Ассамблеяның міндеті – қоғамдық келісімді нығайту

0 249

24 сәуір күні  Астанада, Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін алқалы жиын туралы Ассамблея төрағасының орынбасары-Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов ой бөліседі.

– Ералы Лұқпанұлы, Ассамблеяның кезекті сессиясы қандай тақырыпта өрбиді, онда нендей мәселелер көтерілетіні жөнінде айтып берсеңіз?

– Ассамблея сессиясының күн тәртібіне бұл жолы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбы арқау болады. Елбасының Жолдауында елімізді дамыту жолындағы міндеттер нақты айқындалып, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар айтылғаны белгілі. Осыған байланысты Ассамблеяның атқаратын жұмыстары мен алға қойған жоспарлары сессияда кеңінен әңгіме өзегіне айналады. Кеңесші органның негізгі мақсаты – этностар мүдделерін шоғырландыруды қамтамасыз ету, тиімді этносаралық өзара іс-қимылды жүргізу және бірыңғай саяси, құқықтық, мәдени алаңды қалыптастыру екені белгілі. Сондықтан сессияда бұл мәселелер де талқыланып, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді одан әрі нығайтудың жай-күйі сөз болады. Әрине, өзге этнос өкілдері арасындағы мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі де назардан тыс қалмайды.

– Сессия бағдарламасында басқа қандай шаралар өткізу жоспарланған?

– Сессия қарсаңында, 23 сәуір күні Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында берген тапсырмасына сәйкес жүргізілген Ассамблеяның «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты мега жобасы қорытындыланады. Сондай-ақ, сессияға еліміздің әр аймағынан ат арытатын қатысушылар үшін орталық мемлекеттік органдар басшыларымен, Ассамблеядан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарымен кездесулер ұйымдастырылатын болады. Ал, 25 сәуір күні сессияға қатысушылар Астанада өтетін «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық конференцияға қатыспақ.

– Енді Ассамблеяның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы да айта кетсеңіз?

– Бүгінгі күні Ассамблеяға еліміздегі түрлі этностық топтардың өкілдері болып табылатын 407 адам мүше. Этномәдени бірлестіктердің саны 800-ден асады. Соның ішінде 28-і – республикалық деңгейде.

2008 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ассамблеяның материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бүгінде еліміздің 10 аймағында этностық топтардың жұмысын біріктіріп отырған Достық үйлері қызмет атқарады. Бұлардың бәрі де көп салалы ресурстық орталықтарға айналған. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында сандық форматта Ассамблеяның ресми депозитарийі құрылған. Онда 1,3 мың зерттеулер жинақталды. 2011 жылы сайтты әлемнің 78 елінен 190 мың адам тұрақты пайдаланған. Барлық этностардың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін Ассамблея жанынан «Тілдарын» тілдерді оқытудың инновациялық әдістемелік орталығы» құрылған. Ассамблеяның бағыты бойынша – 35 этностық газет, «Достық-Дружба» журналы шығарылады, облыстық әкімдіктердің сайттарында орналасқан ресми порталдар мен арнайы парақшалар ашылған.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 14 =