Астана айналасындағы орман – елорданың жаңа тренді

0 211

Астананың айналасына 1997 жылдан бастап қолмен отырғызыла бастаған орманды алқап бүгінде 65 мың гектарға жетті. Елордаға қалқан болып, жайқала өскен жасыл желекті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікұшақпен аралап, көгалдандыру ісінің қалай жүргізіліп жатқанын өзі қарап шықты.

Бұдан кейін Ақмола облысы Целиноград ауданы аумағында орналасқан «Қызылжар» орманшылығына келіп, жасыл белдеуді әрі қарай дамыту мәселелері жөнінде арнайы көшпелі жиын өткізген Президент қала маңайын орманға айналдыруға байланыс­ты атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толғанын білдірді.

– Біз күллі Қазақстан мақтаныш ететін, келімді-кетімді кісілер тамсана қарайтын әсем Астананы салдық. Күннен-күнге көркейген елордамен бірге, шаһардың айналасын жасыл желекпен көмкеру ісін қолға алдық. Бүгінде қолмен отырғызылған орманды алқап – елорданың жаңа трендіне айналды. Алғашында ғалым-зерттеушілер Ақмола өңіріне ағаш отырғызу аса тиімді емес екендігін алға тартты. Бірақ мен арпа, бидай, сұлы өскен жерге неге ағаш өспейді деп айттым. «Көз – қорқақ, қол – батыр». Міне, 1997 жылдары басталған көгалдандыру ісі нәтижесін беріп, бүгінде 65 мың гектар жер орманға айналды. Бұл – 4-5 ауданның аумағымен тең. Тікұшақпен бір сағат бойы аралап, тауыса алмадық, – деді Елбасы риза көңілмен.

Мемлекет басшысы барған «Қызылжар» – «Жасыл аймақ» РМК қарамағындағы алты орманшылықтың бірі. Мұнда орман отырғызу жұмыстары 2011 жылы басталыпты. Бүгінде 970 гектар жер жасыл желекке оранған. Мұнда терек, үйеңкі, шегіршін, долана секілді ағаштың бірнеше түрі мен жеміс-жидектер өседі. Жасанды орманды мекен еткен қырғауыл, түлкі, қарсақ, елік секілді аң-құстар да бар. «Астана Орманы» ЖШС «Қызылжар» орманшылығына 2010 жылдан бері 2 мыңға жуық қырғауыл жіберген екен. Еліміздің шығыс өңірінен әкелінген құстар Ақмола орманына тез бейімделген көрінеді. Президент барған сәтте осы орманға тағы 100 қырғауыл ұшырылды.

Жанға жайлы жасыл желек адам денсаулығына пайдалы ғана емес, ол бас шаһарды аңызақ желден, күшті дауылдан, жазғы шаң-тозаңнан қорғайды. Орман отырғызу игілікті іс екендігін еске салған Елбасы:

– Дүниежүзінде қолдан орман жасаған елдер некен-саяқ. Соның бірі – бізбіз. Біріншіден, бұл – шаң мен боран болмайды деген сөз. Соңғы жылдары Астананың климаты жұмсарып келе жатыр. Орман деген бұл – оттегі, адамның денсаулығы, ауаның тазасы. Ол қаланың «өкпесін» тазартады, тыныс жолдарын жақсартады. Жылдар өткенде отырғызған орманымыз жайқалып, ен тоғайға айналады. Сол кезде келер ұрпақ алғысын айтатын болады. Сондықтан бұл істі болашаққа жасалып жатқан игілікті қадам деуге болады, – деді.

Жалпы, Астана төңірегін жасыл алқапқа айналдыру ісі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Мысалы, жасанды орман жасау жұмыстары басталған алғашқы жылдары елорда айналасына жылына 2500 гектар алқапқа ағаш отырғызылған. Кейін оның көлемі жыл сайын 5 мың гектарға ұлғайды. Яғни, жылда орман алқабына миллиондаған түп ағаш қосылып отырады деген сөз. Бүгінде 65 мың гектар аумақты алып отырған жасыл желектің 14 мың гектар бөлігі қала қарамағына беріліпті. Тек былтырдың өзінде Ақмола облысына қарасты орман қорғау мекемелерінің күшімен 1637,1 га жерге ағаш отырғызылған екен.

Осыдан екі жыл бұрын өткен көшпелі мәжіліс кезінде Елбасы Астана төңірегіндегі жасыл белдеуді елордаға барынша жақындату жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты тағы 34 мың га жер зерттеліп, соның 9 мың гектары орман өсіруге жарамды деп танылған. Ағаш тұқымдарын жерсіндіріп, өсіруге екі жылдай уақыт кететінін ескерсек, елордаға барынша жақын орналасқан 2048,9 га аумақ 2015 жылы жасыл желекке оранатын болады.

Астана қаласының жасыл белдеуін құру жобасының екінші кезеңі бойынша қаз-қатар тізілген ағаштардың арасындағы алаңқайға қылқанжапырақтыларды отырғызу жұмыстары қолға алынбақ. Осы әдіспен тағы 2951,1 га жер жасыл желекке оранады.

Биыл 22 сәуірдегі Президенттің тапсырмасы бойынша, елорда төңірегіндегі орман орналастыруға жарамсыз деп танылған 11 га бос жер анықталған болатын. Осы өңірлерге 2013-2014 жылдары жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу межеленген. Демек, бұл аумақ та жасыл желекке малынады деген сөз. Бірақ сор топырақты, қалың батпақты жерді құнарландыруға біраз уақыт пен күш-жігер қажет. Сондықтан бұл өңірді орманға айналдыру – 2016-2026 жылдар еншісіндегі шаруа.

Жоспар бойынша, жазық далада жайқалған орман алқабы Көкшетаудың табиғи жасыл желегімен тұтасып, ен тоғайға айналады. Қазірдің өзінде Астанадан Шортанды ауданына дейінгі аумақ көгалданып үлгерген. Енді ағаштар Ақкөл аумағы бағытына қарай отырғызылып жатыр. Осылайша, елорда мен Көкше арасы орманмен көмкерілмек. 2020 жылға қарай елорданың айналасындағы орманды алқаптың аумағы 101 мың гектарды құрайтын болады.

Иә, көк желек отырғызу – игілікті іс. Әсіресе, бұрын ағашқа жарымаған жерге қолдан жасыл желек орналастыру – оңай шаруа емес. Онда қаншама адамның маңдай тері, күш-жігері жатыр. Келешекте орманды алқапта адамдар тынығатын демалыс аймағын құру да жоспарда бар. Мемлекет басшысы адамға ұрпақ өсіріп, үй салумен бірге, ағаш отырғызу парыз екендігін, ендігі кезекте ағаштарды аялау – әрбір азаматқа аманат екендігін жеткізді.

– Жастарға айтарым, әр шыбықты мәпелеп, күтіңдер. Біз тазалыққа, қоршаған ортаға деген дұрыс сана қалыптастыруымыз қажет. Еліміздегі әр облыс, әр қала мен аудан жасыл желек егумен шұғылдануы тиіс. Бұл – келешек ұрпаққа үлкен тартуымыз болады, осы еңбегіміздің жемісін солар көріп, ертеңгүні алғысын айтатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Елордадан басталған игілікті іс күллі Қазақстанды қамтып жатса, құба-құп. Жасыл желек жағынан елорданың өзі де басқаларға үлгі көрсетіп отыр. Тек 2003-2009 жылдары аралығында Астанада 605 899 ағаш пен бұта отырғызылған екен. Бүгінде бас шаһарда жалпы ауданы 471,7 га құрайтын 7 саябақ, 65 гүлзар, 7 желекжол бар. Биыл саябақ құрылысы бойынша бірнеше жоба қолға алынып, 13 гүлзардың негізі қалана бастапты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − eleven =