Әскер қатарына шақыруда ерік білдіргендерге басымдық беріледі

0 49

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойды.
Осы Жарлықтан туындайтын шаралар, қандай, жиынға қашан, кімдер шақырылады, оларға қандай міндеттер және қанша уақытқа жүктеледі?
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әскери міндетті адамдарды арнаулы жиындарға шақыруда еріктілерге артықшылық беріледі. Бұл туралы кеше Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті.Ол кейбір өңірлерде мұндай жиындардың болмайтынын және әкімдердің нақты өңірлердің қажеттіліктеріне қарай әскери міндетті азаматтарды жиындарға шақыруға құқы бар екенін түсіндіріп берді. «Бұл жарлық тұтас аумақтық әскерлерді жинауға міндеттемейді. Жиынның мерзімі мен оған шақырылатындардың қалай таңдалатынын әкімдер шешеді. Ондай жиындар кем дегенде үш айға созылуы мүмкін немесе екі аптада аяқталуы мүмкін. Әкімдер қаулы шығарып, жиынды ұйым­дастырады және оны қалаған уақытында аяқтайды» деді Нұрлан Ермекбаев.
Министр жиындарға шақыру кезінде біріншіден, еріктілерге артықшылық берілетінін және әр адамның денсаулығына ерекше назар аударылатынын айтты. Заң бойынша, 60 жасқа дейінгі офицерлер, 50 жасқа дейінгі сержанттар мен солдаттар әскери міндеттілер болып табылады. «Жиындарға денсаулығы нашар, отбасылық ахуалы күрделі, жас балалары бар адамдар шақырылмайды. Сондықтан жергілікті жерлердегі әскери комиссариаттар мұндай факторларды назарда ұстайды. Әскери міндеттілердің көпшілік бөлігі бұл жиындарға шақырылмайды. Бұған қоса, азаматтардың белгілі бір бөлігі заң бойынша шақырудан босатылады» деп түсіндірді министр.
Әскери жиындарға шақырудан: қорғаныс, қауіпсіздік және құқық қорғауға қатысты мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер, мемлекеттік, азаматтық және эксперименталды авиацияның қызметкерлері, көктемгі егіс кезінде ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндейтін ұйымдарда жұмыс істейтіндер, оқу жылы кезеңінде күндізгі оқу формасында білім беру ұйымдарында еңбек ететін педагог-мамандар, білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде оқитындар, әскери міндетті әйелдер, 18 жасқа дейінгі үш және одан көпбалалары бар азаматтар, қылмыстық заңнамаға сәйкес процессуалдық іс-қимылдар жүргізіліп жатқан тұлғалар, ҚР Парламенті мен жергілікті атқарушы органдарға депутат болып сайланған әскери міндеттілер босатылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =