Әскери міндетті өтеу – абыройлы борыш

0 98

Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында әскери міндетін өтеу әрбір қазақстандық жас азаматтың абыройлы борышы саналады. Отан қорғаушы күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұрат БЕРЕКПОЛОВ газет тілшісіне сұхбат берді.– Жолдас полковник, қазір көктемгі әскерге шақыру науқаны жүргізіліп жатыр. Биыл Нұр-Сұлтан қаласынан қанша азамат Қарулы Күштердің қатарын толықтыруы тиіс?
– Жалпы еліміз бойынша биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында 13,5 мың жігіт әскер сапына қабылдануы тиіс, ал елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан 800-дей азаматты жөнелту жоспарланып отыр.
– Әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қалай және қандай жағдайда алуға болады?
– Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес жергілікті әкімдіктермен әскерге шақыруды жүзеге асыру үшін қалалар мен аудандар, облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында әкім орынбасарының төрағалығымен әскерге шақыру комиссиялары құрылады. Елордамыздағы әскерге шақыру комиссиясының төрағасы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асқар Амрин.
Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру қолданыстағы заңға сәйкес әскерге шақыру комиссиясының шешімі бойынша беріледі. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру отбасы және денсау­лық жағдайлары бойынша, күндізгі оқу бөлімінде білім алуды жалғастыру үшін және басқа да себептер бойынша беріледі.
Соңғы жылдағы енгізілген жаңалық – бұл әскерге шақыруды кейінге қалдыру кәсіби қызметін жүзеге асырып жүрген маман-педагогтарға барлық жұмыс істеу кезеңінде, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастап­қы кәсіби даярлықтан өтіп жатқан тұлғаларға әскерге шақыруды кейінге қалдыру беріледі.
Жаңалықтың тағы бірі – бұл мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтың ол қызметін ақтап келгенше жұмыс орны сақталып тұрады. Бұл мәселе Қорғаныс минис­трлігінің бастамасымен оң шешімін тапты.
Сонымен қатар, жоғарыда айтылғандай, әрбір азаматты әскерге шақыру туралы шешімді жергілікті атқарушы орган басшысының орынбасары төрағалық ететін қалалық немесе аудандық әскерге шақыру комиссиясының құрамы шығарады. Қабылданған шешімнің заңды болуына комиссия мүшелері жауап береді.
– Жастарды мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібі туралы айтып беріңізші.
– Елімізде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жариялау туралы бас құжат – ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. Жарлық жария­ланғаннан кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі азаматтар әскерге шақыру және медициналық комиссиялардан өту үшін тұрғылықты жерлері бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер жанындағы әскери шақыру пункттеріне келулері тиіс.
Бұдан басқа, әскерге шақырылушыларды әскерге шақыру пункттеріне келулері туралы хабардар ету жеке шақыру қағаздары, бұқаралық ақпарат құралдары және телефон арқылы жүргізіледі.
Қазіргі таңда пандемияның таралуына жол бермеу мақсатымен СМС-хабарландыру жіберу арқылы да шақырту жүргізіледі. Әскерге шақыру пункттерінде әскерге шақырылушылардың келулеріне бақылау жүргізіледі.
Денсаулық жағдайларын және әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтау үшін әскерге шақырылушылар дәрігерлік комиссияның сараптамасынан өтеді.
Жиын пунктінде тереңдетілген дәрігерлік тексеру, отбасы жағдайы мен моральдық-іскерлік қасиетін, психологиялық жай-күйін зерделеу, әскерлерден келген өкілдермен сұхбаттасу, жасақталатын командаларды құру үш тәулік мерзім ішінде жүргізіледі. Жиын пункттерінде уақытта үш күн бойына жергілікті атқарушы органдар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
Іріктеуден, сұхбаттасудан өткен және әскери командалардың құрамына енгізілген әскерге шақырылушылар облыстық әскерге шақыру комиссиясының шешімімен мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Бұдан басқа, жиын пунк­тінде әскери команда құру аяқталған кезде санитарлық өңдеу жүргізіледі (моншада немесе душта жуыну) және әскерге шақырылушыларға далалық үлгідегі әскери киім беріледі. Бұдан басқа, әскерге шақырылушы үш тәулік бойы жиын пунктінде болған кезде оның туған-туыстарынан алшақ, ұдайы әскери ұжым арасында болуға бейімделу деңгейі анықталады.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының әскери қызметші мәртебесін алу және әскери қызметке жөнелту үшін әскери команданың тізіміне қосылуы туралы бұйрығы шығады. Бұйрық шыққан күні мерзімді әскери қызмет басталған күн болып саналады. Іріктеуден өтпеген әскерге шақырылушы әскерге жөнелтілмейді.
– Қазіргі таңда жастардың әскерде әскери қыз­мет өткерулері қаншалықты қауіпсіз болып отыр? Ата-аналардың ұлдары үшін уайымдамауына кепілдік бар ма?
– Еліміздің басты құндылығы – ол адам капиталы. Ал әскерде – ол жеке құрам. Барлық деңгейдің командирлері мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері үшін барлық күшін салып, олардың ешқандай оқиғаға тап болмаулары үшін жағдай жасайды. Әрбір жағдай терең талданып, алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Тәрбиеші офицерлер, әскери психологтар әскери ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдайды саралайды және әрбір әскери қызметшімен жеке жұмыс жүргізеді. Сарбаздардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынас жасалып, ақпаратпен алмасады.
Қазір «әлімжеттік» деген түсінік, яғни осы сөздің астарында жатқан іс-әрекет біздің әскерде әлдеқашан жоқ және оны туындататын да жағдай жоқ.
Бұрын Қарулы Күштерде әскери қызмет өткеру мерзімі екі жыл болды. Ол кезде бір әскери бөлімшеде төрт әскерге шақыру мерзімінің сарбаздары қызмет өткерді. Бөлімше командирлері және взвод командирлері орынбасарлары лауазымдарын мерзімді қызмет әскери қызметшілері атқарды. Яғни бұл жерде бірінші шақырылымның сарбазы жаңадан келген сарбаздарды басқарды. Қазіргі уақытта Қарулы Күштер аралас тәсілмен жасақталады, яғни әскерге шықыру бойынша да және келісімшарт бойынша да.
2006 жылдан бастап мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімі бір жыл болып айқындалды, сол себептен «әлімжеттік» деген түсінік тарих болып қалды десе болады.
– Мерзімді қызмет өткеру мерзімі ұзартылады деген рас па?
– Мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның жиырма төртінші бабында белгіленген, ол он екі айды құрайды. Қазіргі уақытта көрсетілген нормаға өзгеріс енгізу қарастырылған жоқ.
Мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаз елден тыс, ұрыс іс-қимылдары аймағындағы бітімгершілік операция­ларына қатыса ала ма?
– Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік бөлімшелеріне қосу олар Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік даярлық орталығында тиісті оқудан өткеннен кейін ерікті түрде жүзеге асырылады.
Орталық тек келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді даярлауды жүзеге асырады. Егер олар кемінде үш жыл әскери қызмет өткерсе ғана. Яғни мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаздар елден тыс жерлерге жіберілмейді.
– Жасы үлкен әскерге шақырылушылар жоғары және жоғары білімнен кейін білім алғаннан соң, міндетті түрде бір жылдық мерзімді әскери қызмет өткеруі қажет пе? Ал отбасы, тағы да басқа себептермен мерзімді әскери қызметке бармаған азаматтар әскери даярлықтың басқа түрлерінен өте ала ма? Болса, жолдары қандай?
– «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес жиырма төрт жастан жиырма жеті жасқа дейінгі әскерге шақырылушылар ақылы негізде «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны филиалдарында әскери даярлықтан өте алады, ол мемлекетке мерзімді әскери қызмет өткергендермен қатар әскери оқытылған резерв санын арттыруға мүмкіндік береді.
Әскери-техникалық мектепті бітірушілер мерзімді әскери қызметке шақырылмайды.
Оқу мерзімі – 40 тәулік, оқу құны – 263318 теңге, оған үш мерзім тамақтану, киім-кешекпен қамтамасыз ету, оқу процесінің (оқу-жаттығу атыстарын өткізу және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету) шығындары және казармада тұру кіреді. Сонымен қатар әскери билеті бар, бірақ бұдан бұрын әскери даярлықтан өтпеген әскери міндеттілер де оқи алады.
– Келісімшарт бойынша кімдер қызмет атқара алады?
– «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 37-бабының 6-тармағына сәйкес техникалық, кәсіби, жоғары білімі бар бір жылдық мерзімді қызмет сарбазы алты ай қызмет өткергеннен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдана алады және сонымен қатар өзінің жұмысқа орналасу мәселесін де шешеді.
– Жұмылдыру (мобилизациялық) қорға кімдер кіреді?
– Әскери дайындық пен қызметтен кейін азаматтар жұмылдыру (мобилизациялық) қорға қосылып отырады. Бұл азаматтар ел үшін сын сағаты соқса, әскер қатарынан табылатын болады.
– Әскери қызметтен жалтару, яғни Отан алдындағы борышын орындаудан бас тартатындар да болатыны жасырын емес. Мұндай жағдайда қандай жауапкершіліктер бар?
– Әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару 1000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 1 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мынадай жағдайда: өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы; аурумын деп жалған сылтаурату жолымен; жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған іс-әрекеттері үшін 3000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыс­тарға тартуға немесе 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы ретте ескертетін жағдай – егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Жалпы дені сау, бойында намысы бар әрбір жас азамат Отан алдындағы борышын орындағаны, яғни әскери міндетін өтегені абзал екенін айтқым келеді. Өйткені Отанды қорғау деген – қасиетті борыш әрі абыройлы міндет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − eight =