АСПАН АСТЫНДАҒЫ КІЛТИПАН

0 117

«Кісідегінің кілті аспанда». Қарапайымдылығынан кейде тіпті жиіркенішті көрінуі де мүмкін бұл нақыл, дегенмен өзінен асқан форма табылмай, өміршең боп келеді. Ал осы мәтелді саясаттан туындады-ау десек, ол ойымыз – дәлеліміз болмаса да тұжырым ретінде өмір сүруге хақысы болар еді. Себебі саясатта барлығы – декларативті. Құйрық-бауыр жескен көршің болса да, кіріп-шығып тамырын басып тұрған дұрыс. Ал ондай көршіңнің аты Қытай болса, онда – тіпті міндет.

Қытай, адамзатқа белгілі 5 мың жылдық тарихында, дымын ішінде ұстаған халық. Алып елді барлауда, бақылауда ешкімнің жолы болмаған. Сарай ішінде талай шырғалаң болып жатса да, айбыны міз бақпастан тұра берген ел. Тек кейін, социализмге бет бұрғасын ғана, әйтеуір дәлірек саяси болжам жасау мүмкін болды. Айталық, әлемдік БАҚ соңғы 50 жылда келесі төрағаның кім болатынын шамамен дөп айтып келді. Және болғаны осы ғана. Басқа жағынан әлі сол – дымы ішінде.

Ендеше мұндай томаға тұйық елмен 1740 шақырым шекарасы бар Қазақстанның, «әр төрағамен – бір жүздесу» саясатын ұстануы өзін ақтап-ақ тұр. Өткен аптада Елбасының Аспан асты еліне барып, кезекті рет табысты келіссөздердің ұйытқысы болуы – осы үрдістің жарқын көрінісі. Ресмиет деңгейде 1992 жылы байланыстар орнағалы жасалған уағдаластықтарға көз тастасақ, «екі тарапқа тиімді келіссөздер» деген құрғақ дипломатиялық хабарламаның мәні де ашыла түседі.

Жолдастық жылнамасы

Қазақ-қытай қатынастары ешқашан алып пен әлжуаздың, пәле мен машайықтың диалогы болған емес, және әңгіме басында осы жәйтті баса көрсетіп қоятын жөніміз болып тұр. Өкінішке қарай, қазақ-қытай қатынастарын самарқау отандық БАҚ-тар маңайлай қоймағасын, тәуелсіздік алған жылдары екі тараптық қатынастардың небір ебедейсіз тәпсірлері жасалған болатын. Әдетте «сарапшы» ретінде Мәскеудің «мамандары» тыңдалды. Көбіне асханалық ой-толғау шеңберінен шыға алмағанымен, жоқтан жақсының кері келіп, қоғамымызда солардың пайымдары өтімді болды. Олардың басты базисі мынау болатын: «я ақшасы жоқ, я қауқары жоқ Қазақстан Қытаймен саяси саудада не ұсына алуы мүмкін?». Дәл сол уақытта көрместер түйені де көрмей, келесідей жеңістеріміз айтусыз-көрсетусіз қалып жатты. Айталық, екіжақты қатынастардың басты кезеңдеріне тоқталсақ:

– 1992 жылдың 27 тамызы – дипломатиялық қатынастардың орнауы. БҰҰ деңгейінде тәуелсіздікті мойындаған бір басқа, ал елшіліктің ашылуы – көршіміздің терезесі тең деп қарауының айғағы. Атташе-консулдық, өкілдік деңгейінде ғана әрекет еткенде, сөз саптауы да басқаша болар еді.

– 1994 жылдың сәуірі – қазақ-қытай шекарасының демаркациясының басталуы. Осы тұсты ашығырақ айтсақ. 1950 жылдардағы Жалаңашкөл, Даман шекара оқиғаларынан кейін қытайлықтардың қанжары ішігінде болғанына күмән жоқ. Ал КСРО күйреп, ел әбден тұралаған тұста оларға «тарихи әділет» орнатуға әбден мүмкіндік бар еді. Бірақ міне нәтиже: 26 сәуір күні «Қазақстан мен Қытай шекарасы туралы» шарт жасалып, 1740 шақырымға жуық шекараға ен салынды. Осы тұста ресми немесе тәуелсіз БАҚ самарқау болуы себепті, түрлі қоғам белсенділері мен жәй конспирологтардың Қытайдың Семей мен Алматы тұсында, барлығы 1 000 шаршы шақырымға жуық жер бойынша сұрақты ашық қалдырғанын айтады. Ендеше, құпия ештеңесі жоқ, бұлар – Сарышелді, Шағаноба жерлері болатын. Қытайдай алып ел «әп» дегеннен мақұлбайлық танытып, барлығына келісе береді деп ойлау әбестік болар еді. Жасыратыны жоқ, осы жерлер бойынша сұрақтарды жер дауына айналдырмақ болып, саяси ұпай жинауға ұмтылғандар баршылық болды. «Есеміз кетіп барады!» деп байбалам салғандардың бірқатары ел назарын өзіне аудартып үлгергені де рас. Бірақ.

– Бірақ 1997 жылы ол жерлер бойынша қосымша келісім жасалып, ал 1999 жылғы 10 наурызда Қазақстан Парламенті оны бекітіп, шекара мәселесінде соңғы нүкте қойылды.

Келтірілген жылнамадан қазақ-қытай қатынастарының мейлінше бейбіт сарында болғанын аңғаруға әбден болады. Және жоғарыдағы хронологияда экономикалық, қауіпсіздік мәселелеріндегі қарым-қатынастар тіпті де келтірілмеген. Егер оларды да сипаттайтын болсақ, ұтылмағанымыз анық екеніне айғақтар жетіп-артылады.

Құбырдың шығыс жағында

Қазақстан-Қытай келіссөздері – бәлкім кәсіби дипломат үшін шыңдалуға болатын тақырып. Көпбағытты саясат, әлемдік ықпалды күштердің арасындағы арасалмақ үшін Елбасының бастамасымен жасалған қыруар жұмыстар әлі де тарихи бағасын (өзіміз үшін) ала жатар. Бірақ, «біресе қытай, біресе орыс деп дүрліге бергенше, бір жағына шығу керек қой» деп, мәселені қарабайырлататындар үшін тап бүгінгі күндері нобайы айқындалған жеңістер әлден баршылық.

Стратегиялық саясаттың «нашар» тұсы сол: оның ұпайлары дәл сол жерде білінбейді. Оның жемісін жылдар бойы күте тұруға тура келеді. Айталық, тәуелсіздік алған тұста, мұнай тасымалдаудың Каспий бағытын місе тұтып, «есікті жауып алып отыра берейік» деген нұсқадағы саясат ұсынғандар көп болды. Ондайлар, жыл санап әлеуеті өсетін елдің тәбетінің де сонша өсетінін есепке алмапты. Енді бүгіндері отын тасымалы қыспағына алынған Ресейдің мысалын көргенде, сол тұралау кезеңдерінде елге түсініксіздеу, бәлкім тіпті ерсі көрінген «көпвекторлы саясат» деген айла-тәсілдер жиынтығының әкелген ұпайлары анық көрініп отыр. Айталық, Украина газ тасымалы мәселесінде басты дәліз ретіндегі әлеуетін Ресейге әбден саудалап болды. Ал енді Қазақстан жағдайында құбырдың осылайша бір бағытта ғана ағуын елестетіңіз. Бұл жағдайда Ресей отыр десе отырып, тұр десе тұратын халге жететініміз анық емес пе? Ал Қытай бағыты (құбырмен – Алашаңқай, теміржолмен – Душанцзы, жалпы – Шыңжаң аймағы) кәдімгідей балама болып отыр.

Енді осы мәселені де шырақ алып қарап жат­қандар баршылық. Олар Қытай бағытында ағып жатқан көмірсутекті есептеп, не бердік – не алдық деген қисаптар келтіреді. Пайымдауларынша, Ресейге балама бағыт деп айтуға келмейді. Бірақ бұл да әзірге ғана ғой? Ашық көздерден алынған экспорттық баға, баға қалыптастыру, транспорттық тарифтер мен басқа да мәліметтердің жай, сырттай ғана дөрекі сараптамасының өзі, дегенмен Батыс Қытай бағыты балама жол ретіндегі рөлі артқанын көрсетеді. Және, арта беретінге де ұқсайды.
Осы тұста, мұхиттан ада, екі алыптың қоршауында отырған Қазақстанның не берері бар деген риториканы алға тартушылар көп.

«Қарадүрсін қисын» иелері кейде интернет-қауымдастықты, кейде оппозициялық БАҚ-тарды осындай уәжбен шулатып алатын әдеті бар. Мұны, әрине, кембағалдық сананың насихаты деуден басқа амал жоқ.

Біріншіден, Қытайдың батысына мұнай шынымен қажет, ауадай қажет. Алапат күшті экономика мұнайды суша сіміретіні жасырын емес. Ендеше, Қазақстанның экономикалық бастамаларына Қытай қолдау білдіру арқылы жарылқап тастады деу нағыз әбестік болар еді. Біз тауарымызбен саяси мүдделерімізді қорғаймыз, олар саясатпен тауарлық қажетін өтейді. Бары осы ғана.

Екіншіден, Қазақстанды «мирастан мақұрым қалған», ықпал ету құралы тіптен жоқ ел ретінде қарастыру да орынсыз әрі әділетсіз. Рас, ықпал ету құралдарымыздың қазақи сипаты бар: батыстық үлгіде оларымызды жазып, жарқыратып іліп қоя бермейтін жұртпыз. Ашық, бәріне белгілі құралдарымыздың бірі мынау десек те болады: барлық әскер ұйымдарға ел аумағында әрекет етуге потенциалды мүмкіндікті сақтау. Шынымен-ақ, болжалды түрде NATO-лық зымырандарды орнатып көрсек, көршілер ырза болмасы анық. Құрал ма? Құрал. Ал енді, бір ұпайым артық түсті екен деп, жарияға жар сала бермейтін, бірақ елдің әрқайсысы іштей түсінуі тиіс те көзірлер болады. Мысалы, шекара мәселесінің Қазақстан үшін оңтайлы шешілуінің себебін сол шекара маңынан алыс бармай-ақ аңғаруға болады. Бірақ тек аңғаруға. Бөрікті аспанға атып, жамырай жөнелуге емес. Бейімбет айтатын «демекөктерге» кезекті сүйегін уатып шайнайтын әңгіме үшін емес.

Себебі, «үй сыртында кісі бар»…

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 2 =