Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ассамблеяға мүше болу – абырой

0 332

1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні қарса­ңында Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайыновамен сұхбат құрдық.

– Алдымен Ассамблея жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз. Жалпы, 22 жыл ішінде қандай жетістіктер бар?
– Посткеңестік кеңістікте өзіндік баламасы жоқ қоғамдық институт бүгінде Қазақстандағы ұлттық саясаттың жол бастаушысына айналды. Қа­зір мұндай институттар Ресей Федерациясы мен Қырғыз Респуб­ликасында енді ғана құрылып, алғашқы қадамдарын жасауда. Ал 22 жылдық тарихы бар Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық саясат саласында жеткен жетістігі де, тәжірибесі де зор деп ауыз толтырып айтуға болады. Бұған әлемдік қауымдастық өкілдері қызыға қарайды. Қоғамдық-саяси және этномәдени қарым-қатынас­тар саласында мемлекеттік биліктің барлық салаларының үйлесімді әрекеті жүзеге асырылуда. 2014 жылы барлық өңірлердегі Ассамблеяның облыстық хатшылықтары жанынан «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Қоғамдық ке­лісім» кеңесі құрылды. Енді іс-шараларды жоспарлауға біздің мүмкіндігіміз мол. Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бірер күннің ішінде өз күшіне енетін болады. Ол, әрине, Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына жаңа серпін беріп, міндеттер ауқымын кеңейтіп, тиісінше, оның мүшелерінің жауапкершілігін де арттыра түседі.
– Енді өзіңіз жетекшілік етіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының Астанадағы хатшылығы туралы айтса­ңыз. Оның қанша этномәдени орталығы бар?
– Қазір елордада 40 этномәдени бірлестік тіркелсе, оның 22-сі – қалалық Ассамблея құрамында. Жалпы, Ассамблеяға мүше болу үшін қай этникалық топтың мүшесі екені маңызды емес, бастысы әлеуеттілік қажет. Тәжірибе көрсеткендей, ең шағын этномәдени орталықтың өзі көптеген бірлестіктерден артық жұмыс істей алады. Мысалы, бір жылдан бері қалалық Ассамблеяның мүшелігіне қабылданған «Жайхун» қарақалпақ орталығы жоғары белсенділік танытып отыр. Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің бастамаларын қолдау мақсатында жыл са­йын қалалық бюджеттен ұлттық костюмдерді тігуге, этнолингвистикалық мектептерді қаржыландыруға, музыкалық жетекшілердің жалақысын төлеуге, этномәдени бірлестіктер мүшелерінің мемлекеттік тілді үйренуге арналған курс­тарға қаржы бөлініп отырады.
– Ләззат Сейітқазықызы, Этномәдени орталықтарының жұмысы халық тарапынан қалай бағаланып жүр?
– Жалпы, ұлттық-мәдени бірлестіктерді құрғанда олардың жетекшілері алға ұзақ мерзімді жоспар қойып, жұмыстар сол бойынша жүргізіледі. Мысалы, қала тұрғындары «Возрождение» немістер қоғамының ансамблін, кәріс мәдени орталығын, «Вайнах» шешен-ингуш орталығын жақсы біледі. Мерекелерде белгілі бір ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрімен танысуға қызығушылық танытса, мекемелер, ұйымдар, оқу орындары этномәдени орталықтарды немесе солардың ансамблін үнемі шақыртып отырады. Бұл этномәдени қозғалысы жұмыстарының еш кетпегенін көрсетсе керек. Әр этномәдени бірлестік мүшесі мәдениет саласының өкілі саналатындықтан, олар Елбасының «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды бұлжытпай орындап, оны жүзеге асыру жолында талмай, белсенді түрде еңбек етеді.
– Ал олар мерекелік шара­лар өткізуден басқа тағы немен айналысады?
– Негізінен, олар тек шара өткізумен шектелмейді. Олардың қоғамға пайдалы жұмыстары жетерлік. Мысалы, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының кәсіпкер өкілдері «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, мешіттер салуға, зираттардың тазалығын жүргізуге, спорт клуб­тарының ашылуына, бұ­қаралық спорттың дамуына қаржылай демеушілік көрсетеді. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер өкілдері мен қалалық Ассамблея мүшелері түрлі мекемелер мен ұйымдарда еліміздің латын әліпбиіне көшуі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Ал жастар соңғы уақытта қазақ тілінде жарық көрген жаңа 100 оқулықты насихаттап жүр.
– Ассамблеяда жастарға жағдай қарастырылған ба? Олар қандай жұмыстарды қолға алуда?
– Иә, әлбетте. Қазір кейбір этномәдени бірлестіктерде жастар қанаты құрылғанын білесіз. Мысалы, «Возрождение» неміс орталығының «Диамант» жастар клубын, татар-башқұрт орталығының «Тан» және кәріс мәдени орталығының жастар қанатын атауға болады. Сонымен қатар, бұл идеяны қолдап, дамытып жүрген украин орталығы «Оберег» пен «Поляки» қоғамдық бірлестігі, өзбек мәдени орталығы тағы бар. Жақында ғана Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының үйлестіру кеңесі
ұйымдастырылды. Енді Қазақ­стан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» респуб­ликалық жастар қозғалысының қалалық штабы құрылмақ.
– Астананың 20 жылдығында қандай шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар? Да­йындық барысы қалай?
– Халықтың ынтымақтас­тығы мен бірлігін көрсету жолындағы биылғы шараларымыздың барлығы, негізінен, елорданың 20 жылдығына арналуда. Бірлік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан халқы достығы фестивалі мен «Спорт – ұлт саулығы» атты мини-футболдан турнир өткіздік. Енді «Ұлыс күні» мерекелік шараларын өткізуге дайындық жүріп жатыр. Ал 1 мамыр күні шығармашылық топ «Қазақ елі» монументі алаңында өнер көрсетеді. Сондай-ақ, «Достық шеруі» веложарысына қатысатын боламыз. Жалпы, да­йындық жаман емес. Осы арада айта кеткім келіп тұр, Астана күні қарсаңында қалалық Ассамблея ұзақ күткен сыйлыққа ие болады. Ол – этномәдени бірлестіктерінің екінші үйіне айналатын Достық үйі.

Сұхбаттасқан
Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды