Асқар асуды алған аға

0 63

Бөркін аспанға атып қуанса да, салы суға кетіп қиналса да, адамзат көші тапжылмастан бір орнында тұрмайды, бір жығылып, бір тұрып алға ұмтылып келеді. Ендеше, сол ұлы керуенде ұлттың қадір-қасиетін даралап, адамдық болмысын бойтұмардай сақтап, кісілік кейпін жоғалтпау – тірліктің мәні сол секілді.Қазақ дейтін киелі халықтың қасиетінен қайтіп айналмайсың, көзді ашып-жұмғанша өте шығатын осы қамшының сабындай қысқа уақытта, төбеміздегі ай мен күн тәрізді еш өзгермейтін, ұрпақтан ұрпаққа өтіп келе жатқан қаншама қасиет сыйлады.
Бет алған бағыты Темірқазық іспетті айқын болғасын, қапталдасып соққан қара жел де, маңдайдан орай сүйген жібектей самал да табиғаттың кезекті құбылысына бағаланып, адамзат қауымы межелеген нысанасын бетке алып жүре беретін шығар.
Арамызда жүрген ардақты аға, белгілі қайраткер, бағындырған асуы асқар, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген тұлға Төкен Танаұлы туралы сөз «ә» дегенде осындай орамды ойға жетелейді.
Халқымыздың ғасырлар қойнауынан мұздай аман жеткен бар игі қасиетіне бас игендігінен шығар, күнделікті тұрмысында бір мысқал ажырамағандығынан болар, әйтеуір қай ісіне де баға бергіңіз келсе де, еріксіз тарихқа жүгінесің.
Қай кезде де, қай істе де халқының керегіне жарап келеді.
Билікте болса, елге әуелгі кезекте не қажет, соны екшеп-зерделеп, қолға алған істі соңғы нүктесіне дейін апарады. Мезгіл араға түсіп, сағымданып алыстап кетсе де, Маңғыстау облысының Ералиев, Жаңаөзен аудандарында атқарған істері автографы секілді көзге ыстық көрінеді, қол бұлғап менмұндалайды.
Бойы өсіп, буыны бекімей жатып еңбекке араласқан азамат маңдай термен келген табыстың дәмі қандай боларын жақсы біледі. Тірліктің қызуы бет қаратпайтын домнасында құрыштай шыныққан қайсар қазақ бәрін өз күшімен бағындырды.
Аға таудай тұлғаға айналып, артынан ерген ініге үлгі болуы жолында аз тер төкпейді. Халқының кәдесіне жарап, тарих толқынында ауық-ауық сол сүрлеуге соны назар түсіп жатса: соңыңда өшпейтін ізі қалғаны.
Сірә, бұл – туған елдің салт-дәстүрінен тамыр үзбеген, болашағына кіндігінен байланған Төкен Жұмағұлов­тай азаматтар ғана қол жеткізген биіктік.
Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық политехникалық институтты бітірді. Өмір жолына көз жүгіртсек, жүргізушіден бастап, жөндеушілер бригадирі, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, Теңіз кенішіндегі «Теңізмұнайқұрылыс» механизация мен көлік басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Кейін осы мекеменің бас директоры, сосын президенті болып сайланды.
1994 жылы Атырау облысының Жылыой ауданының әкімі болып тағайындалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдегі ауыр жағдай, адам төзгісіз экономикалық қиындықтар Төкен Танаұлынан жаңаша көзқарасты талап етті.
Бұл тек шаруашылық қана тұралап, экономикалық қатынастар қирап жатқан кез емес, санада сілкініс болып жатқан тарихи тағдыршешті бетбұрыс кезең болатын.
Төкен ағамыз сол үрдістен табыла білді.
Жанкешті еңбегінің бағасы шығар, Төкен Танаұлының сол тар жол, тайғақ кешудегі көрсеткен үлгісі мен батыл шешім қабылдап, ел жағдайын жолға салғанын көзкөргендері ерекше ықыласпен еске алады.
Халықтың ыстық құрметінен артық не бар, төрт жылдан кейін өз өтініші бойынша «Теңізмұнайқұрылыс» акционерлік қоғамының президенті қызметіне қайта оралды. Еліміздің қақпасы секілді Батыс Қазақстан облысының көптеген аудандарының орталықтары мен елді мекендеріне газ құбырын тарту жұмыстарымен айналысты. Өзім сол облыста тоғыз жылдай қызмет жасаған адам ретінде жақсы білемін, бұл өңір тұрғындары үшін бұл өте өзекті мәселе еді. Жол жағдайы мен газ мәселесі әрбір тұрғынның арманы десе болатын.
Соны жан-тәнімен түсінген Бақтықожа Салахатдинұлы бұл мәселеге бел шешіп кірісті. «Әуелі бұл шіркінді бастау қиын» деген, әрине, ең бірінші қаржы бөлу – күрмеуі қиын дүние, оның үстіне жел өтінде отырған ауылдарға материал тасымалына қыс – қалың қар, жаз – иленіп жататын саз балшық, жол кедергісі бар, соның бәріне көніп жүретін мамандар қажет болды.
«Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген, Төкен Танаұлы осындай игілікті істің меже биігінен көрінуіне өз үлесін қосқаны даусыз.
Ағаны сыйлау салт болғанда, тек жасының үлкендігі ме екен, бұған қосымша халықтың уақыт тезіне сыймайтын, мезгіл ағымына бағынбайтын ізгі қасиеттерін бізге мирас еткендігінде жатыр.
Өмірлік, кәсіби тәжірибесін елінің дамуына сарқа жұмсап жүрген Төкен ағамызға Дина апамыз екеуі бала-шағаларының ортасында бастары аман, дендері сау, бауырлары бүтін жағдайда, басқаларға жасаған жақсылықтары алдарынан шығып, іргелері сөгілмей, әрдайым орталарының толы болуына шын жүректен тілекшімін.

Нұрлан НОҒАЕВ,
Қазақстан
Республикасының
Энергетика министрі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 13 =