«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана адалдық алаңына айнала ма?

0 238

Астана қаласы осы уақытқа дейін аймақтарға «Ақылды қала» үлгісін көрсетіп келсе, енді адалдықтың да жаршысы болмақ. Кеше қала әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана – адалдық алаңы» атты бірлескен жобаны қолға алғанын мәлім етті. Қала әкімі Ә.Исекешев пен агенттік төрағасы А.Шпекбаев жоба жарғысына қол қойды.

Иә, алғашында жобаның атауын жемқорлыққа қатысты таңдамақ болған екен. Бірақ адамның мінезіндегі шыншылдық, жеке тұлғаның сана-сезімі, халықтың мақсат-мүддесін көздейтін іс-әрекеттердің барлығы қазақтың адал сөзіне сыйып тұр. Сондықтан жоба жетекшілері осылай атағанды жөн көріпті.
Сонымен, елімізде алғаш рет сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жоба менеджменті бас қаладан бастау алмақ. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жемқорлықтың деңгейін төмендетуде, жаңа әдістерді жетілдіруде қала әкімдігінің үлесі едәуір екенін алға тартты.
«Елордада құқық тәртібін арттыру, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жағдай жасауда инновациялық тәсілдер іске асырылуда. Біздің алға қойған бағытымыздың бірі – саладағы жемқорлықтың алдын алу, азаматтардың билікке деген сенімін көтеру. Бұл ретте «Астана – адалдық алаңы» жобасы нақты қадам болмақ. Жобаның міндеті – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, тұрмыстық жемқорлыққа жол бермеу, бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою, қоғамдық бақылауды кеңейту» дейді шаһар басшысы Әсет Исекешев.

БАС ҚАЛАДАН БАСТАЛМАҚ

Қала әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, бүгінде әкімдікте бірқатар жаңа қызметтер толығымен қайта құрылды. Мәселен, барлық бақылау қызметтері орталықтандырылған. Бұл кәсіпкерлер үшін мәселені шешуде түрлі әкімшілік кедергілерді болдырмайды. Сонымен қатар, елорданың бюджетіне жауап беретін бірыңғай мемлекеттік орган – Активтерді басқару және мемлекеттік сатып алу басқармасы құрылды. Сол сияқты ба­қылау және жедел әрекет ету ахуалды орталығы, персоналды басқару және дамытудың бірыңғай қыз­меті мемлекеттік органдардың қызметін жақсартуға бағытталған. Айта кетейік, өткен жылдың сәуір айында тұрғындарға қолайлы қызмет көрсетуде жаңа формат енгізілді. Яғни әкімдіктің бірінші қабатында 15 құрылымдық бөлімдердің кабинеттері ашылды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығу мәселесі шешіліп, қала тұрғындарына арналған ақпараттық стендтер ілінді. Міне, «Ашық әкімдіктің» мұндай қадамдары алдағы уақытта бірлескен жоба аясында жалғаспақ.

ЖАЛАҚЫСЫ ЖЕТІП ТҰРСА, ЖЕМҚОР БОЛЫП НЕСІ БАР?

Мемлекеттік және бюджеттік ұйымдарда еңбек ететін қызметкерлердің жалақысын көтеру керек. Өйткені сыбайлас жемқорлық жасауға жол бере­тін негізгі факторлардың бірі осы екенін сала мамандарының өздері растап отыр.«Басшылардың жалақысымен олардың бюджеттік қаражатты игеру жауапкершілігін салыс­тыруға келмейді. Мәселен, облыстық басқарма басшысы – 200 мың теңге жалақымен 3 миллиардтан астам теңгені игеруді көздейтін мемлекеттік бағдарламаның әкімшісі. Сол сияқты өңірлік деңгейдегі қызметші лауазымдық жалақысы 54 мың теңге болса, тексеру кезінде1 миллионнан астам өлшемдерге айыппұл салуға уәкілетті. Басқаша айтқанда, тәуекелді лауазымдар тізбесі бар. Олар ерекше көзқарасты талап етеді» дейді «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Жазира Жылқышиева. Енді жоба аясында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің ең­бек­ақысы атқарған жұмыстарына қарай бағаланатын болды. Жалақыны көтеру бойынша балдық жүйе пилоттық жоба ретінде агенттіктің, Әділет министрлігінің, Маңғыс­тау облысы мен Астана қаласы әкімдіктеріне енгізіліп отыр.

ЖАБЫЛҒАН ЕСІКТЕР АШЫЛДАДЫ

Мойындау керек, мемлекеттік мекемелерге, әсіресе, құқық қорғау органдарының ғимаратына барған кезде ондағы мамандармен байланысуда көптеген әкімшілік кедергілер бар. Ал бұл жоба дәл осы мәселені де шешуді реттемек. Тіпті ондағы қызметкерлердің мінез-құлығын жақсартатын бірыңғай стандарттар әзірленуде. Білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер орындары мен басқа да мемлекеттік қызмет көрсететін орындар азаматтарға қол­жетімді болу керек. Мүмкін­дігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасау, жаппай электронды кезек енгізу, қызмет сапасын бақылауға қатысты ұсыныстар әзірленетін болды.

ҚЫЗМЕТКЕРІ ҮШІН БАСШЫ ЖАУАП БЕРЕДІ

Бұған дейін саладағы жауапкершілікке тек орындаушылар тартылатын. Алдағы уақытта мемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары осы салада жіберілген барлық олқылықтар үшін жауап беретін болады. Сол үшін аталмыш жоба аясында Астана қаласы әкімдігінің бірінші басшыларының тоқсан сайынғы бағалауына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарына бақылау критерийлері енгізілмек. Ол бойынша ұжымның ахуалын жақсартуға, міндеттерді біркелкі бөлуге, қызметкерлерге сыйақы тағайындауға, бюджет қаражатын бөлуде басшылардың жеке мүддесін арттыруға ықпал етеді.

КЕЛІСІМ КЕЛМЕСКЕ КЕТЕДІ

Статистикалық дерекке сүйенсек, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 12 пайызы мемлекеттік сатып алу саласында екен. Атап айтқанда, мемлекет мүддесіне сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызмет бағаларын бірнеше рет көтеру елеулі зиян келтіруде. «Осы саладағы негізгі проб­лемалар белгілі бір өнімдердің техникалық сипаттамасында болып отыр. Жаңа жобаның негізгі міндеті – мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бо­йынша жаңа тетіктерді әзірлеу» деді Жазира Жылқышиева. Осылайша, мемлекеттік сатып алу кезінде ешқандай келісімдер болмайды деп сендірді.

БЮДЖЕТТІҢ ӘР ТЕҢГЕСІНЕ ДЕЙІН БАҚЫЛАНАДЫ

Жобаның тағы бір жағымды тұсы – ауқымды қоғамдық бақылаудың енгізілуі. Яғни мемлекеттік бағдарламаларға, іске асырылатын құрылыс және жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаражатты тұрғындардың өзі бақылай алатын болады. Бюджет қаражатын бөлу туралы ашық ақпаратқа қол жеткізу үшін интернет-ресурстарда, теледидар және баспа өнімдерінде жариялау шаралары қабылданбақ. Аталған жұмыстар мемлекеттік органдармен іске асырылатын бағдарламаларды, анықталған бұзушылықтарды тиісті құзыретті органдарға хабарлауға азаматтарға мүмкіндік береді. Сонымен, жобаның жылт еткен жаңалықтарын жеткіздік. Тұрғындар тарапынан қосымша ұсыныстар қабылданады. Агенттік пен елорда әкімдігі екіжақты қол қойған жоба алдымен Астана қаласында іске асырылып, кейін еліміздің өзге өңірлеріне жол тартатын болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды