АССАЛАУМАҒАЛЕЙКҮМ, АСТАНАЛЫҚ АҒАЙЫН!

0 119

Сәлем – сөздің анасы. Ендеше, ең алдымен есен-саулық сұрасқанның айыбы болмас. Тарих табалдырығынан 2013 – Жылан жылы аттады. Адал ниетті адамзат баласы алдарынан ақ күн туып, ақжарылқап заман орнауын армандайды. Ашық аспан астында алаңсыз өмір сүруді аңсайды. Жақсылықпен жан семіртер сәулелі сәттердің көбейгенін көксейді. Құдай осынау игі тілектерімізді қабыл қылғай! Аппақ ниетімізді арқалаған «Астана ақшамының» алғашқы саны міне, қолдарыңызға тиді. Амандық болса, елорданың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-әдеби, тарихи-танымдық тұрғыдағы тыныс-тіршілігінен сыр шертетін сүбелі дүниелер арқылы ояу жүректі оқырмандарымызды рухани олжаға батырмақ ойымыз бар. Бас қала басылымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын насихаттап, Ақордалы Астананың өсіп-өркендеуіндегі оң өзгерістерді ақпарат кеңістігіне алып шығуды абыройлы міндет санайды. Қазақ тіліндегі ақпарат құралдарының қасиетті борышы ұлт ұпайын түгендеу болса керек. Сондықтан біздің газет журналистері де бұл тақырыпқа қал-қадірінше қалам тартып, елдік мәселелерді екшеуге өз үлестерін қосары сөзсіз. Ұлу жылы Тәуелсіз Қазақстан үшін ұлы істерге толы болды. Биыл да Алаштың мәртебесі асқақтап, жағымды жаңалықтар жалғасын тапқай!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 19 =