«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әсіренауқаншылдықтан арылайық

0 162

Қазір Астанадан бастап жер-жерде «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының аясында көп­теген шаралар ұйым­дастырылуда. Ал со­­­лардың біразының елге, халыққа берері туралы ойланатын адам аз сияқты.

Шара үшін жауаптылар нау­қаншылыққа салынып, әйтеуір өткізгенге мәз. Өтті-кетті сондай біраз шара халықтың есіңде де қалмайды. Ұйымдас­тырушылар жұрттың жанын рухани байытуды, тарихи тұлғаны шын мәнінде танытуды көздемейтін де сынды. Бізде бірдеңені бастауын бастап алып, алайда соңында бақылаусыз жіберу де бар екенін айтуға тиістіміз. Содан да болуы керек, жергілікті атқарушы органдар бір белгілі шараны бірнеше рет өткізіп, жоғарыға осыншама шара өткіздік деп есеп береді. Арасында мәдениетке, руханиятқа түк қатысы жоқ, еш қисыны келмейтін шараларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізу де көптеп кездеседі.
Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева «Рухани жаңғыру» аясындағы шаралар бұдан былай бақылауға алынатынын айтты. Осылай деп «Жетісу» газеті хабарлады. Селекторлық режимде өткен басқосуда оның сөзін облыс және қала әкімінің орынбасарлары, өзге де атқарушы орган өкілдері, өңірлік жобалық офис басшылары естіді.
Көп жұмыс желілік кестеге сәйкес келмей, бейберекет істер көбейгенін айтқан Аида Ғалымқызы келсін-келмесін барлық шара «Рухани жаңғыру» аясында өтетініне назар аударды. Кейбір спорттық, тіпті, Ауғанстанға кеңес әскерлерінің кірген күніне орай өткізілген шара да «Рухани жаңғыру» шеңберінде ұйым­дас­тырылғанын жеткізді. Енді аталған бағдарлама аясындағы шаралар нақты қадағалауға алынып, атқарылған жұмыс қорытындылары өңірлік жобалық офис арқылы орталық жобалық офиске жолданатынын, орталық офис мақұлдағаннан кейін барып өткізілетінін айтты. Бұл өте дұрыс шешім болды деп ойлаймыз. Жауапты органдар құлақ асса болғаны.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды