«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аспан айналып жерге түскен күн

Мундиаль-2018

0 480

Әлем чемпионатының ашылу салтанаты өткеннен кейін бірден Ресей – Сауд Арабиясы құрамалары арасындағы матч басталды. Ол алаң иелерінің 5:0 есебімен ірі жеңіске жетуімен аяқталды. Бұл екі жақ үшін де мүлдем күтпеген нәтиже болғандықтан, олардың әрбіріне тура аспан айналып жерге түскендей екі түрлі көңіл-күй ауанында әсер етті.

Ресей құрамасының бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов бұл мәуріттің нағыз мерекелік ұмытылмас сипатта болуы үшін қолдан келгенінің бәрін жасап бақты. Ол бұл үшін мұның алдында Түркия терме жамағатымен өткен бақылау жолдастық кездесуіндегі старттық құрамды сол қалпында дерлік сақтап қалып, тек қорғаныстың оң қапталында Игорь Смольниковтің орнына Марио Фернандесті жіберу арқылы бір ғана өзгеріс жасады. Орталық қорғаныс шебінде Сергей Игнашевич пен Илья Кутепов жұп құрды. Шабуылдың өткір шегінде форвард Фёдор Смолов орын алды да, жартылай қорғаушы Алан Дзагоев оған доп жеткізіп берушінің міндетіне жегілді. Ал Хуан Антонио Пицци мундиальдың іріктеу турниріндегі ең үздік мергендерінің бірі Мохаммад әл-Сахлавидің өзін ғана алға шығарып, соңғы кездері онымен жақсы тандем құрып қалған екінші шабуылшы Фахад әл-Мувалладты запаста ұстап қалуымен таңғалдырды.
Бір ғажабы, алаң иелерінің ойынында оның қорытындысына қауіп қана емес, тіпті дақ түсіретіндей де кемшілік болған жоқ. Команда ойыншылары матчтың басынан аяғына дейін бір деммен, бір ырғақпен ойнап, әбден сүргіленіп қалыптасқан үйлесімді ойынның үлгісін көрсетті. Соның нәтижесінде саудиялықтар ұшырасу барысында бірде-бір рет ресейліктер қақпасына қарай туралап доп соға алмады. Тек екінші таймда жалқы мәрте ғана дарбазаның сол жақ бағаны жанынан бір доп ақырын зырылдап өте шықты… Бар болғаны сол!
Қалған уақыттың бәрінде турнир төрелері қарсыластарына дес бермеді. Олар алғашқы бұрыштама добын 3-минутта беріп үлгерді. Бұдан ары алаң иелері жаппай және жан-жақты прессинг жасауға көшті. «Сұңқарлар» соның өзінде бұлардың шебіне қарай үзіліп кірудің жолын тауып жатты. Бірақ олардың бәрін қорғаныс шебінің жігіттері тез қайтарып, қатердің бұлтын демде сейілтіп тұрды. Осы аралықта ресейліктер екі қанаттан кезектесе ұйымдастырған жойқын жорықтар саудиялықтардың қорғаныс шебін қайта-қайта сетінетіп кете берді. Соның бірінде, 9-минутта Александр Головин сол қапталмен келіп, айып алаңына кіріп, допты Юрий Жирковқа жеткізді. Бірақ оның қақпаға бағыттаған соққысы қонақтар ойыншысына тиіп, кері қайтты. Бұдан кейін көп ұзамай, Роман Зобнин қарсыластардың бірінен допты тартып алып, оны алда тұрған Алан Дзагоевқа ұзатты. Бұдан кейін кезекті бұрыштама беруге қол жетті. Ал Жирковтың бұрыштан берген добын Головин алаң ортасына әуелете жеткізді де, оны Юрий Газинский баспен қақпаға тура бағыттады. Гол!
Кездесудің ортасына қарай Черчесов күтпеген жерден жарақат алып қалған Дзагоевтың орнына Денис Черышевті алаңға шығаруға мәжбүр болды. Бұл алмасудың өте сәтті жасалғанын кейінгі уақыт көрсетті. Ойынға кірген бойда белсенді қимылға көшкен Денис оның ақырына дейін дубль жасап, командасының ірі жеңісіне үлкен үлес қосты. Ол ойындағы екінші голды 43-минутта өзі түсірді. Бұған Зобниннің берген пасы жол салып берді. Ресейліктер бұл жолы арабтарды қарсы шабуыл кезінде әдемі ұстады.
Матчтың 50-минутында ресейліктер тағы қауырт қарсы шабуыл ұйымдастырды. Оның соңы Смоловтың соққысынан соң бұрыштама беруге ұласты. Бірақ Александр Самедов өте қолайлы нүктеден допты маңдайшаның үстінен жөнелтті. Осыдан кейін алаң иелерінің ұзақ уақытқа созылған позициялық шабуылдарына әзер төтеп беріп тұрды. Ал 70-минутта Смоловтың орнына шыққан Артём Дзюба сол бойда үшінші голды қақпаға сүңгітіп жіберді. Қапталдан доп лақтырған Зобнин оны Головинге жеткізді, ал Александр оң қанаттан қақпа алаңына қарай заулатты. Міне, сол жерде Артём оны басымен қақпаға дәл түсірді.
Үшінші голдан кейін саудиялықтар қарсыласуларын тоқтатты десе болғандай. Олар 73-минутта бір рет алыстан соққы жасағандары болмаса, енді қақпа маңына жақын келе алмады. Мұның есесіне, 86-минутта алаң иелері тағы бір гол соғып кете жаздады. Сол шабуылдың шапқыны алаңдағы аргентиналық төреші Хуан Пабло Белаттидің ақырғы ысқырығы естілгенше басылған жоқ. Бұл екі аралықта олар екі гол соғып, есепті нағыз күйреу дәрежесіне жеткізді. Алдымен, қосымша 1-минутта Дзюбадан пас алған Черышев гол соқса, 4-минутта бұған дейін 2 голға ассистент болған Головин соңғы нүктені қойды.
Кеше, 15 маусым күні кешке Египет – Уругвай, Иран – Марокко, Португалия – Испания құрамалары кездесті.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды