Әскери әндеріміз әсерлі ме?

0 390

Қазақтың эстрада жанры кенжелеп дамып келе жатқандықтан, оны оңдыр­майтын айтқыштар да көп. Сынауға сауаты жетсін-жетпесін, әйтеуір, ерінбе­геннің бәрі емеурін білдіріп қалуға құмар. «Нашар», «быт-шыт», бытықы-шы­тықы… Жаза-жаза жауыр, айта-айта ақжем болған ол тақырыпқа соқпай-ақ, бұл жолы саптағы сарбаздар сарынының сиқына тоқталып көрмекпіз…

«Самолет ұшып барады-ей! Хей!
Қай жаққа ұшып барады-ей? Хей!».

1977 жылғы ағам Қарағандыда Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде, сарбаздар осы әнсымақты екі жыл бойы «шырқапты». Екінің бірі, егіздің сыңары «ақын» атанып жүр­­ген заманда мәтін авторына бә­рі­бір ғой делік. Ал, алда-жалда ел ба­­сына күн туа қалса, төбесінен зу-зу е­тіп күнде өтіп жататын әскери ұшақ­­тың қай бағытқа кеткенін біл­мей­тін Отан қорғаушылардан не үміт, не қай­ыр?! Оларға нені айтқы­зып, нені қойғызу керектігін рота коман­дирлері реттемесе, жетіс­кен екенбіз!

Сонымен қатар, әлгілердің сарт-сұрт қадам басып бара жатып айтатын жұпыны «репертуарларындағы» тағы бір ән мынау болыпты:

«Қызыл гүлім-ай, қызықтырдың-ай!
Аппақ гүлім-ааай, ардағымсың-ай!..».

Осы күні болса, шеп алдына Қай­­рат Нұртасты шығарып алып жү­­ре­тіндей екен, ә?!. Ол баланың қы­­рыл­дап-бырылдап орындайтын «ин­ку­батор әндері» қорғаныс сала­сын­­да­ғылардың арасында да хит шы­ғар, бәлкім? Қазақ жауынгерлері­нің бо­саң, болбыр «әндерді» орындап бара жат­қанын елестетудің өзі қан­дай аянышты?!.

Оу, сонда, ерлік рухын шарықтата шырқалатұғын патриоттық әндердің пәрмені жоқ па?! «Жоққа жүйрік жет­пейді» дейін десек, бар. Толып жатыр!

«Бейбітшілік сақталады» (әні – Ә.Еспаевтікі, сөзі – Н.Шәкеновтікі), «Армысың, айбынды сарбазым?!» (әні – Б.Алтаевтікі, мәтіні – Б.Сма­ғұлдікі), «Жас ұландар әні» (әні – Е.Әміровтікі, мәтіні – С.Ақсұң­қарұлынікі), «Сарбаздар маршы» (әні – Қ.Сәтиевтікі, сөзі – Қ.Сма­ғұл­дікі), т.б. арнайы әндеріміз еш­кім­нің тақиясына тар келмесе керек-ті. Орындай алса, оңды әнге зәру емеспіз. Тіпті, еліміздің түк­пір-түкпірінде жас сарбаздардың жіге­рін жану мақсатында «Әскери-пат­риот­тық әндер» фестивалі, «Әс­ке­ри керней» атты патриоттық ән­дер байқауы, «Ерлік – ұрпақ ұра­ны» деген әскери-патриоттық ән­дер бай­қауы мен «ВИВАТ, Қазақ­стан!» әскери-патриоттық әндер фес­тивалі сынды көптеген сайыстар ұйым­дас­тырылып жүр ғой! Қайда солардың толыққанды нәтижесі?!

Нәзік жүректі («түкті жүректі» дегенді абайлап қолданатын деңгей­ге түстік) ұландарымыз шепте шің­кіл­деп лирикалық ән орындамаса, қазір­гі айнал­дырған бір жылдың ішін­де махаббаттан мақұрым бола қал­мас… Бауырына алты ішекті гитарасын басып алып, «уап-па-па­ла­туға» үзіліс уақыттары да жетеді әрі-беріден соң! Ал, негізінде қазақ жас қы­рандарының сапта саңқылдап айтуы тиіс әндері мыналар:

«Өзіңнің аспаның – қорғасаң,
Өзіңнің жазираң – толғасаң,
Ата Заң – өзіңнің айбарың,
Өзіңнің аймағың, байрағың,
Армысың, айбынды сарбазым?!».
«Сен маған жұмақ бағысың!
Бар әлем сені танысын!
Ант берем мәңгі қорғауға,
Алаштың арын, намысын!».
«Көк байрақ арайлаған нұр таңымыз,
Жігіттің сынға түскен сұлтанымыз!
Дұшпанға қатал болған, досқа берік,
Жаужүрек Бауыржанның ұрпағымыз!».
«Қорғау үшін өмір көркін,
Бүгіннен де ертең нұрлы.
Болдырмаймыз соғыс өртін,
Достар берік сапқа тұрды!».

Міне, саған сауатты сарбаз әні керек болса!.. Патриоттық па, пат­риот­тық! Рухты ма, рухты! Әсерлі ме, әсерлі! Демек, «ән түзелмей, сән түзел­мейді». Өзге жұрттан үстін­дегі алабажақ киімімен ғана ерекшелен­бей­тін әскердің аты – әскер болуы керек! Үкілеген үмітімізді «Отан қор­ғаушы» деген атқа лайық боры­шын өтеген баламыз ғана ақтай ал­мақ. Оларға сауатсыздық, әлжуаз­дық жа­распайды.

Қазіргі кейбір арулар жігіттердің бұй­рық бере сөйлегенін ұнатады. Ал, ол үшін де көп жағдайда қатаң тәр­тіпті көріп, барлық сынға төселген, бойына патриотизм нәрін сіңірген мықты ұлдардың аз болмағаны абзал.

P.S. Сөз басында айтылған кім көрін­геннің орындауындағы эстрада ай­қайынан әскери әннің орны бөлек. Сондықтан оның мәтінін мін­детті түрде талантты ақындарға жаздыртпаса болмайды. Бұлай дейтініміз, дамыған елдерде арнайы әскери ән, әскери әнұран, әскери марш жазатын маман-композиторлар мектебі бар. Олар ақындарды «маңдайынан шертіп жүріп» таңдай­ды. Себебі, жауынгерлердің санасын сергітетін, олардың сапта жүрген кезінде аяқ алысын, қимыл-қозғалысын ширататын қанатты әндер керек. Ондай қанат­­ты ән кезінде өзімізде де бол­ған. Бұ­рынғы қазақтар әні де, сөзі де мығым «Жорық жырларын» шыр­­­­қа­ған. Ондай жырды айт­қан сәт­те жа­сық жігіттердің өзі най­заға қалай жар­масқанын білмей қа­­ла­ды екен. Сол құнымызды тәуелсіздік жыл­­­­дарында түсіріп алмауға тыры­сайық енді!..

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 2 =