Астана әкімдігінде елорданың көлік кешенін дамыту жайы талқыланды

0 96

Бейсенбі күні қала әкімінің қатысуымен өткен 2017 жылдың алғашқы қоғамдық тыңдалымында елорданың көлік кешенін дамыту жайы талқыланды. Жиында мамандар мен қоғам өкілдерінен маңызды ұсыныстар айтылып, бірқатар бастамалар көтерілді. Соның бірі – сырттан келетін көліктердің елордаға кіруін ақылы ету жүйесі. Осы секілді талқылау сатысындағы кейбір мәселелерге қатысты пікір-таластар да туындады.

erm_3191

Қысқасы, барлық ұсыныстар 1 ақ­панға дейін әкімдікке түскеннен кейін нақты шешім қабылданатын болады. Айта кетейік, қала билігі өкілдері мен тұрғындар арасындағы диалог барысында Астананың 2017 жылға арналған жол-көлік ин­фра­құрылымын дамыту бағдар­ламасы таныстырылды.
Қоғамдық көлік мәселелерін талқы­лауға арналған жиында қала әкімі Астана қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылдан­ға­нын мәлімдеді. Ол құжатта белгілі мерзім ішінде қаланың әлеуметтік, экономикалық, мәдени, көлік, инфра­құрылым және тағы басқа маңызды салаларының даму жолдары нақты­ланғанын айтты.
«Қазір осы бағыттағы жұмыстарды тиімді үйлестіру мақсатында Тұрақты дамыту кеңесі құрылды. Алдағы уақытта қоғамдық тыңдаулар сияқты түрлі пікірлесу алаңдарын өткізіп, қала тіршілігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын боламыз» деді Әсет Исекешев. Қала әкімінің айтуынша, қо­ғамдық көлік саласындағы жұмыс­тарды жетілдіру мақсатында жұмыстың негізгі бағыттары белгіленген. Алда ауқымды жұ­мыс­тар күтіп тұр. Жеке көліктердің жүрісін төмендету, қоғам­дық көлікке деген сұра­нысты арттыру, жол қоз­ға­лысы қауіпсіздігін жо­ғарылату, экология­лық жағдайды жақсарту және көлік кешенін басқару аталмыш бағ­дарлама аясында ше­шімін табады.

380 автобус әкелінеді
Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, бүгінде қаламызда қоғамдық көліктер 81 бағытта қызмет көрсетіп, жалпы қашықтығы 3500 шақырымды құрайтын күн сайын 875 мың жол жүреді.
Әрине, халқы көбейіп келе жатқан елорданың қоғамдық көліктерге деген сұранысы да артып келеді. Оны тұрғындардың қала әкімдігіне жазған өтініштерінен-ақ байқауға болады. Дәл осы мәселемен қаншама адам хабарласып, автобус бағыттарын создыруды немесе арнайы бағыт ашуды сұрайды.
«Тұрғындардың талабы орынды. Дегенмен, бәрін бір уақытта шешіп тастау мүмкін емес. Мамандардың қатысуымен мәселені жан-жақты тексеріп, содан кейін ғана бір шешім қабылдағанымыз жөн. Жалпы, қоғамдық көлікті жаңарту кезең-кезеңмен іске асырылатын болады. Ағымдағы жылдың мамыр айында жаңадан 380 автобус әкелінеді» деді қала басшысы Әсет Исекешев.
Одан бөлек, биыл жеке инвесторлардың есебінен 200-ге жуық жайлы аялдама павильоны орнатылатыны айтылды.

Бүгінде 11 аумақта жалпы қашықтығы 33,6 шақырымға созылған «Bus Lane» енгізілген. 2017 жылы 64,7 ша­қырым болатын 24 аумақты қосымша енгізу жоспарланған

Оқушылар тасымалы оңтайланады
Белгілі болғандай, Астанада 117 мың оқушының 20%-ы мектепке күнделікті қоғамдық көлікпен баратын болған­дық­тан, жолдағы кептеліс артып келеді. Әсіресе, жұмыс бас­талар уақытта көлік ағынына әжеп­тәуір салмақ түседі.
«Кешенді бағ­дар­лама шең­берінде мектеп тасыма­лы­ның жаңа жүйесі құрылатын болады. Оның нәтижесінде оқу­шылардың қа­тысуымен бола­тын жол-көлік апатын азайту, ата-аналардың балаларын жеке көлікпен тасуын төмен­дету көзделуде. Мектеп тасы­ма­лының маршруттық жүйесі құрастырылып, жобаны жүзеге асыру үшін алғашқы уақытта 45 жаңа автобус пайдалануға беріледі» дейді Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов.
Оның сөзіне сүйенсек, бірінші кезекте шеткі аумақта орналасқан мектептердің мәселесін шешу қарастырылған.

Көше қозғалысы реттеледі
Астана қаласы Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Болат Сәулебаев көлік жолдарына қатысты енгізілетін өзгерістермен та­ныс­тырды. Ең басты мақсат – қоғам­дық көлік қозғалысының орташа жылдам­дығын 18%-ға ұл­ғайту. Осыған бай­ла­­нысты бүгінде 11 аумақта жалпы қа­шық­тығы 33,6 ша­қы­рымға созылған «Bus Lane» енгізіл­ген. 2017 жылы 64,7 шақырым болатын 24 аумақты қосымша енгізу жоспар­лан­ған. Яғни, қоғамдық көлік­тердің орташа жылдамдығын 2 есеге арттырып, авто­бустардың күту уақытын 15-20 минуттан 7-10 минутқа дейін қысқарту жоспарда бар.
«Бір жақты қозғалыс тұрғындар үшін тиімділігін көрсетті. Өткен жылы 6 көшеге біржақты қозғалыс енгізілгені белгілі. Ол қоғамдық көліктердің жолда жүру қашықтығын ұлғайтты. Биыл Абылай хан және Шәкәрім Құдайбердиев даңғылдарында 5,3 шақырымды құрайтын бір жақты қозғалыс жолын енгізу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде көлік ағынын реттеуге септігін тигізеді» дейді ол.

Қоғамдық көлік қаты­насын дамыту жоспарына сәйкес, мамыр айынан бастап көлік ағыны көп болатын мерзімде елордаға көлікпен кірудің ақылы жүйесі қолданысқа енгізіледі

Кадр мәселесі қаралады
Аталмыш жиында қала басшысы Әсет Исекешев автобус жүргізу­шілерінің тәртібіне назар аударды. Өйткені, елордалық жүргізушілер арасында жылдамдық өлшемін арттырғандар, ұялы телефонмен сөйлесетіндер, қауіпсіздік белдігін тақпайтындар, жолда жарыс ұйым­дастыратындар көптеп тіркелген.
«Мұндай келеңсіз оқиғалар жолау­шылардың өміріне қауіпті. Қоғамдық көліктің ең басты қиындығының бірі – сауатты кадрлардың жетіспеушілігі. Жылдың аяғына дейін 700-ден астам адамды жұмыспен қамту жоспарлануда» деді шаһар басшысы.
Жалпы, тұрғындар тарапынан кө­терілген мәселенің бірі – авто­бус­тардың уақытын ұзарту. «Қоғамдық көліктердің қозғалысын түнде ұйым­дастыру тәжірибесі әлемнің көптеген мега­по­лис­терінде бар. Сон­дық­тан біз бірқатар бағ­дарлардың жұмысын алдымен түнгі сағат 12-ге дейін, содан кейін таңғы сағат алтыға дейін ұзартуды көз­дейміз. Бірақ, ең бас­тысы, автобус жүр­гі­зушілері мәсе­лесін тиімді шешіп алған жөн. Олардың жалақысын қарап, екі ауысымда жұмыс істеуін ұйымдастыру өзекті» деді Әсет Исекешев.

9000 автотұрақ құрылады
«Астананың автотұрақ кеңістігін басқару» жобасы бойынша 2017 жылдың соңына дейін 9000-ға жуық ақылы автотұрақ орнын құру жоспарланған. Алғашқы жоба вокзал маңындағы алаңда іске асырылғаны белгілі. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде автобустардың бағдарлық желісі жаңартылады. Мәселен, 2017 жылы жаңа теміржол вокзалының жанынан өтетін бағдарлардың қозғалыс сызбалары өзгереді. Тәулік бойы жұмыс істейтін әуежай, теміржол, вокзал, автовокзал және сауда ойын-сауық орталықтарында түнгі бағдар енгізу ұсынылды.

Тұрғындардың тілегі жауапсыз қалмайды
Жалпы, қоғамдық тыңдалым кезінде елорда тұрғындары тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Әлеуметтік желілер арқылы да шағымдар келіп түсті. Кейбір мәселелерге тиісті сала мамандары сол мезетте жауап берді. Қала басшысы нақты шешімді қажет ететін шаруалар айдың соңына дейін қаралып, әрбір тұрғынның сауалы жауапсыз қалмайтынын айтты.
Жалпы, елорданың көлік кешенін дамыту бағдарламасы қоғамдық өкілдер мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, бекітілетін болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =