«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана әкімдігін трансформациялаудың екінші кезеңі

0 124

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Астана әкімдігі аппаратының кезекті отырысында қала әкімдігін трансформациялаудың екінші кезеңі басталғанын жариялады.

Қала әкімінің айтуынша, трансфор­мациялаудың бі­рінші кезеңі экономикалық тиімділікті, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы мен жеделдігін арттыруға өз септігін тигізді. 2018 жылы трансформациялау мен жаңа тәсілдемелерді енгізудің арқасында Астана әкімдігі 27,6 млрд теңгені үнемдеді.
Жаңа өзгеріс бойынша, қазіргі қаржы, бюджеттік және стратегиялық жоспарлау басқармалары жаңа экономика басқармасы болып біріктіріліп, қаланың стратегиялық дамуы мен басым секторларды дамыту арқылы жаңа экономиканы жасақтауға жауап беретін болады. Сонымен қатар, Қалалық ортаны реновациялау басқармасы құрылады. Оған құрылыс және тұрғын үй саясаты, қалалық ортаны регенерациялау, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармалары кіреді.
«Жобалық-бағдар әдісін қолдану ар­қылы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорын салу, жобалық басқарудың әлеуетін пайдалана отырып, әкімдіктің тапсырыс беруші ретіндегі рөлін нығайту, барлық мүдделі тараптармен тиімді қарым-қатынас орнату, смарт-жобаларды іске асыру қажет» деді қала әкімі.
Кешенді және жүйелі ше­шімдер ар­қылы бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттыру керектігін айтқан әкім қаланы жасылдандыру жұмысына да баса назар аударуды тапсырды. «Табиғатты пайдалану саласында қаланы жасылдандыру жұмыстарын жаңаша жүргізген жөн. Қаланың ландшафтық дизайнына байланысты заманауи тенденцияларды ескере отырып, жаңа ережелер жасауды тапсырамын. Экологиялық қауіпсіздік саласында ұзақ мерзімді басымдықтар негізінде әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жобалық басқару әдіс­терін енгізу және қоршаған ортаны қорғау тұ­жырымдамасын дайындау қажет» деді Б.Сұлтанов.
Барлық қоғамдық-идеологиялық жұмыс қоғамдық даму басқармасы арқылы ұйымдастырылады. Бұл басқармаға қоғамдық даму істері, мәдениет және спорт, тілдерді дамыту және арxив ісі басқармалары біріктіріледі. «Үш органның бір идеологиялық блокқа енуі экономикалық тиімділікпен қатар, әкімдіктің аталған саладағы жұмысын жаңа сапалық деңгейге шығарады. Бұл идеологиялық жұмыстар елордалықтардың мәдени деңгейін көтеру және салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы астаналықтардың санасын тиісінше жаңғыр­туға мүмкіндік берері сөзсіз» деді әкім.
Одан бөлек, әкімдікте жа­ңа­дан цифр­ландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы құрылады. «Елбасының елімізді әлемнің ең озық отыз мемлекетінің қатарына қосуға қатысты нақты тапсырмасы бар екенін жақсы білесіздер. Бұл тиісінше жаңа инновациялық даму мен жедел теxнологиялық өзгерістерді талап етеді. Елордада ауқымды «Смарт Астана» жобасы іске асырылуда. Қазір тұжырымдама бекітілген. Бұл, бі­ріншіден, xалықтың жағда­йын жақсартуды, қолайлы қызметтерді ұсынуды көздейтін заманауи жоба. Аталған салаларды цифрландыру ең әуелі еңбек өнімділігін арттыруға, қарапайым xалыққа және кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге, жылдам әрі қауіпсіз ақпарат ұсынуға, деректерді жинақтау, өңдеу, адам капиталын дамыту, яғни креативті қоғам қалыптастыруға мүмкіндік береді» деп атап өтті Б.Сұлтанов.
Жаңа өзгерістерге байла­нысты Бақыт Сұлтанов өзі­нің орынбасары Нұрлан Нұркеновке әкімдіктің идео­логиялық және әлеуметтік жұмыстарын жаңғыртуды, әлеуметтік саладағы жұмыс­тарды жақсарту арқылы жергілікті атқарушы органдардың оң имиджін қалыптас­тыру бағытында жұмыс істеуді жүктеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды