Астана айрықша серпінмен дамуда

0 123

ERA_8505

Елбасының қамқорлығы мен күш-жігерінің арқасында қарыштай дамып, әлемнің алпауыт қалаларымен иық тірестіре өркендеп келе жатқан байтағымыз – Астана қазір өмір сүруге өте қолайлы шаҺарға айналды. Бұған өткен жұма күнгі «Астана опера» театрында елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі жиынды Мемлекет басшысы да жан-жақты тоқталды.

«Қол жеткен жетістіктер – үлкен. Соның барлығын біз елорданы дүние жүзіне астана ретінде жариялаған он алты жылдың ішінде жүзеге асырып тұрмыз. Бұл тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, біздің адамдар осы жылдарда әлемге аты мәшһүр озық қалалардың бірі ретінде елорданы салды. Қаланың гүлденуіне барлық халық, қала әкімдігі, әр азамат ерекше үлес қосты. Астананы бүгінде әлемдегі аса серпінді дамып келе жатқан қала деп есептейміз. Мұны тек біз ғана емес, әлемнің көптеген сарапшылары мойындайды. Біз өзіміздің тәуелсіз мемлекетіміз үшін осындай елорда салғанымызға мақтанамыз. Сонымен бірге, біз қазір бұдан да жоғары межелерді белгілеп, Астанамызды өмір сүруге ең қолайлы қалалардың біріне айналдыру жолында міндеттер қойып отырмыз» деген Мемлекет басшысының сөзі әр адамның көкейіне ұялары сөзсіз. Одан әрі елбасы қала экономикасына тоқталды. Қаладағы өндіріс өнеркәсібінің көлемі 260 миллиард теңгеге жетіп, 7 пайызға өсті. Экономикаға 545 миллиард теңге инвестиция салынды. Бүгінде қалада шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілері өндіретін өнімдер жалпы өңірлік өнімнің 40 пайызын құрайды. Шағын кәсіпкерлікке жұмысқа қабілетті қала тұрғындарының басым көпшілігі қатысып, жергілікті бюджетке түсетін табыстың 70 пайызын береді. Бұл – бүкіл Қазақстанға үлгі боларлық үздік көрсеткіш. Өткен жылы қалада 1 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 4 мектеп, 8 балабақша және бірқатар денсаулық сақтау мекемелері салынды деді. «Өзінің салтанаты жарасқан ерекше нысандарының нәтижесінде елорда ірі мәдениет, сауда және туристік орталыққа айналды. Соңғы жылы Астанаға 1 миллионнан астам турист, оның ішінде 100 мыңнан астам шетел туристі келген. Таяу жылдар аралығында атқарылатын міндеттер санатында қаланың алдында тұрған ең жоғары да жауапты міндет – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін жоғары дәрежеде өткізу. Бұл қаламыздың дамуына жаңа серпін береді. Елордамызда сапалық деңгейі аса жоғары жаңа орталық салынады. Біз ЭКСПО қалашығын салып қана қоймаймыз, біз болашаққа бағдар алған құрылыс нысандарын саламыз. Көрме қалашығында тек «жасыл экономикаға» ғана қатысты емес, сонымен бірге, озық технологияға жауап беретін инновациялық жобалар жүзеге асырылады. Уақыт аз, атқаратын жұмыс ауқымы зор. Сондықтан барынша жұмылып еңбек етуіміз керек» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ал, осы кеңесте баяндама жасаған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2013 жылы қаланың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2,7 триллион теңге болып, жан басына шаққандағы бұл көрсеткіш 23 мың АҚШ долларына жеткендігіне тоқталды.

БЕДЕЛСӨЗ

ассссНұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еуразиялық экономикалық одақ туралы айтқанда сарапшылар мен саясаткерлердің кейбірі әлемдік қоғамдық пікірге Кеңестер одағының мифтік «қайта тірілетінін» айтып, үрей салады. Бұл жөніндегі пайымдарды шындықтан алыс әрі негізсіз деп есептеймін. Біріншіден, бүгінде кеңестік үлгімен қайта ықпалдасу үшін институционалдық база жоқ. Екіншіден, посткеңестік кеңістіктегі халықтар өздерінің дербес мемлекеттерін құрды. Үшіншіден, қазіргі меншік жүйесі, әлеуметтік құрылым және қоғамдарымыздың экономикалық қалыбы кеңестік ескіліктен әлдеқайда алға озып кетті.

СҮБЕЛІ СӨЗ

0111Әділхан АБДУЛИН,

Ұлы Отан соғысы мен мүгедектеріне арналған клиникалық госпиталь директоры:

– Мемлекет үшін халықтың денсаулығы бірінші орында екені белгілі. Жан мен тәннің саулығын бағалай білген халқымыз «Халықтың денсаулығы –елдің байлығы» деп бекер айтпаған. Бүгінде бас қаланың медициналық ахуалының қарқынды дамуы көңіл қуантады. Қарапайым тұрғындардың денсаулығы еліміздің дамуына, экономикасына, әсіресе, әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Сондықтан осы саланы жеделдете дамыту, сала қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды барынша қолдау Мемлекет басшысының үнемі назарында. Жалпы, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы маңыздылығымен ерекшеленеді. Медицина қызметі елордада заман талабына сай жетілдірілуде. Емханалар мен ауруханалар жаңа құрылғылармен жабдықталуда. Заманауи медициналық технологиялар енгізіліп, қызметкерлердің кәсіби шеберлігі артуда. Аз ғана уақыт ішінде елордамыз гүлденіп, медициналық ахуал едәуір жақсарды. Халық саны да артып келеді.Осының барлығы – елорда халқына сапалы медициналық көмек көрсету үшін жасалуда.

турлан тавановТұрлан ТАВАНОВ,

жеке кәсіпкер:

– Бұрын алдымыздан түрлі кедергілер шығатын. Мораторий жарияланғаннан кейін көзіміз ашылғандай болды. Шыны керек, түрлі органдар жоспарлы, жоспарсыз тексерістермен діңкелеткенде, қолға алған кәсібіңді тастай салғың келетін. Әсіресе, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнесі өркендегенше қиын. Ал, СЭС дейсіз бе, салық органдары дейсіз бе оған мұрша бермей есігінің алдына жиі келіп, мазаны алатын. Қазір ол сап тыйылды. Әрине, тексеріс керек, жоқ демейміз. Бірақ, оған себеп туғанда ғана тиісті органдар қимылдаса деймін. Жалпы, кәсіпкерлерді қолдау ісіне үлкен көңіл бөлінгені қуантады. Оларға Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінетінін естіп жатырмыз. Бұл – жақсы жаңалық. Себебі, Қазақстанда кәсіпкерлік өркендесе, ел де дамиды, халық та жұмыссыз болмайды. Ал, жұмыс істеген адам аш отырмайды.  

Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,7 пайызға өсіп, 263,2 миллиард теңге болды. Қазіргі таңда елорданың экономикалық негізін шағын және орта бизнес секторы құрайды. Олар жалпы өңірлік өнімнің 60 пайызын өндіреді. Өткен жылы қаладағы шағын және орта бизнес субъектілері 1 триллион 200 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бүгінде шағын және орта бизнес саласында экономикалық тұрғыдан белсенді қала тұрғындарының 77 пайызы, яғни, 316 мың адам еңбек етеді. Келесі жылдан бастап елорда республикалық бюджетке 7,5 миллиард теңге, ал 2016 жылдан бастап 17,3 миллиард теңге қаржы аудармақшы. Яғни, Астана қаласы республикалық бюджеттің доноры болып саналатын алдыңғы қатарлы 4 өңірдің құрамына кіреді деді қала әкімі. Әлеуметтік салада да үлкен жетістіктер бар. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде 2013 жылы 3 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қазіргі кезде 4 мыңнан астам пәтерден тұратын 11 көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы салынып жатыр. Оның ішінде 8 тұрғын үй кешені құрылысы ағымдағы жылы аяқталады. Ал, көп пәтерлі 3 тұрғын үй кешені 2015 жылы пайдалануға беріледі. Қазір негізінен құрылыс жұмыстары Бас жоспар аясындағы басымдық берілген бес бағыт бойынша жүргізілуде. 2013 жылы 4 орта мектеп пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы 9 жаңа мектеп құрылысы салынбақ. Сөзінің қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев елорданың алдында әлемнің жетекші қалаларымен бәсекеге түсу мақсаты тұрғандығын атап көрсетті. Әлемде қалаларды әртүрлі дәрежеде бағалау қалыптасқан, бәсекелестікке қабілеттілік индексі, өмір сүру жағдайы және қолайлылығы үшін, өмір сүру сапасы бойынша бағалау рейтингтері бар. Біз осындай рейтингтік көрсеткіштерді жақсартуға ұмтылуымыз керек. Тұрғындар өздерінің қаласын сүюі және онда салынған барлық ғимараттарды көздің қарашығындай сақтауы керек. Еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 ел қатарына кіру мақсаты айқындалған. Сондықтан, Астана қаласының алдына аса жоғары міндет – 2050 жылы әлемдегі ең дамыған 10 қаланың құрамына кіру міндеті қойылып отыр деді.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + seven =