Әскерден жастар неге жалтарады?

0 109

Ақтамберді жыраудың «Батырмын» деп кім айтпас, барарға жүрек шыдамас» деген сөзі бүгінге дөп басып айтылғандай. Жылына әскерге шақыру екі-ақ рет келеді: бірі көктемде, бірі күзде. Қазір сол науқан басталып та кетті. Әскери комиссия соқталдай жігіттерге бір тілім қағаз беріп «Келіп медициналық комиссиядан өт, денсаулығың дімкәс болмаса әкетеміз» деп шақырып жатыр. Бұрын да солай еді, бүгін де сол қарекет. Бірақ неге екенін қайдан, жас азаматтарға әскерге әкетеміз десе, ақтық сапарға апарамыз дегендей қашады. Соңғы кезде әскери борышын ерікті өтеушілердің қатары азайған. Жастардың дені жалтарып, түрлі сылтаулар мен бармаудың жолын табады. Өйткені борышкерлердің көбі әскерге баруды текке уақыт өткізу деп есептейді. Ең қызығы, жастардың 25 пайызы әскерге жарамсыз, көбінің мойнында несие бар.Ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың наурыз-шілдесінде және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскерге шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Науқан басталды. Дегенмен әскери борышын өтегісі келмейтін, одан қалай да болсын жалтарудың амалын табатын жастар көбейіп барады. Олар әскери жүйеден қорқа ма? Жоқ, әскерге деген сенімсіздік басым ба?

Борышын өтеуге неге сүлесоқ?

Жақында әлеуметтік желіден Азамат Ақылбаев есімді оқырманның «Астана қаласының тұрғынымын. 2 жылдан кейін 18-ге толамын. Армияға бармау үшін не істеуім керек?» деп жанұшыра жазған жазбасын көзім шалып қалды. Көпшілік үшін бұл жаға ұстататын жаңалық емес. Әрбіріміздің айналамызда дәл Азамат сияқты әскерге бармаудың қарекетін ерте бастан жасап, борышын өтеуден бұлтарып жүрген жігіттер жетерлік. Бұрындары тілдей қағазға келмегендерді білдей сардарлар үй-үйді аралап кезіп, тапқандарын тыпыршығанына қарамай әкететін. Бірақ адамнан қулық артылған ба? Кейбір пысықтар тұрақты тіркеуін өзгертіп немесе денсаулығы жарамайтынын растайтын қағаз сатып алып әскерге бармау үшін бәрін жасайтын. Қазір тәртіп өзгерген. Әскерге шақыртуды елемей, медициналық тексеруден өтуге келмеген жігіттерге 1000 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Кейін қайда барсаң да осы қағаз алдыңнан шығып тұрады. Тірлігің тынбай, шетелге де шыға алмайсың. Ол аз десеңіз, денсаулығына қасақана қысым келтіріп, өтірік анықтама жасап алатындарға 3000 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Ал кей жағдайда қылмыстық іс қозғалып, әскерден қашқан азамат 3 жылға абақтыға қамалуы мүмкін.

Еліміз бойынша осы көктемде 17 мың азаматты әскерге аттандыру жоспарланған. Соның ішінде елорданың еншісінде – 800 сарбаз. Осы сегіз жүзді жасақтау үшін әскер жасындағы сегіз мың азаматты медициналық сараптамадан өткізіп, жіті бағалап, жарамдысын жөнелтпек. Қазір әскерге бармай қалу деген әңгіме жоқ. Жауапкершіліктен жалтарғандар жазаға тартылады.

– Пандемия жағдайын ескеріп, шақырушыларға смс-хабарлар жіберіп жатырмыз. Борышынан қашқандарға қазір 8 миллионға дейін айыппұл салынатын болды. Бұл да қашатын жігіттердің көбінің аяғына тұсау салды. Әскерге бармай 1 жыл осыншама миллион төлегенше, барып шыңдалып қайтқандары жақсы емес пе? – деді полковник Ғани Артықов.

Мемлекет жігіттерімізге «барсаң да, бармасаң да баруың керек» деп міндеттеп отырған жоқ. Егер шынымен де отбасылық жағдайы келмесе, темірдей қатты әскери тәртіп те борышкердің мүмкіндіктерін ескереді. Жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын студенттер оқуын аяқтағанша әскерге бармайды. Одан кейін міндеттеледі. Әскерден үйленген, 1 баласы бар азаматтар мен денсаулығы жарамсыз азаматтар босатылады. Ал бір жылын әскерге жұмсағысы жоқтарға 263318 теңге төлеп 40 күндік даярлықтан өтуге мүмкіндік қаралған. Соңғы 8 жылда 50 мыңнан аса азамат әскери өмірдің дәмін татыпты-мыс.

– Жігіттердің көбінің басында несие бар. Содан қорқады. Несиелеріне пайыздық үстеме көп қосылып кете ме деп алаңдайды. Мұндай жағдайда біз банкке хат жазып, үзіліс беруді сұраймыз. Ал отбасындағы жағдайы нашар болса, түрлі әлеуметтік топқа жататын болса, баласы үйдің асыраушысы болса, оларды бірден әскерге алып кетпейміз, жағдайына қараймыз, – дейді полковник Гаухар Сырлыбаева.

Көзінен нұр тайғандар көбейген

Дәрігерлердің дерегінше, бүгінде әскерге шақырылғандардың тең жартысының денсаулығы дімкәс. Бұрындары майтабан, белдің қисаюы сынды ауыру белгілері белең алса, қазір көбінің көру қабілеті кеміген.

– Биыл 2004 жылы туған балаларды әскери тіркеуге алдық. Статистикаға қарасақ, көбінің көру қабілеті күрт нашарлап кеткен. Компьютер мен телефонға түнімен қарайды. Сондықтан көру қабілеттері біртіндеп азаяды. Жас жігіттердің денсаулығында түрлі аурулар да көп кездеседі. Балалардың денсаулығы нашарлап барады. Бел-омыртқа жарығы, остеохондроз, сондай-ақ семіздік көбейіп жатыр. Ондай жағдайда біз емделіп келуге уақыт береміз. Сосын асқазан-ішек ауруын да атар едім. Ол дұрыс тамақтанбаудан деп санаймын. Әскерге барамыз деп ұмтылып тұрған жігіттер денсаулығы нашар болғандықтан қалып қойып жатады. Ондай жағдайда әскерге жарамсыз деген әскери билетті береміз. Жігіттердің шамамен 20-25 пайызы әскерге жарамсыз, – дейді әскерге шақыру медкомиссиясының төрағасы Ермек Ержанов.

Үлкендер «әскер – өмір мектебі» деп жатады. Мәжіліс депутаты Файзолла Қаменовтің айтуынша, әскерге бару әрбір қазақстандық азамат үшін абыройлы міндетке айналуы тиіс.

– Біздің заманымызда жігіттер әскерге бармаса, қыздар менсінбей тұрмысқа шықпайтын. Әскерден қашу деген әңгіме болған емес. Ал біз бала күнімізден әскер болып ойнап өскен ұрпақпыз. Отан қорғау ұлы мақсаттарымыздың бірі болды. Кеңес Одағының кезінде әскерге шақыру идеологиясы да мықты еді. Заман өзгергенмен де, еліміздің Қарулы күштері, Ұлттық ұланы бар. Әскери міндетті өтеу мерзімі де 2 жылдан 1 жылға қысқарды. Қазір мектептерде кадет сыныптары ақсап тұр, әскери-патриоттық тәрбие беру жоқтың қасы. Балалар денсаулығының медициналық тексеруден өтпеуіне күнделікті тұтынатын газды сусындар мен фаст-фудтардың да әсері бар. Соның бәрі денсаулықты құртады. Одан кейін балалар кішкентай кездерінен смартфонға шұқшиып, көзінен айырылып жатыр. Бұл да қоғамымыздағы ең түйткілді мәселелердің бірі, – деді Файзолла Қаменов.

Бейбіт күндегі сарбаз өлімі

Кейбір ата-ана әскердегі баласынан хат-хабар күтіп жүргенде, қаралы қағаз алып жатқаны да жасыратын жағдай емес. Оған жақында Отар әскери базасында орын алған сарбаз өлімі дәлел. Тіпті баласын сау күйінде әскерге шығарып салып, мүгедек күйінде қарсы алғандар да бар. Яғни әскердегі әлімжеттіктің заманы әлі өтпей тұр. Отарда әскери ант қабылдағаннан кейін төрт қабатты казарманың терезесінен жас сарбаз секіріп мерт болды. Орын алған қылмыстық жағдай, жедел жәрдем көлігінің келуі – бәрі-бәрі бейнекамераларда жазылып қалған. Қайтыс болған сарбаздың қалтасынан өлер алдында жазған жазбасы табылады. Тергеушілер сарбазды өлімге итермелеушілердің бар екенін анықтаса да, ақпарат әлі еш жерде жарияланбаған. Бұл әскердегі бірінші суицидтік жағдай емес. Елімізде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың суицид жасағаны жайлы ақпарат жиі шығады. Былтыр Алматы облысында әскерге шақыртылғанына үш ай болған 19 жастағы жігіт биік мұнарадан секіріп мерт болды. Сол кезде сарбаздың өзіне қол жұмсауына әскердегі әлімжеттік себеп болды деп айтылған. Ресми мәлімет бойынша соңғы он жылда Қазақстанда 228 əскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Яғни орта есеппен жылына 22 сарбаз суицид жасайды. Қазақстанның әскери бөлімшелерінде әр 6 күн сайын жарғыға қайшы келетін әрекет бойынша бір қылмыстық құқық бұзу тіркеледі. Кейінгі он жылда жарғылық емес өзара қарым-қатынасқа байланысты 604 адамға қарсы 623 қылмыстық құқық бұзу әрекеті есепке алынған. Бұл тек назарға іліккені ғана. Қорғаныс саласының шенеуніктері әскери қызметкерлер арасында жарғыдан тыс қарым-қатынасты азайту үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр. Әскерилер ата-анасымен телефон арқылы сөйлеседі, анонимді сауалнама жүргізіледі, сарбаздардың денесі де тексеріледі, мұнымен қоса, «прокурор сағаты», «ашық есік күні», «көшпелі соттар» ұйымдастырылады. Осының арқасында кейінгі 20 жылда сарбаздар арасында өз-өзіне қол салмақ болғандар 18 есе, ал өзіне-өзі қол жұмсап мерт болғандар саны 5 есе азайған.

Бір танысымыздың оқу бітіргеннен кейін әскерге бармай, қашып жүргеніне бірнеше жыл болған. Жақында сол азаматты Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері шақырып алып, үйіне қош айтысуға да қаратпай әскерге аттандырып жіберіпті. «Әскерге барып керек емес» деп жүрген сабаз екі аяғына тұсаудың қалай салынғанын өзі де байқамай қалса керек. Соңғы жылдары департамент мамандары борышын өтейтіндердің артынан қудалап жүргенді жөн көрмей, осындай тәсіл қолдануға көшкен.

– Әскердің заманы емес, қазір оқитын заман. Әскерге барып бір жыл қиындық көріп, уақытымды босқа кетіргенше, қоғамда жұмыс істеп, жағдайымды жасап алғым келеді. Барып келген достарым да «Әскерге барып керек емес екен» деп жиі айтады. Ол жақтағы үлкендер тарапынан көрсетілетін әлімжеттікті мен айтпасам да білетін шығарсыздар. Ата-анам да ол жақта дедовщина бар, бізге сау бала керек деп жібергілері келмейді, – деді елордалық студент Алпамыс Серіков.

Дегенмен барлық шарттардан өтіп тұрған азаматтардың әскерге бармай қоюға құқығы жоқ. Әскерге барғаннан кейін 1 жылым босқа кетеді деу – қате. Мемлекет азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеп, шыңдалып шығуына барлық жағдай жасап отыр. Ол жақта жігіттердің қандай мамандық бітіргеніне байланысты, шамасына қарап әскери бөлімдерге жіберіледі. Ұлын әскерге аттандырған ана Сандуғаш Сүлейменованың айтуынша, баласы жиі хабарласып, хат жазып тұрады екен.

– Үлкен ұлым Ақтауға барғаннан кейін командирлері бірден ата-аналардың чатын ашты. Әскери мекемеде өтіп жатқан шаралардың фотоларын жіберіп тұрады. Бір айда екі мәрте хабарласып отырамыз. Сөйлесіп, хабар алып отырғаннан кейін көңіліміз орнықты. Әрине, ана болған соң бастапқыда баламды бөтен жаққа жіберуге қорықтым. Бірақ ер азаматтың азығы да, қаруы да түзде. Бір жылда шыңдалып келеді деп отырмыз, – дейді ол.

Әскерде де ет жейді

Ел қауіпсіздігі – ерлердің мойнында. Оған талас жоқ. Әлеуметтік желіде әскердегі тамаққа көңілі толмайтын азаматтардың видеолары тарап кетті. «Күнде дәмсіз ботқа жейміз, етті мүлдем жемейміз» дейді әскерден келгендер. Алайда полковник Ғани Артықовтың айтуынша, барлық әскери бөлімшелердің тамақ рациондары бірдей.

– Бұрынғы жылдармен салыстырғанда рационның калориясы бірнеше есеге көтерілді. Биыл әскери форма ғана емес, әскерлердің тамағына да көп жаңалықтар енгізіліп жатыр. Қазір банан, алма сынды жеміс-жидектермен қоса ұлттық тағамдар, ет те рационда бар. Әскерде орын алып жатқан күнделікті әлімжеттікті естіп жүрген қай ата-ананың баласын әскерге жіберуге жүрегі батады дейсіз. Бірақ қазір мұндай әлімжеттік азайған. Мемлекет тарапынан балалардың уақытын тиімді пайдаланып, бір жылда қалыптасқан Отан қорғаушы болып шығуына бар күшімізді салып жатырмыз. Жалған ақпаратқа даурыға бермеңіздер, – деді полковник.

Балға ұстай алмайтындардан сарбаз шықпайды

– Кезінде мені әскер қатарына алмай қойғанда жылап едім. Қазіргі жастар борышын өтеуге мән бермейді. Солардың көбі қолдарына балғаны да ұстай алмайды. Ал сол жігіттерді әскерге жіберсе шыңдалып қайтар еді. Әбіш Кекілбаевтың өзін алып қарасақ та, үйдегі жалғыз бала бола тұрып 27 жасында әскерге барды. Барғанда да ең ауыр әскер қатарында болды. Егер сол әскерден өтпегенде, Әбіш – Әбіш болмас еді. Жылына 30 мың ғана жігіт Отан алдындағы борышын өтейді. Ал қалғандары қайда? Біздің жастар жер десе жанын беруге дайын, ал Отан десе үндемейді. Сонда жер жекеменшіктікі болса кейін қайтпек? – деді қоғам қайраткері Ирак Елекеев.

Психолог мамандар жастардың әскерге бармауын заманнан емес, қоғамдағы теріс пікірдің қалыптасуынан дейді. Өйткені жастардың бойында патриоттық рух әлсіз. Сондықтан да борышкерлер әскерге барудан қашқақтайтын көрінеді.

– Бізде ұлттық идеология, рухани тәрбие әлсіреген. Қазіргі жасалып жатқан насихаттардың барлығы жастарды кәсіпкер болуға, блогер болуға үгіттеп жатыр. Ал әскерге бару керек деген құндылық қалмады. Яғни әскерге оқуға түсе алмаған, мектепте бұзық болған, ешбір жерден жұмыс таба алмаған жастар барады деген стереотип қалыптасқан. Бірақ шынымен де қоғамда осы көрініс орын алып отыр. Алтын белгімен бітіріп, өз кәсібін ашқан, жетістікке жеткен азаматтар әскерге бармайды. Сондықтан біз балаларға кішкентай кезінен патриоттық тәрбие беріп, ел мен жерге деген сезімін оятуымыз керек, – деді психолог Ержан Мырзабаев.

Көбінің көздегені – келісімшарт

Иә, шынымен де, әскерге шен-шекпенділер мен байдың баласы барыпты дегенді ешкім естімейді. Мектепте жақсы оқып, жетістікке жеткендер де әскер десе ат тонын ала қашады. Ал әскерге баратын жастардың көбі сонда әскери келісімшартпен жұмыста қалып қоюды көздейді.

– Мен бала күнімнен әскери қызмет етуді армандадым. Әскери оқу орнына түспесем де, әскерге барып келісімшартпен қалуға болатынын білгенде қатты қуандым. Әскерге барғандардың бәрі бірдей қызметке орналаса алмайды. Келісімшарт бойынша қызметке қалу үшін өтінім бересіз, өтінім қабылданғаннан кейін сіз медициналық тексеруден өтесіз, кейін физикалық және психологиялық тұрғыдан жақсы болуыңыз қажет. Яғни денсаулық жағдайыңыз бен әрі қарай жалғастыруға мүмкіндігіңіз бар ма? Психологиялық тұрғыдан шыдай аласыз ба? Соның бәрі тексеріледі, – деді жас сарбаз Бағлан Қадыров.

Әскерилер толықтай мемлекеттің қарауында болса да, олардың жалақысын нарықтың көмегімен есептесек аз. Ал оларға артылған жауапкершілік пен жұмыстың жүгі ауыр. Дегенмен биылдан бастап жалақылары кезең-кезеңмен өсе бастады. Бұрынғы жылдары келісімшартпен қызметке қалғандардың айлығы 80-90 мың теңге болса, жыл басынан бастап 110-120 мыңға өсті. Алдағы жылдары да жыл сайын 70 пайызға дейін өсетін болады. Сондай-ақ әскери қызметкер зейнетке шыққанша үйінің ипотекасын мемлекет жауып отырады. Балабақшаға кезексіз тұрады, медициналық қызмет тегін көрсетіледі, киіммен де тегін қамтылады. Күн-түн демей сап түзеп, үнемі қызмет барысында жүретін сарбаздарға мемлекеттің мұндай қолдау көрсеткені, әрине, дұрыс. Өйткені әскери сала азаматтарының басқа мамандық иелеріндей бос уақыты көп емес. Кей әскерлер отбасыларымен бірге 5-6 аймақта қызмет атқарған. Үнемі көшіп-қону. Сондай-ақ әскер тек ер азаматтардікі деп қарағанымыз жөн болмас. Қарулы күштер құрамының 12 пайызын әйелдер құрайды. Мұндайда Отанын қорғауға батыр қыздарымыз кіріскенде, жігіттеріміз қайда жүр дейсің? Ал Отан алдындағы борышын өтеуге баратындардың 80 пайызы – қазақтар. Қалған 20 пайызы – өзге ұлт өкілдері.

«Қара бет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық» дейді Бауыржан Момышұлы. Ата Заңымыздың 34-бабында «ҚР қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті» екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бойындағы бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 5 =