Әсима БИМЕНДИНА, Астана қаласы Білім басқармасының бастығы: АСТАНАЛЫҚ ТҮЛЕКТЕРДІҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ АЛУҒА ҰМТЫЛАДЫ

0 118

– Әсима Темкеқызы, қазір сіздердің жұмыстарыңызда қызу науқан жүріп жатқанын білеміз. Осы 2011-2012 оқу жылын елордалық мектеп түлектері қалай аяқтап отыр?

– Биылғы оқу жылында Астанадағы мектеп оқушылары оқу бағдарламасын сәтті аяқтады деуге болады. Олардың ішінде 7 мыңнан астам бала тоғызыншы сыныпты бітірсе, 4049 бала он бірінші сыныпты аяқтап, мек­теппен қош айтысып отыр.

Мектеп бітірушілердің 3549-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсырды. Яғни, елордалық түлектердің 87,7 пай­ызы ҰБТ тапсыруға қатысты.

– Қалған 13 пайызы ше?

– Қалған 13 пайызы, олар шетелдік жоғарғы оқу орны­на түсетіндер, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген балалар. Яғни, олар жоғарғы оқу орындарына қабылданып қойған балалар деуге болады. Ал, 3 оқушымыз денсаулығына байланысты ҰБТ-дан босатыл­ды. Оның екеуі шілде айын­да өтетін кешенді тестілеуді тапсыруға жіберілетін болса, 1 оқушы мемлекеттік аттестаттау-дан босатылды.

Ал, жалпы, ҰБТ-ның респу­блика бойынша қорытындысы санаулы күндерден соң шығады. Оның нәтижесін 15 маусым күні Ұлттық тестілеу орталығы жариялайды.

– Өткен ғасырлардың ба­сында, білесіз, жастардың білім алу мүмкіндігі аз болған. Қыз баланың оқып, білім алуын қолдамайтын көзқарастағылар да болды. Ондай көзқарас, шынын айтқанда, біздің кейбір көршілес елдерімізде әлі сақталған. Ал, біздегі жеткіншектердің жоғарғы білімге ұмтылысы қандай?

– Басқа өңірлерде колледж-дер мен кәсіптік лицейлерге түсетіндер көп болса, бізде, Астана қаласында, балалардың көбі жоғарғы білім алуға ұмтылады. Соның нәтижесінде, жылда астаналық түлектердің 80 пайызы университеттер мен институттарға түседі. Биылғы жылы да осы үрдіс жалғасын табады ғой деп ойлаймын..

Жалпы, қазір заман өзгерген. Оқу-білімсіз өмір сүру оңай емес екенін бәрі көріп отыр. Оның сыртында, инновациялық тех­нологиялар, халықаралық білім саласына кіру секілді маңызды мәселелер қолға алынған біздің мемлекетімізде білім алуға барлық жағдай жасалып жатыр. Өйткені, жастарымыз білімсіз болса, олар ертең өз өмір жо­лын таба алмайды. Қоғамнан орын ала алмайды. Сол себепті де, қазір ешкім баласын «ұл», «қыз» деп бөлмей, оларды оқытуға тырысады. Себебі, олар білімнің жарқын болашақтың кепілі екенін сезінеді.

– Белгілі ақын Күләш Ахметова бір сұхбатында бүгінгі күні қыздарымыздың мамандық таңдамай, кез кел­ген салаға барып жатқанына алаңдайтынын айтқан еді. Яғни, «қыз бала– болашақ ана, сондықтан, өздеріне лайық жұмыс істегені дұрыс» деп есептейді ақын. Ал сіз қалай ойлайсыз?

– Мамандық таңдау, расында да, адамның болашағына жол таңдау деген сөз. Бірақ, мұны, өкінішке қарай, көпшілік жастар дер кезінде түсіне бермейді. Қазір байқап қарасаңыз, көпшілік жастарымыз әлі күнге «мен экономист боламын», «мен заңгер боламын» деп жүр. Былтыр, мысалы, 300 бала эко­номика саласына, тағы 200-ден астамы заңгерлікке түскенде мен іштей қынжылдым. Олар ертең оқуын бітірген соң қайда бара­ды? Астанаға мұнша заңгердің қажеттілігі қанша?! Бұл қалада қажеттілік тудырып отырған мамандықтар бар. Мәселен, қазір қаламыз дамып келе жа­тыр. Көптеген жаңа мекемелер ашылып жатыр. Индустриалды парк, жаңа зауыттар салынуда. Демек, бізге осы мекемелерде жұмыс істейтін мамандар керек. Бұған қоса, заманға сай білікті де білімді жаңа тұрпаттағы пе­дагог кадрларға да сұраныстың туындайтынын айтпай кету­ге болмас. Оның сыртында, елордамызға көптеген қонақтар келеді. Сондықтан, қызмет көрсету, сервис жағынан да мамандар қажет. Бұған, жаңа өзіңіз айтқандай, қыз балалар көптеп тартылуы керек.

Жалпы, мен көптеген кездесу­лерге барып, әр түрлі қоғамдық топтарда болып жүрдім. Сонда байқағаным, бізде қазақтілді ар­хеологтар тапшы екен. Тарихты білу, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу қаншалықты маңызды екеніне қарамастан, осы археология саласына қызығып отырған жастар аз. Ал, бізге қазір осындай мамандар қажет. Одан кейін полицияда жұмыс істейтін азаматтар көп, бірақ, мектеп инспекторлары тапшы. Оның ішінде де қазақтілді мек­теп инспекторлары керек. Сол секілді, медицина саласының мамандары жетіспей жатыр. Мәселен, мүгедек балалармен жұмыс істейтін логопед, дефек­толог, психолог, содан кейін жалпы инженер-технологтар қажет…

Біз қазір жастарымыздың заңгер болуға, экономист болуға ұмтылып, басқа мамандықтарды көзге ілмей жүргендігінен ар­найы насихаттық жұмыстар жүргізуді қолға алып отырмыз. Өткен оқу жылының басында мектептерге барып, ата-аналар­мен және оқушылармен кезде­сулер өткіздік. Сөйтіп, бүгінгі қажеттілік тудырып отырған мамандықтарды айтып, жастар­ды соларға бет бұруға үгіттедік. «Мамандық таңдау мәселесіне өте мұқият болыңыздар. Ертең қолға диплом алғаннан кейін қоғамнан өз орындарыңызды таба алатындай болыңыздар» дедік.

Оның сыртында бізде қазір, өзіңіз де білетін шығарсыз, еңбек жәрмеңкесі өтіп тұрады. Сонда әрбір мекеме өздеріне қандай маман керек екенін ай­тып, жастардың неге бет бұруы керектігін меңзейді. Мұның өзі бүгінгі балаларымыздың уақыт талабына сай мамандық таңдауына үлкен көмегін тигізіп отыр.

– Ал, жастардың әлгі өзіңіз айтқандай, кәспорындарға қажет жұмысшы болуға ниеті бар ма?

– Мониторинг жүргізген кезде балаларымыздың дені негізінен жоғарғы оқу орнына түскісі келетініне көз жеткізіп отырмыз.

– Яғни, тұрмыста қажеттілігін сезінбейінше жастар қарапайым жұмысшы болып-ақ табыс табуға ұмтыла бермейді ғой?.. Хош. Біз жақында Ұлттық тестілеу орталығы қызметкерлерінен алдын-ала мәлімет алғанымызда биылғы жылы ҰБТ тапсырған балалардың білім деңгейі былтырғыдан 10-15 пайызға төмендеп кеткенін айтты. Бұл Астанаға да қатысты болса керек. Осыны сіз немен түсіндірер едіңіз?

– Әлі ҰБТ-ның нақты нәтижесі шыққан жоқ. Бірақ алдын-ала зер салып, қарағанымыздай, елордалық түлектердің орта­ша балы 78,4-ті құрап отыр. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш 88,1 болған. Демек, биыл балаларымыздың білім алу деңгейі, шынында да, 10 балға төмендеген. Мұның себебін дөп басып айту қиын, әрине. Бірақ, түлектермен кездесу кезінде олар математика мен тарих пәнінің емтихан сұрақтары ауырлау болғанын айтты. Сол секілді, техникалық жағынан да қателіктер болғанға ұқсайды. Қанша дегенмен балаларда шешуші сәт болған соң толқу, асығыстық болады, жазғанда-рын дұрыстап тексере бермейді. Тұтастай алғанда, республи­ка бойынша елордамыздың көрсеткіші төмен болмайтыны­на сенімдімін.

Жалпы біз бұл мәселені ҰБТ қорытындысы шыққаннан кейін өзіміздің алқа мәжілісімізде жан-жақты қараймыз.

Десек те, бізде алдын-ала мәліметтер көрсетіп отырғандай, 90-нан астам балл жинағандар саны 800-дей. Бұл былтырғы көрсеткішпен ша­малас. Сондықтан, мен өте жақсы оқыған балалар өздеріне тиесілі нәтижеге қол жеткізді деп ойлаймын. Ал, «Алтын белгіге» үміткер 15 оқушыға нәбәрі 1 бал жетпей қалды. Оған ата-аналарының арала­суымен балалар өздері өтініш жазды, енді аппеляциялық комиссия өтініштерді қарап, шешім шығарады. Егер жауап­тары дұрыс болып, техникалық қателіктер орын алса, бәрі мұқият қаралады. Бұл тұрғыда Министрдің де тапсырмасы бар.

– Жалпы, елордалық оқушылардың орташа бағасы қандай?

– Орташа бал көрсеткіші – 78. Ол – мектепті «4»-ке бітірді деген сөз. Астаналықтардың көрсеткіші басқа аймақтармен салыстырғанда жаман емес. Сондықтан, мен қорытындысы да жақсы болады деп ойлаймын.

Мен жалпы балалардың білім деңгейі бір жылдың ішінде бірден төмендеп кетеді деп ой­ламаймын. Сұрақтар өзгерген соң, балалар түсінбей, қиналып қалған болуы мүмкін.

– Әсима Темкеқызы, сіз биыл 4049 бала мектеп бітірсе, 7 мыңдай бала 9 сы­ныпты бітірер еді деп отыр­сыз. Бұл енді екі жылдан соң 7 мың бала мектеп бітірер еді деген сөз. Астанада білім мекемелері осы саны жыл сай­ын артып келе жатқан мектеп түлектерін қамтуға дайын ба?

– Қазір қаламыздағы мемлекеттік кәсіптік лицейлер саны – 7, алайда, білім заңына сәйкес, олар колледж болып қайта құрылып жатыр. Осылардың бәрін қосқанда бүгінде қаламызда 37 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бар. Оның 25-і жеке меншік колледждер қатарында. Әрине, балалардың саны көбейіп келе жатқан соң, бізге мемлекеттік колледждер жетіспейді. Сондықтан, қазір құрылыс сала­сына мамандар дайындайтын кәсіптік лицей салынып жа­тыр. Осы жылдың аяғына дейін ашылады деп жоспарланған ол лицейде 800 орын болады. Бұдан басқа тағы бір кәсіптік лицей салу жоспарда бар. Оған жер де бөлінген, қаражат та қарастырылған. Алдағы уақытта оның құрылыс жұмыстары бас-талады. Тағы да құрылысшы мамандар дайындайтын бір кол­ледж жоспарланып отыр. Егер осы 3 колледж салынып, балалар қабылдай бастаса, онда бізде техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріндегі орын саны 2400-ге ұлғаяды.

– Жаңа оқу орнын ашуға ұсыныс жасағанда балалардың таңдаған мамандықтары, олардың талап-тілектері ескеріле ме?

– Міндетті түрде. Мәселен, біз балалардың ұсыныстарын олардың таңдаған мамандықтарын қарап, Астана қаласына бес-алты колледж керек деп отырмыз. Мүмкіндік болса, осыған республикалық бюджет­тен қаражат қарастыру қажет екені туралы ұсынысымызды біз Білім және ғылым министрлігіне жазып отырмыз.

– Сіз басқарып отырған саланың қоғамдағы ең даулы, арыз-шағымы көп сала екенін білеміз. Мек­теп жетіспеушілігін, балабақшадан орын алу төңірегіндегі азаматтардың талап-өтініштерін айтпағанның өзінде, мектеп бітірушілердің аттестат алу қуанышын тойлауы да кейде жырға айналып жатады. Осы орайда, әлеуметтік жағынан әлсіз топтың мүддесі қалай қорғалып жатыр?

– Жалпы, мектепте ақша жинау мәселесіне байланыс-ты елімізде осыдан бірнеше жыл бұрын кәдімгідей шу көтерілетін кездер болған. Қазір ол саябырсыды. Өйткені, біз жыл сайын оқу жылының басынан бастап мектептегі ұстаздармен де, ата-аналармен де үлкен жұмыс жүргіземіз. Мектепте оқу бағдарламасына қажетті құрал-жабдықтың бәрі мемлекеттің есебінен сатып алынатынын, ал, қосымша оқулықтар, құрал-жабдықтар қажет болғанда бәрін келісе отырып шешу керектігін айтып, түсіндіреміз. Одан бөлек, әрбір жаңа оқу жылы басталарда мен мектепте ақша жинауға тый­ым салуды көздейтін арнайы бұйрықтарға қол қоямын. Өзіңіз де білесіз, бізде қала әкімінің сайты бар. Әкімдіктің басқа жұмыстары көп болса да, бала, мектеп мәселесінде ешқашан да бейжайлық танытқан емес. Сондықтан да, бұл жағы тәртіпке келтірілген деп айта аламын.

Ал енді, мектеп бітірушілердің аттестат алу қуанышын атап өту мәселесіне келсек, оны мей­рамханада тойлау мақсат емес. Аман болса, олардың өмірінде тойлайтын талай қуаныш бола­ды. Сондықтан, әрбір мектепте азаматтарымызға аттестат та­быстауды салтанатты жағдайда қызықты етіп ұйымдастыру мен өткізуге ерекше мән береміз. Сонымен қатар, биылғы жылы «Алтын белгі» иегерлерінің салтанатты кешін елорданың бас алаңы саналатын «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өткізу де басты назарда. «Біздің баламыз жыл сайын мектеп бітіріп жатқан жоқ, бұл өмірінде бір-ақ рет болатын сәт» деп, бұған үлкен мән беретіндер де бар. Мұндай жағдайда, олар өзара әрбір мектепте құрылған ата-аналар комитетінің араласу­ымен ақылдаса отырып шешім қабылдайды.

Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =