АССАМБЛЕЯ АЛАШТЫ АРҚАУ ЕТТІ

0 167

ассамблея

Бес жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың­­ тапсырмасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі осы күн­дер­ге дейін 10-нан астам ғылыми жобаны іске қосты. Кеңес құрамында әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, тарихшылар, экономистер, құқықтанушылар, жалпы алғанда 30-дан астам ғалым жұмыс істеп, еліміздегі өзекті болып отырған мәселелердің шешілуіне атсалысуда. Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі бары­сында осындай мәліметтер айтылды. Оған қатысқан кеңес басшылығы бірқатар жобаның мән-жайымен таныс­тырды.

Жобаның бірі – «Алаш философиясы» атауын алған. Оның ХХ ғасыр басындағы ұлттың болашағы үшін күреске түскен «Алаш» партиясымен байланысы бар ма? Бар екен. Кеңес төрайымы Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, жобаның негізіне партия қайраткерлерінің қазақ халқын ұйыстырушы идеясы алынған. Бұл жоба бойынша шетелде тұрып жатқан қандастарымызбен жұмыс жүргізілген.

«Шетелдің 25 елінде қазір Қазақстаннан өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары өзге жұртқа қоныс аударып кеткен адам­дар­дың үшінші-төртінші ұрпақ­тары тұрып жатыр. Соларға «Қазақстанды қалай елестетесіз? Қазақстан жүректеріңізде қандай әсер тудырады?» деген сұрақтарды қойдық. Сонда олар: «Біз Алаш идеясымен өстік. Қазақ жерінде болмасақ та, аталарымыз, әке-шешелеріміз бізге Алаш туралы үнемі айтып отыратын. Сол арқылы біз қазақтың кім екенін түсіндік» деп жауап берді. «Сөнбесін от алауы» деген ой осы жобадан шықты. Соңғы шығарған кітабымызды тура осылай атадық. Ондағы идея­мыз: қазақтың ішіндегі от кейде лаулап жанады, кейде бәсеңдейді. Ішіміздегі отымыз ешқашанда сөнбесін дегенді айтқымыз келген. Соның негізінде деректі фильм де түсірдік. Сол фильмде Франция, Германия, Түр­кия елдерінде тұрып жатқан қазақ­тар­мен әңгімелерімізді жазып алдық. Екі жылдан кейін, «Алаш» партиясының көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына орай жобамызды аяқтап, тұсауын кесеміз деп ойлаймын» деді бұл жөнінде Айгүл Кәкімбекққызы.

Аталмыш жоба туралы Қазақ­стан халқы ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Айдар Әбуов те өз пікірін қоса кетті. Оның ойынша, «Алаш» партиясының тарихы әлі толық зерттелмеген. «Алда әлі атқарар жұмыстар көп. Тарихшылардың І конгрессінде бұл мәселе көтерілген. Қазірде Алашты зерттеуді қолға алдық. Әлихан Бөкейханов туралы кітапты да дайындап жатырмыз» деді ол.

Кеңес хатшысы Наталья Калашникова тарихымызға қатысты тағы екі халықаралық жоба жөнінде мәлімет берді. Оның біріншісі – саяси қуғын-сүргін жылдары туралы болса, екіншісі – Ұлы Жібек жолына арналған.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 20 =