«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аспан түс туым, асқақта!

0 31

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер мерекесіне орай Елбасы кітапханасында «Мемлекеттіліктің рәміздері» халықаралық ғылыми конференциясы болып өтті. Биыл мәртебелі нышандардың қабылданғанына 30 жыл толып отыр.

DIAS2678коп

«Кез келген ел үшін Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздікті айқындайтын атрибут қана емес, бұл – терең әлеуметтік-мәдени және саяси түсініктер жүйесі. Олар тарихқа негізделіп, ұлттық жадты сақтап отырады. Мемлекеттік рәміздер – ел келбетінің құрамдас бөлігі, азаматтар патриотизмі­нің көрінісі, бүкіл қоғамды біріктіретін факторы, кез келген ұлт пен мемлекеттің болмысын қалыптастырудың құрамдас бөлігі» деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат іс-шараны аша отырып.

Халықаралық ғылыми конференцияға онлайн форматта шетелдік қонақтар да қатысып, сөз сөйледі. Соның бірі Қауіпсіздікті зерттеу жөніндегі Джордж Маршалл атындағы еуропалық орталық профессоры, Эмеритус университетінің профессоры Грегори Глисон (Нью-Мексико, АҚШ) Қазақстанның тәуелсіздік алғанына тікелей куә болғанын айтты. 1991-92 жылдары біздің елде іссапарда болған ғалым Қазақстанның халықаралық аренада қалай танылғаны, осы отыз жыл ішінде жеткен жетістіктері жөнінде сөз қозғады.

Жандарбек Мәлібеков, елтаңба авторы:

Елтаңбаны жай ғана логотип деп қабылдамау керек. Мұнда мыңдаған жылдық тарихымыз, рухымыз бен санамыз, салт-дәстүріміз бен Ұлы даланың философиясы жатыр. Сондықтан онда ерекше қадір-қасиет бар деп түсіну керек. Өз басым Елтаңбаның кеудеге тағатын кішкене нұсқасын киелі бойтұмардай үнемі тағып жүремін. Жаңа дәуірде, «Жаңа Қазақстанда» Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудың тың тәсілдерін қолданатын кез келді

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы рәмізтануға қатысты құнды пікірлерімен бөлісті:

«Біздің ұғымымызда рәмізтану – көзсіз сүйіспеншілік емес, Отанға, елге деген ата-баба қанымен бойға сіңген саналы әрі шынайы құштарлық. Рәмізтану ұғымы туған мемлекетке, жаралған топырақ пен өскен ортаға деген ізгі сезімді ғана білдірмейді, ол – елдік бірлікті, халықтық қасиет пен сапаны, азаттық үшін күресті, тарихи жол мен жасампаздықты қастерлеуді аңғартатын кең ұғым. Ол – елдің өткеніне, бүгініне, келешегіне деген берік сенім мен терең жауапкершілікті оятатын рухани іргетастың бір жүйесі. Қазір Қазақстан жаңаруға бет алған кезеңде рәмізтану еліміздің аса маңызды әрі өзекті қағидатына айналып отыр. Өйткені ол – отаншылдықтың бірегей саласы. Қазіргі әлемдік сын-қатерлер тұсында тәуелсіз еліміздің ғаламдағы орны мен қауіпсіздік мәселесі баршамыз үшін отаншылдық өлшемі екенін де есте ұстаған жөн».

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Егеменді Қазақстанның елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. 1992 жылы қабылданған алғашқы әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұранның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Әнұранның бастапқы мәтінін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңдеді.

Тұлпарың тау мен тасты аттап,

Төске алсаң қоңыр салқынды.

Аспан түс туың асқақтап,

Асырар әлі-ақ даңқыңды! – деп ақын жырлағандай, қаншама жастарымыз қазір Қазақстанның даңқын шығарып, көк байрағымызды көкке биік көтеруде. Сонымен бірге Мемлекеттік рәміздерге немкетті қарау немесе аяқасты ету фактілері де кездесіп жатады. Кеше ғана көпшіліктің ашу-ызасын тудырған «Ирина Кайратовна» тобы әншілерінің қылығы – соның бір белгісі. Сол себепті конференцияға қатысушылар бірауыздан аталған мәселеге қатысты бірізділік пен жаңашылдық қажет деген тоқтамға келді.

Ғылыми конференцияның қорытындысы бойынша рәміздерімізді мемлекет ішінде және ел аумағынан тыс жүрген жастар арасында насихаттаудың тың ұсынысы әзірленді.

Әбубәкір Смайылов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды