Ассамблеяның міндеті – қоғамдық келісімді нығайту

0 95

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осы атаулы күнге орай қаламызда көптеген мерекелік шаралардың шымылдығы түрілмек. Толығырақ Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мадина Ахметова айтып берді.

– Мереке күні Қазақстан халқы ассамблеясы елордалықтарға қандай шаралар ұсынады?
– Бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің, жарқын болашаққа сенімділіктің бас­тауына және көпшіліктің асыға күтер шаттық мейрамына айналды. Бұл күн – әрбір Қазақстан азаматы үшін Отанға деген сүйіспеншілік сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Елімізде мерекені тойлау басталып кеткелі біраз күн болды. Елорда да бірқатар шаралар өтіп жатыр. Атап айтсақ, «Достықтың жол картасы» мегажобасының қорытындысы шығарылды. «Бір халық – бір ел» қалалық байқауын, Оралхан Бөкей атындағы мәнерлеп оқу сайысын, «Мемлекеттік тілде іс жүргізуші үздік мекеме» және тағы басқа шараларды өткіздік. Ертең 1 мамыр күні елорда тұрғындары мен қала қонақтары этно-мәдени бірлестіктердің гала-концертін тамашалай алады.

– Жалпы, Ассамблеяның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Бүгінгі күні Ассамблеяға еліміздегі түрлі этностық топтардың өкілдері болып табылатын 407 адам мүше. Этномәдени бірлестіктердің саны 800-ден асады. Соның ішінде 28-і – республикалық деңгейде. 2008 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ассамблеяның материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бүгінде еліміздің 10 аймағында этностық топтардың жұмысын біріктіріп отырған Достық үйлері қызмет атқарады. Бұлардың бәрі де көп салалы ресурстық орталықтарға айналған. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында сандық форматта Ассамблеяның ресми депозитарийі құрылған. Онда 1,3 мың зерттеулер жинақталды. 2011 жылы сайтты әлемнің 78 елінен 190 мың адам тұрақты пайдаланған. Барлық этностардың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін Ассамблея жанынан «Тілдарын» тілдерді оқытудың инновациялық әдістемелік орталығы» құрылған. Ассамблеяның бағыты бойынша – 35 ұлттық газет, «Достық-Дружба» журналы шығарылады, облыстық әкімдіктердің сайттарында ресми порталдар мен арнаулы парақшалар ашылған.

– Әңгімеңізге рахмет!
– Барша елордалықтарды бейбіт күннің мерекесі – Бірлік күнімен құттықтаймыз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =