©2020 Астана Ақшамы
АССАМБЛЕЯНЫҢ АТЫМТАЙЛАРЫ
«Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атауымен кезекті ХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа функциялық бағыттарды өз мойнына алғанына тоқталып өтті.
Осы ретте Елбасы «Қайырымдылық қызмет туралы жаңа Заңда ҚХА-ға меценаттар қоғамдастығының басты үйлестірушісі қызметін атқару бекітіліп берілді. Тарихта бірінші рет қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың республикалық съезі өткізілді. «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасы мен Ассамблея жылы аясында 400 мыңнан астам қазақстандыққа қайтарымсыз көмек көрсетілді. Балалар үйлерінің 7800 тәрбиеленушісі мен жетім балалар үшін жалпы құны 5 миллиард теңге болатын білім беруге арналған есепшоттар ашылды» деп атап өтті.
Астана қаласында тұрмысы нашар отбасылар мен көп балалы отбасыларға, мүгедектер мен жетім балаларды қолдау мақсатында түрлі шаралар кешені өткізіліп келеді. Ассамблеяның мерейлі жылына арналған «20-қайырымды іс» атты шарасы аясында 36 шара ұйымдастырылып, оған 157 051 адам қатысты. 7114 адамға 17 988,0 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Қайырымдылық акцияларына барлық этномәдени орталықтардың өкілдері тартылды. «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шафхат Исмаиловтың бастамасымен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Қалалық Ассамблея мен Есіл ауданы мүгедектер қоғамы арасындағы келісімге сәйкес мүгедектерге ағылшын тілін оқыту, компьютерлік сауат ашу және «дизайнер», «тігінші» мамандықтары бойынша оқыту курстарын ашты. Соның нәтижесінде 135 адам сертификат алды. Мүгедектер қоғамына 12 тігін машинасы мен 12 компьютер сыйға тарту етілді.
«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының да қайырымдылық істері атап өтуге тұрарлық. 2010 жылы М.Жәлел атындағы көшенің бойында мешіт пайдалануға берілсе, осы орталықтың жомарт қолды азаматтарының арқасында «Жастар» шағын ауданындағы қорымның қоршауы тұрғызылып, абаттандырылды. Қоянды елдімекенінде мешіт тұрғызылды. Өткен жылы «Беркат» консорциумы тек қайырымдылық шараларына 15 млн теңге бөлген екен.
«Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығы жалғызілікті қарттарды қамқорлығына алып, тұрақты түрде жәрдем көрсетіп келеді. Татар ағайындар былтырғы Жеңіс күнінде 90 соғыс ардагерін ұлықтап, қаржылай көмек көрсетті.
Тұрмысы төмен адамдарға Хасан Шарипов бастаған өзбек ағайындар да қолдау көрсетіп отыр. Жыл сайын айт күндері мұқтаж адамдарға қайырымдылық дастарқанын жайып, дәмді тағамдарды үлестіріп отырады.
Қаріп-қасеріне қайырымы болмаса, кез келген қоғамның адами келбеті жайында айту қиын. Қазақы болмысымыздағы «атымтай жомарттардың» дәстүрі жаңа пішінге ие болып, оны барлық этномәдени орталығының өкілдері өз қызметіне бағыт етіп алды.
Айгүл УАЙСОВА