар екендігін атап өтті. Қала басшысы шаһардың сәулетіне тоқталып, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық, сондай-ақ, қазіргі заманғы Қазақстандағы «жаңа Аткинсондарды» еліктіретін жайттар туралы айтып берді.
Кездесу барысында елорда әкіміне «Оңтүстікке Ұлы далаға. 1847-1852 жж. Томас пен Люси Аткинсондардың Шығыс Қазақстанға саяхаты» кітабының авторы Ник Филдинг қолы қойылған өз еңбегін табыстады. Өз кезегінде Ә.Исекешев «Бұл кітаптың арқасында қазақстандықтардың жаңа буыны, сондай-ақ, әлемдік қоғамдастық қазақ халқының сол замандағы бай тарихымен таныса алады» деп, қонақтарға алғысын білдірді.
Ағылшын саяхатшылары Томас пен Люси Аткинсондар – Орталық Азия мен Сібірде басқа еуропалықтарға дейін саяхаттаған ХІХ ғасырдың танымал зерттеушілері. Олардың еңбектері – қазақ жерлері патшалық Ресейдің қарауына өткенге дейінгі кезеңдегі көшпенділердің тыныс-тіршілігі туралы бірегей жазбалар. Шетелдіктердің елімізге саяхаты 10 күнге жалғасады. Делегация Алматы қаласына соғып, Қапал ауылындағы «Тамшыбұлақта» ескерткіш мемориал орнатады. Сонымен қатар, қонақтар Сарқан және Талдықорған, Жаркент пен Шонжы қалаларында мәдени бағдарламаларды тамашалайды.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ