Асқақ мұраттар ұлықтаған Көшбасшы

0 173

2

Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма екі жылдығын мерекелейді. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған арман ақиқатқа айналғалы осыншама уақыт көзді ашып-жұмғанша артта қалыпты. Алты алашқа даңқы жеткен хан Абылайдың «қазақтың Сарыарқадай сайын даласына, ерке Есілдің жағасына ел қондырсам, елімді, жерімді ынтымағы жарасқан іргелі елге айналдырсам» деген асқақ мұратын Арқа төсіне сәулеті мен сәні келіскен астана салып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев                                                                      күллі әлемге әйгіледі.

Қазіргі біздің біреу қызғана, біреу қызыға қарайтын толымды табыстарымыз бен қол жеткен жетістіктеріміз оңайлықпен келе қалған жоқ. Сонау дүкен сөрелері қаңырап, елдің еңсесі түсе бастаған кезде Мемлекет басшысы тізгінді қолға алып, ең алдымен жұртқа бабалар мирас еткен ынтымақ, бірлік керек екенін, тарих ұсынған тар жол, тайғақ кешулерден қалың көшті тыныштықты, ұлтаралық келісімді сақтай отырып аман алып шығуға болатынын жеткізді. Әрі ел бірлігін сақтауды өз саясатына алтын арқау етті, ту етіп көтерді. Соған сәйкес 1997 жылды – «Ұлттық татулық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жылды – «Халық бірлігі мен ұлттық тарихы жылы», 1999 жылды «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жариялады. Мұнда үлкен мән жатты. Тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру барысында ішкі саясаттың басты ұстанымы – өркениетті даму жолындағы бірлік пен келісім құндылықтары еді. Осыны Қазақстан Президенті жақсы түсінді.

Онымен де шектелген жоқ, күрделі геосаяси және геоэкономикалық халықаралық жағдайда кез келген елдің жалғыз, жеке-дара дами алмайтынын шегелеп айтып, тарихи-мәдени және географиялық-экономикалық тұрғыдан мүдделес елдермен, оның ішінде түркі мемлекеттерімен ынтымақтасып, аймақтық деңгейде бірлесу, экономикалық және мәдени интеграцияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Дамудың сара жолын белгілеген Қазақстан Президенті егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, еліміздің алдына 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың негізін қойып, ХХІ ғасырда орнықты өркендеу үрдісін  жалғастыруды ұсынды.

Енді Қазақстан өзiнiң күллi мүмкiндiктерiмен нақ осындай нәтижеге қол жеткiзе отырып, 2030 жылға қарай Азия Барысына айналуды және өзге дамушы елдер үшiн үлгi болуды көздейді. Бұған да толық негіз бар.

Егемендікті еншілеген алғашқы сәттен кезіккен қиындықтардың барлығы да тәуелсіздік атты ұлы ұғымның тұрлауында түк те емес екендігін айтумен келе жатқан Мемлекет басшысы алға ұзақ мерзімді мақсаттар мен міндеттер қойып, оны байыппен жүзеге асыртып, небары жиырма жылдың айналасында Қазақстанды дамыған елдердің қатарына алып шықты. Еліміздің дүниежүзін таң қалдырған табыстары – соның айғағы.

Тәуелсіздікке қол жеткен уақыт ішінде Тұңғыш Президентіміздің  көшбасшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Көпұлтты Қазақстан ынтымағы жарасқан елге айналды. Еліміз ықпалды халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосты. Ата заң құрметтеліп, құқық қорғау органдарында жасалған жүйелі реформалар негізінде азаматтар құқығы мен бостандықтарын қорғауда еліміз абыройлы табыстарға қол жеткізді. Елбасының бастамасымен жасалған “Қазақстан – 2030” стратегиясы барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуіне, қауіпсіздігіне және әл-ауқатының артуына негізделіп, мерзімінен бұрын орындалды. Әлемдегі барлық мемлекеттердің тіршілік деңгейлерімен даму қарқынын, бәсекелестік қабілетін зерттеп отыратын Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстан 2012 жылы жер шарындағы 114 мемлекеттің ішінде 51-орынға жайғасыпты. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2011 жылы ғана біз 72-орында болатынбыз. Аз ғана уақытта осыншама алға жылжу – жан сүйсінтетін жетістік. Осы қарқыннан танбасақ, үздік 30 елдің қатарына ілігу аса қиынға соқпасы айқын. Ол үшін береке-бірлік, қажырлы еңбек қажет екені түсінікті.

Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дағдарыстан кейінгі орнықты даму стратегиясының жариялануы үлкен оқиға болды. Бұл оқиғаның ішкі мүмкіндіктеріміз бен болашақ ұлттық мүдделерімізді ғылыми таразылаудан туған іргелі шешім екендігі анық. Әсіресе, біздің еліміз дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиясында айтылған тұжырымдамалардың ғылыми негізділігі мен тегеурінді қарқыны әлемнің әр түкпіріндегі сан түрлі саяси-әлеуметтік үрдістерге куә болған сақа саясаткерлердің өзін таң қалдырғаны анық. Сонымен, енді он жылдан кейін еліміздің қандай болатынын әрқайсымыз көз алдымызға елестетерліктей нақты кезеңдерден тұратын стратегиямыз бар. Мақсат – айқын, міндет – нық. Осыған орай діттеген нысанаға жету жолдары да белгіленді.

Тәуелсіздік – тәтті ұғым. Енді соның мәңгілік баянды болуы жолында тізе қосып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ», бұған дейін еткен еңбек пен төккен тердің еш кетпегені.

Бүгін әлем алдында еңсеміз тік, жүзіміз жарқын. Елбасының ақыл-ойымен, кемел кеңесімен асқақтаған Астанамыз көрген жанның көзін сүйсінтеді. Осы айбынды даңқымыздың арқасында Қазақстан «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесін өткізу құқығына ие болды! Енді оның жемісін көретін күн де алыс емес.

Әлем жұртшылығына сүйіспеншілік пен ізгілік, түсіністік пен өзара келісімнің керемет үлгісін көрсететін, адамға адамзаттың барлығын бауырым деп сүюді үйреткен Яссауи, Низами, Фирдауси, Науаи, Мақтұмқұлы, Абай сынды тұлғалар сыйлаған түркі дүниесі ХХІ ғасырда жүгін жинақтап, жаңа белеске биіктеп барады. Елбасының бастамасымен құрылған Астанадағы Түркі академиясы, Анкарадағы ТҮРКІСОЙ, Бакудегі Түркібақ, Стамбулдағы Түркі дүниесінің тұрақты хатшылығы – осы керуеннің маңызды бөлшектері. Ұлы далада мәдениет пен білімнің ошағына айналған, адамзат тарихында іргелі бетбұрыстар жасаған түркі әлемінің көкбайрағы Стамбулда Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан көкке көтерілді. Ол түркі әлемінің тегеурінді басшысы атанды. Ұзағынан сүйіндірсін!

Кезінде Қазақстанның халық жазушысы, академик Зейнолла Қабдолов былай депті:

«Заман біздікі! Дәуір – біздің дәуір, бодан емес, бостан Қазақстанның дәуірі. Осының қадірін біліп, қасиетін сезіну бізді бұл тұстағы күллі қиындықты жеңуге үндейді. Ертеңге деген ұлы үмітке, сенімге әкеледі. Үміт пен сенім бірлікке әкеледі. Бірлік терең мағыналы тірлікке әкеледі. Сонда, ұлы Абай айтқандай, «заман бізді алға сүйремек», «заманды қай жан билемек?» Заманды Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билейді деп сендік те, шештік. Сөйтіп, тағдырымызды сенімді қолға тапсырдық».

Ақсақалдың шын тілекпен айтылған жүрек сөзі көңілге бек қонады. Ол мемлекеттің тізгінін тарихтың алмағайып, сынақты кезеңінде қолына алды. Тағдыр оған тәуелсіз мемлекетті құрып, еркін елдің көшін бастауды бұйыртты. Ол мүмкін еместі жасады. Халық та өз көшбасшысымен бірге жасампаздыққа жол ашып, Тәуелсіздік байрағы астында, әлемдік айдынға еркін қадам басуда.

 

Таңатар Төлеуғалиев

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × one =