ӘСКЕРИЛЕР ТІЛ САЙЫСТЫРДЫ

0 216

11

Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне орай ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты ұлты өзге әскери қызметшілер арасында байқау өтті. Шара алдында басқарманың мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы Манарбек Ибраһим сөз сөйледі.

«Баһадүр Бауыржан атамыз тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Ал қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Қазақ тілі – дамыған, жетілген, бай тіл. Бұл сөзімізді шығыстанушы В.Радловтың: «Қазақтардың тілі жатық та шешен әрі өткір, көбіне іліп-қағып, таңғаларлықтай оралымды сөйлейді» дегені растайды. Ұлы Абай да: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деп бекер айтпаған. Сол себепті, ана тіліміздің қадір-қасиетін бағалап, ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы таза күйінде жеткізу – баршамызға парыз» деді подполковник М.Ибраһим.

Еліміздің әр өңірінде өткен кон­курс­тардың жеңімпаздарынан жа­сақ­талған сегіз үміткер сайыста төр аталым бойынша сынға түсті. Қа­­тысу­шылар алғашқы кезеңде өзін ән мақамымен, өлеңмен таныс­тырса, келесі бәсекеде белгілі ақын-жазу­шы­­лардың шығармаларын мәнерлеп оқыды. Үшінші сында сөз және сөз тіркестерін орыс тілінен мемле­кеттік тілге, мемлекеттік тілден орыс тіліне аударды. Соңғы аталымда әскери салаға қатысты сұрақтарға жауап беріп, біліктіліктерін ортаға салды.

Байқаудың нәтижесінде елор­далық тіл жанашырларынан құрал­ған әділқазылар алқасы кеңесе келе, бас жүлдені №58012 әскери бөлі­мі­нің қызметкері, лейтенант Айина Лаврентьеваның қанжығасына байлады. «Менің бар болмысым қазаққа тартып кеткен сыңайлы. Өйткені, үй ішінде қазақ тілінде сөйлесеміз, қазақ ұлтының кейбір салт-дәстүрлерін ұстанамыз. Елбасы «Қазақстандықтардың бір ғана ота­ны бар, ол – Қазақстан» деді ғой. Расында, менің Отаным – тек қазақ елі. Бұл жеңісім – осының айғағы» деді А.Вадимқызы.

Екінші орын №10228 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Вадим Коротышқа бұйырды. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің кіші сержанты Дмитрий Кошелец үшінші орынды иеленсе, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің сержанты Любовь Тектібаева ынталандыру сыйлығын місе тұтты.
Жеңімпаздарға ұйымдас­тыру­шылар тарапынан дипломдар мен сый-сияпаттар табыс етілді.

Асан ЫСТЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + eight =