Аслан РЫСПАЕВ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРАЖАТТЫҢ МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАНАДЫ

0 161

аслан рыспаев

Аслан РЫСПАЕВ, Астана қаласы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Сыбайлас жемқорлық туралы iстердi ашу және оның алдын алу 2-басқармасының басшысы

– Астана қаласында сыбайлас жемқорлықтың ашылу деңгейі қандай?

– Есептік кезеңде департаменттің жедел-тергеу жұмысының нәтижелері, жалпы, оң динамиканы көрсетіп отыр. Қабылданған іс-шаралар нәти­жесінде 84 сыбайлас жемқорлық қыл­мысы ашылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есе жоғары немесе 55-тен 84-ке дейін артқан. Анықталған залал сомасы 29,7 млн теңгені, өтелген залал сомасы 3 млн теңге, ал мүлікке салынған тыйым 13,3 млн теңгені құрады.

– Нақты қандай істерге тергеу жүргізілді?

– Есепті кезеңде 5 адамға қатысты 23 қылмыстық іс қозғалды. Атап айт­қанда 3 іс Астана қаласы Алматы ау­­­да­нының Салық басқармасының са­­лық­тық бақылау комитетінің басшысы Қалдарбековке және бас маманы Қа­сеноваға қатысты болса, 20 іс ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаржы басқармасының бастығы Қал­ды­­баевқа, жастар саясаты басқар­ма­сының бастығы Ибраевқа, және басқа да анықталмаған адамдарға қатысты болып отыр. Жоғарыда аталған істер бойынша тергеу амалдары аяқталып, сот қарауына жолданған.

– Жалпы, елордада жемқорлық қай салада жиі кездеседі?

– Анықталған қылмыстарға талдау жүргізетін болсақ, қозғалған барлық істердің 29 пайызы немесе 25-і мем­лекеттік сатып алу саласында болса, тоғызы жер қатынастары саласына және алтауы салық органдары мен жол полициясына қатысты.

– Ал, мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаражатты оңды-солды пайдалану оқиғалары тіркелді ме?

– Астана қаласында іске асырылып жатқан салалық және мемле­кеттік бағдарламаларға бөлінген қара­жаттардың мақсатты пайдаланылуын жедел қадағалау жұмысына келетін болсақ, анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 1-ден 39-ға дейін артқан. Бұл бағытта негізгісінен басым Астана тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған «Қолжетімді тұрғын үй», «100 мектеп және 100 аурухана», «Балапан», «Саламатты Қазақстан», «Жол картасы» секілді бағдармалар аясындағы мемлекеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуы ерекше бақы­лауға алынған.

Аталған бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру және сапасын жақсарту үшін, мемлекеттік және инновациялық жобалар барысында Астана қаласында жүзеге асырылып жатқан 60-қа жуық нысандар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің аймақтық паспортына енгізіп, олар бойынша бюджет қаражаттарының криминалды қозғалысы нысанына мониторинг жүргізілуде.

– Жемқорлық әрекеттің алдын алу үшін департамент қандай шараларды қолға алуда?

– «Сыбайлас жемқорлық құқық бұ­зу­шылық фактiсi туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» ел Үкіметінің қаулы­сына сәйкес 4 азаматқа жалпы сомасы 444 480 теңге төленді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту шаралары «Нұр Отан» партиясы, «Атамекен» Одағы және мемлекеттік емес қоғамдық ұйым­дар­дың бірлескен күшімен іске асырылуда. Департаменттің талдау-ақпараттық бөлімімен бірлескен жұмыстар нәти­жесінде мемлекеттік немесе басқа да бизнес құрылымдарының ісіне араласпай-ақ, мемлекеттік сатып алу барысына мониторинг жүргізіліп, тиімсіз баға ұсынымдары да анықталды. Бұл ретте жанар-жағар май, азық-түлік, формалық киімдер, ұсақ тас және т.б. сатып алу кезінде олардың сатып алу бағаларын асырып көрсету фактілері белгілі болды. Осыған байланысты әртүрлі мемлекеттік органдарға тауарлар сатып алу бойынша жоспарланатын бағаларды қайта қарау туралы 9 ұсыныс жолданып, оның 6-сы қана­ғаттандырылды, 64,5 млн теңге сомасында бюджет қаражаттарын тиімсіз пайдалану фактісінің алдын алдық.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 9 =