«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аспантайұлының рухы асқақтады

0 249

Астанада үш күн бойы елорда тұрғындарын қасиетті қобыз үнімен тербеген Тілеп Аспантайұлы атындағы II халықаралық қобызшылар байқауы өз мәресіне жетті.

Бұл дүбірлі сайыс аруақты қобызшы Тілеп бабамыздың туғанына 260 жыл және елор­даның 20 жылдығына орай ұйым­дастырылды. Халықаралық шараға әлемнің он бес елінен отызға жуық қатысушы кел­ді. Байқаудың ашылуында қо­быз­­шының ұрпағы, меценат Сапар Ысқақ «Біздің мақсатымыз – қазақтың қара қобызын, мәде­ниетін дүние жүзіне таныту. Қобыз – өте көне музыкалық аспап. Оның тарихы да өткен ғасырлармен сабақтасып жатыр. Мәселен, Моңғолияның Алтай бауырынан VI ғасырда ұсталған қобыз туралы білесіздер. Біз осы аспапты «Бабалар ізімен» деп аталған тарихи экспедиция аясында Рим папасына сыйладық. Сондай-ақ, Алтайдың Берелінен табылған жауынгер сүйегінің жанынан қылыш пен қобыз табылды. Конкурстың шекаралық аумағы да кеңейді. Бұл менің көңіліме қуаныш сыйлады» деді «Тілеп» атындағы қайырымдылық қорының президенті.

Сайыс шарты бойынша қобыз­шылар алғашқы айналымда Аспантайұлының «Бақсы», «Тол­­ғау», «Аллам жар» атты үш күйінің бірін орындаса, екінші айналымда өз елдерінің дәстүрлі туындысын көпшілікке таныс­тырды.
Үш күн бойы Қобыз сарайын­дағы Аспантайұлының рухы асқақтаған өнер бәйгесінде отандасымыз, талантты жас Мақсат Медеубектің бағы жанып, бас жүлдені жеңіп алды. Оған 5000 АҚШ доллары мен жеңімпаз статуэткасы берілді. Бірінші орынды Әзербайжаннан келген Мадина Шахгельдиева иеленді. Екінші орынды Моңғолияның талантты түлегі Тумэнбаяр Содном-Иш қанжығасына байлады. Үшінші орын өзбекстандық қос өнерпаз – Маджид Карабаев және Ислом Абдулазизовқа бұйырды. Жүлдегерлердің бәрі бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды