«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әскер жергілікті әскери басқару органынан басталады

0 650

  7 мамыр – Отан қорғау­шылар күні. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылған күніне орай белгіленген елеулі мереке. Тарихқа көз жүгірт­сек, сонау 1918 жылдың 8 сәуірінде Кеңес Одағында алғаш рет әскери комиссариаттар құрылған болатын. Алғашында әскери комиссариат аталып келген құрылымдар бүгінде іргелі жергілікті әскери басқару органдары – Қорғаныс істері жөніндегі департамент аталып келеді. 

Жергілікті әскери басқару органдары жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғанысты ұйымдас­тыру, әскери есепті және запастағы әскери міндеттілерді брондау, әскерге шақырылушыларды есепке алуды, азаматтарды тіркеу учаскелеріне есепке алу, келісімшарт бойынша әскери қыз­метшілерді әскерге іріктеу және жинақтау, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру, жоғары әскери оқу орындарына үміткерлерді іріктеу, әскери-техникалық мамандар даярлау жұмыстарымен және өңірдегі Ұлы Отан соғысы, Қарулы Күштері ардагерлерін, жауынгер-интернационалистерді есепке алумен айналысады. Атап айтқанда, әр азаматтың болашақта әскери өмірге қадам басуы осы жергілікті әскери басқару органдары табалдырықтарынан басталады.
Онымен қоса жергілікті әскери басқару органдары жастар мен армия арасындағы өзара байланысты нығайту, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің оң беделін арттыру, әскери қызметті насихаттау және жастардың арасында әскери-патриоттық туған жеріне, туған халқына деген сүйіс­пеншілік сезімін, мемлекеттің гүлденуі үшін жұмыс істеу ние­тін, оны қорғауға дайын болуды қалыптастыру мақсатында, Ұлы Отан соғысы, Қарулы Күштері ардагерлерімен, жауынгер-интернационалистермен тығыз байланыс жасай отырып, болашақта әскерге шақырылушы және әскерге шақырылатын жастарды тәрбиелеу бойынша ауқымды әскери-патриоттық жұмыстар атқарады. Түйіндеп айтқанда, ел әскері жергілікті әскери басқару органдарынан басталады.
Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні қарсаңында жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы үлкен жұмыстар атқаруда. Ұлы Отан соғысы және ҚР ҚК ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, жас ұрпаққа ерлік сабақтары, әскери-патриоттық шаралар өткізіліп, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып жатыр.
Мереке қарсаңында Отан қорғау шебінде жүрген барлық азаматтарды жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы атынан төл мерекесімен құттықтаймыз! Қызметтеріңіз жемісті, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Нұржан ИСАКОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы
Қорғаныс істері жөніндегі
департаментінің бастығы,
генерал-майор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды