Алтай КӨЛГІНОВ: Астана адамдарды магнитше тартады

0 61

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Аtameken business» телеарнасына берген сұхбатында қар тазалау жұмыстары, газдандыру, үлескерлер мәселесі, шаһардың инфрақұрылымы, елорданың мастер-жоспарына, экологияны жақсарту жайына егжей-тегжейлі тоқталып, әңгімелеп берді.

БАСТЫ МІНДЕТ – ІНДЕТТІ ЖЕҢУ

– Қазір арқаны кеңге салуға болмайды. Қалада осы күні 1 миллион 200 мың адам тұрады. Ал медицина қызметкерлерінің саны 13 мыңнан сәл асады. Соның 4 мыңы – дәрігер. Егер індет өршитін болса, дәрігерлер саны аздық етеді. Сондықтан тұрғындарға тәртіпті сақтау керек. Неге шектеулерді алып тастамадық? Әрине, локдаун енгізіп, блокбекеттерді қою экономикалық тұрғыдан бізге тиімсіз. Бірақ әртүрлі шектеу­лер әлі де сақталып жатыр. Жексенбі күндері автобустар тоқтатылып, толығымен залалсыздандырылады. Сосын әр рейс сайын дезинфекция жасалады. Мейрамханалар, сауда орталықтары сияқты көпшілік жиналатын орындарға қойылған шектеулер де әлі алынған жоқ. Соны халық түсінуі керек, – деді А.Көлгінов.

 Қала басшысының айтуынша, бүгінгі басты міндет – пандемиямен күресу, індетті жеңу. Яғни күн сайын шұғыл әрекет жасау. Атап айтқанда, қазір емханаларда 60-тан асқан азаматтар мен аурушаң балалары бар отбасылар маскаларды тегін алады. Мұның бәрі мемлекет пен демеушілер есебінен жасалып жатыр.
Пандемияның экономикаға әсеріне тоқталған А.Көлгінов осыған байланысты мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар туралы айтып өтті.
– Президенттің тапсырмасымен бизнес өкілдеріне жеңілдіктер жасалды. Салық төлеудің мерзімі шегеріліп, айыппұлдар бойынша өсімдер тоқтатылды. Бұл үлкен қолдау деп есептеймін. Әрине, қазіргі жағдай кәсіпкерлерге оңай тиіп жатқан жоқ. Біз барлық кедергілерді алып тастауға тырысып жатырмыз. Пандемияның қала бюджетіне де кері әсері болды. Соның кесірінен, болжамымызша, бюджетке шамамен алғанда 60 миллиард теңгеге жуық қаржы кем түсейін деп тұр. Бұл – өте көп қаржы, – деді қала әкімі.

ГАЗДАНДЫРУ – ТАРИХИ ЖОБА

Қаланың инженерлік инфра­құрылымын жақсарту жұмыстары жайлы сөз сабақтаған шаһар басшысы биыл атқарылған маңызды істерге тоқталды.
– Газдандыру – бұл тарихи жоба. Естеріңізде болса, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бесінші бағыты – елорданы газдандыру. Бұл бағытта мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар жасалды. Магистралды газ құбырын тартумен «Самұрық-Қазына», «ҚазТрансГаз» компаниялары, тиісті министрліктер айналысты. Ал ішкіорамдық желілерді жергілікті атқарушы орган, яғни өзіміз тарттық, – деді А.Көлгінов.

ҮЛЕСКЕРЛІК ҚҰРЫЛЫС: БИЫЛ 20 ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Үлескерлер мәселесіне тоқталған әкім бұл проблема қалай шешіліп жатқанын түсіндірді.
– Бұл – өте күрделі мәселе. Адамдар алаяқтарға сеніп, тұрғын үй құрылысына ақша салды. Ал алаяқтар мемлекетті де, қала тұрғындарын да алдап кетті. Кейбір тұрғындар баспаналы боламыз деп соңғы ақшаларын құйды. Бұрын бізде осындай 52 проблемалы үй болды. Бұл бір үй емес, тұтастай тұрғын үй кешендері еді. Мемлекет бұл істі бақылауға алды. Президент те бұл мәселеге көңіл аударып, қадағалауға алды. Тиісті ақша бөлінді. Қазір әр үймен айналысып жатырмыз. Әрине, бұл жеңіл жұмыс емес. Кейбір үйлер бойынша жобалық-сметалық құжаттама жоқ немесе бұл құжат ескіріп, сараптамадан өтпеген. Қаржылық моделі де жоқ, ақша да жоқ. Осы мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Былтыр осындай 10 үйді пайдалануға бердік. 2,5 мың отбасы пәтер кілттерін алып, жылдап күткен баспаналарына қол жеткізді. Осы жылдың аяғына дейін 20 тұрғын үй кешенін пайдалануға береміз. Бұл жағдай да үлескерлерге үлкен қуаныш әкеледі деп ойлаймын. Мемлекет қазіргі қиын жағдайда тұрғындарға көмекке келді, – деді А.Көлгінов.

МОМЫШҰЛЫ ДАҢҒЫЛЫН ЕНДІ СУ БАСПАЙДЫ

Қала басшысы шаһар тұрғындарына қолайлы жағдайларды тудыру жайына да тоқталып өтті.
– Елорда өте тез өсті. Қазір де көлемі ұлғайып келе жатыр. Жылына 2 миллион шаршы метрден артық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл – өте қарқынды динамика. Біріншіден, бұл – экономика өсімінің көрсеткіші. Екіншіден, жас астанамыз адамдарды тартатын магнитке айналып отыр. Қарап тұрсаңыздар, 2010 жылдан бастап осы күндерге дейін, 10 жыл ішінде қала халқының саны екі есеге артты. 2010 жылы тұрғындар саны 650 мың болса, қазір 1 миллион 200 мың. Әрине, бәріне баспана, тиісті жағдайлар керек. Мектептер, балабақшалар салынып, тұрғындарды жұмысқа орналастыру қажет, – деді А.Көлгінов.
Қаланың өсу қарқынына байланысты инженерлік инфрақұрылым құрылысы мәселесі де күн тәртібінен түспей келе жатыр. Осы орайда шаһар басшысы бұл мәселе туралы да жан-жақты айтты. Соның ішінде нөсер су кәрізі құрылысына тоқталды.
– Бұрын Бауыржан Момышұлы даңғылын су басатын. Бәрі әзілдеп бұл аумақты «Венеция» деп атап, қайық жүзетін жер дейтін. Енді мұндайды естімейсіздер. Бұл проблеманы шештік. Бұрынғы 1 мын миллиметрлік құбырды топырақ бітеп тастаған еді. Әрине, мұндай жағдайда су қайда кетеді? Біз оны темір-бетон құбырға ауыстырдық. Жаңа құбырдың биіктігі – 1,80 метр. Қосымша сорғыларды орнатқан соң, су тиісті жеріне кететін болды, – деді А.Көлгінов.

КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ БАРЫНША ҚОЛДАУ БЕРІЛЕДІ

Өткен қыста бас қалада қар қалың түскені елдің есінен шыға қоймаған болар. Қала басшысы биыл бұл жұмыс қалай атқарылатынын да айтып өтті.
– «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне жүгінсек, қардың жылдық нормасы – 90 миллиметр. Былтыр 200 миллиметр түсті. Сол себептен өткен жылы коммуналдық қызметтерге үлкен күш түсті. Олар міндеттерін дұрыс атқарғандығын айтып өтуіміз керек. Құтқарушылар да дамыл көрмеді. Биылғы қысқа дайынбыз. 165 арнаулы техника сатып алдық. Мұның көп көмегі тиді. Себебі көліктер паркі әбден ескірген еді. Былтыр алғашқы қар 12 қарашада жауды. Сол кезде техниканың жартысы тұрып қалды. Биыл да бірінші қар дәл осы күні түсті. Қазір қосымша тағы 100 техника сатып алып жатырмыз. Себебі коммуналдық қызметтерді барынша қолдауымыз керек. Біз олардың жалақысын көтердік. Сыйақы беруге де тырысамыз. Өйткені адамдар боранды, аязды күндері далада қолмен жұмыс істейді. Әрине, механикаландырылған техника бар, бірақ жұмыстың бәрін адамдар атқарады, – деді А.Көлгінов.ҮНЕМДЕЛГЕН ҚАРЖЫ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРГЕ ЖҰМСАЛАДЫ

Пандемияға байланысты бюджетке түзету енгізуге тура келді. Қаржы үнемдеу мақсатында қала әкімдігі бірқатар шараларды қабылдады. Шаһар басшысы осыған да тоқталды.
– Біз 41 миллиард теңгені оңтайландырдық. Бұл жұмысты бірнеше кезеңмен жасадық. Оңтайландыру квазисекторда жүргізілді. Кейбір заңды тұлғалар жұмысын мүлде тоқтаттық. Бұған еншілес кәсіп­орындар ілікті. Үнемделген қаржыны қажетті инфрақұрылымға бағыттадық. Соның ішінде нөсер кәріздері жүйесі, жолдар бар. Әлеу­меттік саланы да ұмытпадық. Дәрі-дәрмекке, азық-түлік қорын тұрақтандыруға жұмсадық. Бізде тиісті механизм бар, баға өспеу үшін оған 2 миллиард теңге шамасында құйып отырамыз. Әсіресе, көкөніс бағасы көтерілмеу үшін жұмыс істейміз. Көтерме бағамен тауар жеткізушілермен жұмысымыз жолға қойылған. Маска­ларды, қорғаныш құралдарын сатып алуға да қаржы бөлінді, – деді А.Көлгінов.

МАСТЕР-ЖОСПАР ДАМУ БАҒЫТЫН АЙҚЫНДАЙДЫ

Қала басшысы стратегиялық мәселелерге келгенде қаржы қысқармайтынын айтты. Соның ішінде жылу-энергия орталықтары, «Водоканал», «РЭК», нөсер сулары кәрізі, көгалдандыру, абаттандыру бар.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі елорданың мастер-жоспарын әзірлеу, оны бекіту, соған сәйкес атқарылатын жұмыстар туралы да түсінік берді.
– Мастер-жоспар Елбасының тапсырмасымен әзірленді. Әлемдік тәжірибеге көз жіберсек, Лондон, Нью-Йорк сынды барлық ірі қалалар, Канада мен Еуропадағы үлкен шаһарлар, Азияның дамыған қалалары мастер-жоспар бойынша өмір сүреді. Мастер-жоспар – біз үшін жаңалық. Бізде бас жоспар дегенді барлық жұрт түсінеді. Қаланың мастер-жоспарын біз «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» деп атадық. Бұл құжатты әзірлеуге бізге шетелдік және отандық сарапшылар көмектесті. Тиісті жұмыстар екі жылдан бері жүргізіліп жатыр. Жақында бұл құжатты Елбасы мен Президентке таныстырдық. Жалпы алғанда бұл құжат мақұлданды. Соған сәйкес, біріншіден, қала тұрғындар үшін жайлы болуы керек. Екіншіден, шаһар экологиялық таза болғаны жөн. Әрине, инфрақұрылымы дамыған болуы қажет. Шаһарда қоғамдық кеңістіктер салынуы керек. Яғни қала тұрғындар, қонақтар, туристер, инвесторлар қойып отырған талаптарға сәйкес келуі қажет. Содан шығатын қорытынды, мастер-жоспар – қаланың даму бағытын айқындайтын құжат, – деді А.Көлгінов.

ЭКОЛОГИЯНЫ ЖАҚСАРТУ ҮШІН НЕ ІСТЕЛІП ЖАТЫР?

Елорда экологиясына тоқталған қала басшысы шаһарды ластайтын үш факторды атап өтті. Оның біріншісі – жылу-энергия орталықтары, екіншісі – автокөліктер, үшіншісі – жеке сектордағы үйлер.
– Бұл мәселелерді қалай шешеміз? Біріншіден, газдандыру арқылы. 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-да төрт су жылытатын қазандық газға ауыстырылды. Басқа қазандықтар 2021-2022 жылдары газға ауыстырылады. Бұл жағдай зиянды қалдықтардың ауаға таралуын айтарлықтай азайтады. Жеке секторда да мәселе газдандыру арқылы шешіліп жатыр. Осы уақытқа дейін, шамамен алғанда 300 шақырым газ тарату желілерін салдық. Бұл – «Көктал-1», «Көктал-2», «Агрогородок» тұрғын алаптары. Мұнда 100 мыңнан аса адам тұрады. «Железнодорожный», «Промышленный», «Силикатный» тұрғын алаптарына газ жеткізілді. «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабының оң мен сол жақтарына газ тартылып жатыр. «Интернациональный», «Күйгенжар», «Мичурин» тұрғын алаптарында тиісті жұмыстармен «ҚазТрансГаз» компаниясы айналысып жатыр. Газдандыру үш кезеңмен жүргізіледі. Тоғыз іске қосу кешені қазір дайын, – деді А.Көлгінов.
Экологияны жақсарту үшін автокөліктерді де электрэнергиясына ауыстыру қажеттігін айтқан қала басшысы қазір соның алғышарттары жасалып жатқанын, мәселен 100 электроавтобус сатып алынғанын, бұл жұмыс жалғасатынын атап өтті.

ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА КӨБЕЙЕДІ

Шаһар басшысы елорданың бас жоспарға сәйкес атқарылып отырған жұмыстарға да тоқталды.
– Қазір қалада қолжетімді баспананы салуға, инвестицияларды тартуға басымдық беріп отырмыз. Құрылыс «Мыңжылдық» аллеясы бойында «Нұрлы жол» вокзалына дейін жүргізіледі. Яғни соған қарай 5 шақырым аумаққа тұрғын үйлер салынады. Сол ауданда саяжайлар өте көп. Сондықтан инвесторларға «саяжайларды сатып алып, құрылыс жүргізіңіздер. Біз инфрақұрылыммен көмектесеміз» деп айтамыз. Әрине, ол жерлерде мектептер, емханалар, балабақшалар секілді әлеуметтік нысандар, қоғамдық кеңістіктер, саябақтар мен шағын бақтар болуы керек. Құрылыс Қарағанды тасжолына қарай да жүргізіледі. Бұл жерде шағын аудан құрылысын бастадық. «Жағалау» шағын ауданында да әлеуметтік нысандармен қатар қолжетімді баспаналар салынады, – деді А.Көлгінов.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + four =