Аспаздың көңіл күйі асқа әсер етеді

0 53

Күн сәулесі терезеден сығалай, сыналай құлап, ас бөлмені самала нұрға бөлеген. Ошақ үстіндегі қара қазанда сорпа бабымен қайнап тұр, қарама-қарсы тұстағы газ плитаға да бір сәт тыным жоқ. Үш түрлі мәнті, котлет пісуде, ал кәстрөлде – компот. Басына қызыл орамал тартқан қағылез келіншек жиналған ыдыстарды әндете жуып жүр. Бұл жерде тағы 9 адам жұмыс істейді, олар таңғы 7-ден іске кіріскен. Қазір қолдары босап, түпкі бөлмеде шай ішіп отыр. Көңіл күйлері көтеріңкі, қашан қарасаң да әзіл-қалжыңдары таусылмайды. Өмірге риза, себебі күн сайын қаншама қиналған жанға қол ұшын созады. Аптаның 7 күнінде де жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедектігі бар азаматтарға түскі ас әзірлеп, тегін таратады. Ас-ауқатты дер кезінде діттеген жерге жеткізіп беруде еріктілердің де еңбегі мол. Бірақ ерекшелігі қайырымдылықта ғана емес…

«Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған ерекше жоба. Шығыстың аюрведа ілімі бо­йынша аса вибрациялы тағам түрлерін әзірлеп, жеткізіп берумен айналысамыз. Аса вибрация­лы тағамның ерекшелігі оны пісіретін адаммен байланысты. Аспаздарымыз әр тағамды шын жүректен, асқан махаббат­пен дайындайды. Егер ашуланып тамақ пісірсе, онда сол астан ауыз тиген адамға кері энергия беріледі. Сондықтан тағам дайындауға кірісер алдын сананы жаман ойлардан тазартып, өзіңізге ұнайтын әуенді қосып қою керек. Оның орнына дұға, сүрелерді тыңдасаңыз болады. Ұжымда 10 адам бар, барлығы ет және басқа да жанды тектен жасалған өнімдерден (балық, жұмыртқа) түбегейлі бас тартқан. Ішімдік ішу, құмар ойындар, зина және өзге де зиян­ды әдеттерден аулақ. Қазіргі уақытта тапсырыстар қабылдаймыз, жеткізу тегін. Негізі, сұраныс жақсы, содан түскен табысты қайырымдылыққа жұмсаймыз. Бұдан бөлек, бізді қолдайтын, қаржылай көмектесетін жандар да бар» дейді кәсіпорын басшысы Роман Небицкий.

ЕТІ МЕН ПИЯЗЫ ЖОҚ МӘНТІ

Ас мәзірге вегетариандық гамбургер, хот-догтар, асқабақ, алма қосылған бәліш пен тәтті тоқаштың алты түрі кіреді. Сонымен қатар арахис майына пісірілетін құрамына маш, көкөніс, зімбір, аскөк, кориандр қосылатын «кичри» тағамы бар. 1 сағатта дайындалатын жеңіл ас ағзаны тазартуға көмектеседі. Сонымен қатар күріш, жасымық, ноқат, бұршақтан котлет пісіреді. Келесі үндінің ұлттық тағамы – «дал» сорпасы. Бұл да бұршақтан әзірленеді, қызыл жасымық, кейде ноқат қосылады. Мәзірде палау бар, бірақ етсіз. Кейде өсімдік етін қосады екен.
«Мәнтінің үш түрін әзірлейміз, яғни қырыққабат, асқабақ және ірімшіктен дайындалады, ерекшелігі – құрамына ет, пияз, сарымсақ қосылмайды. Себебі аюрведа бойынша пияз бен сарымсақ – дәрілік өсімдіктер, сондықтан күнделікті тұтынуға болмайды. Сонымен қатар пияз, сарымсақ жеген адамда нәпсіқұмарлық, өзімшілдік, қызуқандылық пен өзге де жағымсыз қасиеттер арта түседі. Сусындардан компот, шөп шайлар бар. Шайға лимон қосар алдын міндетті түрде тұқымдарын алып тастаймыз. Себебі тұқымдары ағзаға зиян» деп атап өтті Роман.КЕШКІ АС ІШПЕГЕНІМЕ 25 ЖЫЛДАН АСТЫ

Аталмыш тағамдардың бар құпиясы – аспаздарда, олардың көңіл күйінде, жеке қасиеттері мен өмірлік ұстанымында. Осындай аса мейіріммен әзірленген асты жеген адам ауру-сырқаудан аулақ болады дейді мұндағылар. Мәселен, екі ай бойы осы асхананың асын ішкен әжей қант диабеті ауруынан айығып кетіпті. Жоба авторы, «Kazakhstan Brand Incubator», «Omir Nari» жобаларының негізін қалаушы, блогер Айка Әлемі басты мақсат дұрыс тамақтануды насихаттау, халықтың денсаулығын пайдалы, табиғи өнімдер арқылы жақсарту дейді.
«30 жылдан бері йогамен айналысамын, аюрведа ілімі бойынша дәріс беремін. Елімізде көпшілік күнбағыс майына тамақ пісіреді. Бірақ күнбағыс майы ағзаға өте қауіпті, организмге артық ыстық береді. Нәтижесінде қабыну пайда болады, суық тию жиілейді. Мәселен, денедегі жараңыз өздігінен тез жазылып кетпейді. Сондықтан күнбағыс майы емес, жүгері майына ас пісіру керек. Зәйтүн майының өзі барлық адамға арналмаған. Жалпы, веда ілімі арқылы мүлдем жеуге болмайтын өнімдер, екінші – ағзаға пайдасы да, зияны да жоқ тағамдар, үшінші – жеуге болатын тағамдар және дәрі сияқты ағзаңыз аса мұқтаж өнімдерді анықтауға болады. Мәселен, баклажан, авокадо – менің дәрілерім. Адам ағзасы өз-өзін емдеп жазуға қауқарлы. Сондықтан сіз өзіңізге аса қажетті өнімдерді тұтынсаңыз, дәрі-дермектерді ұмытасыз» дейді ол.
Сонымен қатар денсаулықты жақсартудың бірден-бір жолы реніш, қорқыныш, өкпе, көреалмаушылық, қызғаныш қасиеттерінен арылу. Екінші, ағзаға қажетті табиғи өнімдермен дұрыс тамақтанып, далада қақаған аяз болса да серуендеу керек. Өмірді 20 жылға ұзартқыңыз келсе, аптасына бір рет таза ауада 2 сағат жүгіріңіз немесе 4 сағат жаяу жүріңіз. Хатха-йогамен айналысуға кеңес беремін.
Үшінші – дұрыс ұйықтау. Кешкі сағат 21:00-ге дейін ұйық­тап, таңғы 4:00-де ояну өте маңызды. Егер сіз түнгі сағат 00:00-ге дейін ұйықтамасаңыз, бойыңызды әлсіздік билейді. Нәтижесінде шаршау­дан құтылу қиын болады. Ал егер түнгі сағат 12-ден 2-ге дейін ояу болсаңыз, психикаңыз бүлініп, күйзеліске шалдығасыз. Түнгі үштен кейін де ұйқыға кетпесеңіз, денсаулығыңыз күрт нашарлайды. Мен таңғы 4:00-де оянамын. 4 жылдан бері вегетарианмын. Өзімді өте жақсы сезінемін.
25 жылдан бері кешкі ас ішпеймін. Кешкі астан бас тарту қажет. Таңғы асқа жеміс-жидек болады, тек көп емес. Түскі асқа бәрін жеуге болады. Күнделікті түймедақ немесе бал қосылған шай ішуге болады. Адам кешкі ас ішпеген кезде, ағзада жасартатын гормон бөлінеді» дейді жоба авторы.ҰШҚЫНДЫ ОСЫ ЖЕРДЕН ТАПТЫМ

Олар таңмен таласа тамақ пісіреді. Барлық қызметкерлер іске кіріспес бұрын міндетті түрде душ қабылдап, медициналық тексеруден өтуі тиіс. Егер олардан қандай да бір ауру белгілері байқалса, асха­наға кіруге қатаң тыйым салынады. Ас азірлеу кезінде жанға жайлы әуен қосулы тұруы шарт. Жұмыс күні жоспар құру, медитация жасаудан басталады.
«Жасым 48-де. Бүгін мен тәтті тоқаш, алма қосылған бәліш әзірледім. Бұл жерде жанымның тыныштығы үшін жұмыс істеймін. Осында 20 жылдан бері араласатын дос­тарым қызмет етеді, қазіргі уақытта солардан аспаздықтың қыр-сырын меңгерудемін. Талап бәріне бірдей, тазалық, позитив, ал қабағын түйіп, үнемі көңілсіз жүретін жандар бұл ортаға сіңісе алмайды. Осындай керемет ұжыммен бірге жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын. Менің негізгі кәсібім – тігіншілік. Дегенмен аптасына 3 рет осында келіп, тәтті-дәмділер пісіріп кетпесем, көңілім тыншымайды. Бұл жерде шығармашылық еркіндік пен адал достық, шынайы махаббат бар» дейді кондитер Элена Мирзелекина.
Жалпы, «PatiPati» әлеуметтік кәсіпорын күн сайын 130 жанды ауқаттандырады. Онымен қоймай биыл бұл көрсеткішті 160-қа арттыру көзделген.
«Көмекке мұқтаж жандардың тізімін елорда әкімдігінен аламыз. Маусым айына дейін 45 тонна азық-түлік үлестірдік. Ашылғалы бері 10 мыңнан аса тұрғын азық-түлік жиынтығы және жеміс-жидек себеттерімен қамтамасыз етілді. Тізімдегі отбасылардың әлеуметтік жағдайын бақылауда ұстаймыз, егер әлеуметтік жағдайы тұрақталса, тізімнен шығарып, өзге отбасыны қосамыз» дейді Роман Небицкий.
Алдағы уақытта кәсіп­орынның дайын өнімдерін қаладағы супермаркеттердің сөрелерінен көруге болады. Әлеуметтік дәмхана ашу жағы да жан-жақты талқыланып жатыр екен. Сонымен қатар еліміздің 9 қаласында осындай кәсіпорын ашуды көздеп отыр. Ірімшік пен жасыл редистен әзірленетін тұшпара, көкөністер қосылған мәнтіні мұздатып, сатылымға шығарады.
«Астананың шетінде болса да, аптасына 2-3 рет осында келіп, аспаздарға қолғабыс етемін, кейде жеткізу жағына көмектесемін. Осындай ерекше жоба арқылы күн сайын қаншама отбасыны ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Басқа да жұмыстарым бар, бірақ осы ортада өзімді еркін, шынайы сезінемін. Екінші жағынан, тамақ пісіруді үйреніп жүрмін. Негізі, қа­йырымдылықпен айналысу парызымыз ғой. Менің өмірлік қағидам солай, қолымнан келсе, ақшалай көмектесемін я болмаса уақытымды арнаймын. Осында келгелі рухани байып, өз-өзіме деген сенімім, өмірге деген сүйіспеншілігім арта түсті. Болашақта қызмет ұсынып жатса, бірден келісер едім» дейді волонтер Аяжан Бөлекбаева.
Аталмыш асханадан тамаққа тапсырыс берсеңіз, сіздің қаражатыңыз елордалық жағдайы төмен және көпбалалы отбасылар, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды күнделікті ыстық тағаммен қамтамасыз етуге жұмсалады. Өзіңізге түскі ас сатып алу арқылы өзге жанның тегін тамақтануына көмектесесіз. «PatiPati» кәсіпорны Ақмола облысы Қосшы ауылы, Еділ көшесі, 10 мекенжайында орналасқан. Байланыс деректері: 8-707-311-01-54, Patıpatı_food

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =