Астана абаттанған сайын қазақ та қанаттануы керек

0 92

Астана күні қарсаңында көпшілік елорда туралы жылы лебіздерімен бөлісіп жатыр.  Мен де жадымда жатталған естеліктерді еске алуды жөн көрдім.

Мен Еуразия ұлттық университетіне оқуға түскен жыл – Астананың елорда болып жарияланған күнімен тұспа-тұс келді. Бірақ ол кезде ешкім мұндай тарихи сәттің қадірін сезіне қоймаған еді. 1997 жылдың күзінде бұрынғы облыс орталығы Ақмолаға келгенде қоңырқай қала көзімізге жұпыны көрінді. Күздің қара суығымен бірге, аяққа желімше жабысатын ми батпақты кеше жүріп, оқу ордасының №11 жатақханасына бет алғанымыз есімізде.
Елбасының 1997 жылдың 20 қазандағы Жарлығымен бұрынғы Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап, Қазақстанның астанасы мәртебесін иеленді. Ұлттық тарихымыздағы ұлы күн байырғы қаланың бағын ашты. Кеше ғана бұйығы күн кешіп жатқан қалада аяқ астынан қарбалас тіршілік басталды. Елорданың ескісінен жаңасы көбейді. Астананың алғашқы тұсаукесері халықаралық деңгейде өткізілетін болып белгіленіп, оған күллі қала қызу дайындалды. Ірі шарадан бірде-бір мекеме тысқары қалған жоқ. Өзім оқыған Еуразия ұлттық университетінен 800 студент «Қасиетті отау» атты театрландырылған қойылымға тартылды. Сондағы жетекшіміз белгілі хореограф Жанат Байдаралин еді.

Осы қойылымға екі ай бойы үздіксіз дайындалдық. Оның мемлекеттік мән-маңызы ерекше екендігін сол кезде әр студент жүрегімен сезініп, бірде-бір дайындығынан қалмай барып жүрді.

Біз қатысқан театрландырылған қойылымның идеясы – қазақтың сан тараулы тарихын көрсете отырып, талай зобалаңды басынан кешкен халқымыздың ерлігі мен батырлығын айшықтау болатын.

1998 жылдың 10 маусымы күні кешкісін Қажымұқан атындағы орталық стадионда екі ай бойы тынбай дайындалған театрландырылған қойылымды Елбасы бастаған бір топ мәртебелі меймандар мен стадионға лық толған көрерменнің алдында қойдық. Қойылымның аяқталар тұсында қаской дұшпаннан елін сақтап қалған батырлар бейнесіндегі жастар қалқандарымен кереге құрып, найзаларымен уық шаншып, қасиетті отау формасын жасап тұра қалатын сәті бар. Дәл осы тұсқа келгенде стадионда мүлгіген тыныштық орнады да кенет жұртшылықтың қошеметі айналаны кернеп кетті. Іле әнші Бекболат Тілеуханның орындауында «Елім менің» әні шырқалып сала береді. Жүрегімізге жаңа Астанамызға, елімізге деген патриоттық сезімді туғызған керемет сәт еді бұл. Қоюшы-режиссері де, хореографы да, өңдеушісі де Жанат Күреңбайұлы болған қойылымды жұртшылық өте жылы қабылдады. Бұл туралы көпшілік көпке дейін айтып жүрді.

Ия, Астана – талай жанның жүрегіне еліне деген мақтаныш сезімін ұялатты. Ол талай адамның бағын ашты, талай адамға пана болды. Кейбіреулер «сендердің астаналарың….» деп елорданы тек қала тұрғындарына меншіктеп бергендей әңгіме айтады. Бұл тек елордалықтардың ғана емес, күллі қазақстандықтардың ортақ Астанасы емес пе?!

Астана – бар қазақтың бас қаласы, әр қазақтың жалғызы. Сондықтан Астана абаттанған сайын қазақ та қанаттануы керек.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ
q.togtamurat@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =