Әсима БИМЕНДИНА, Астана қаласы Білім басқармасының бастығы: БАЛАЛАРДЫ МЕКТЕПКЕ ҚАБЫЛДАУ ІСІ ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

0 106

– Әсима Темкеқызы, жаңа оқу жылы елордалық оқушыларды қандай жаңалықтармен қарсы алады?

– Ең басты жаңалығымыз сол, алғашқы қоңырау күні төрт жаңа мектеп салтанат­ты түрде ашылады. Олар – Ильинка елді мекені мен Манас көшесі бойындағы 1200 орындық екі мектеп, Күйгенжар тұрғын алабындағы 400 балаға арналған мектеп пен №6 мектеп-гим­назия. Бұл мектептердің педагогикалық құрамы толық жасақталып, керек-жарақтары түгелденді. Жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайын. Биыл пайдалануға берілетін осы мектептің үшеуі таза қазақ тілінде оқытатын болады.

Осыдан үш жыл бұрын әбден тозығы жеткен №6 мектеп-гимназияның қабырғасы опырылып түскен болатын. Содан бері бұл ауданның балалары қаладағы үш мектепке бөлініп, оқып жүрген. Енді олар жаңа оқу жылын 900 орынға лайықталған жаңа ғимаратта бастайтын бола­ды. Өз мектептерінде оқуды үш жыл бойы асыға күткен балалар мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ.

– Астанада бұрындары «а», «ә», ары кетсе, «б» сыныбымен шектелетін 1-сынып топта­ры былтырғы жаңа оқу жылында «ж-ға» дейін жетті. Биыл қанша бала мектеп табалдырығын аттағалы отыр? Оларды тұрғылықты мекен-жайы бойынша қабылдау ісінде қиындықтар жоқ па?

– 1-сыныпқа қабылданғандардың нақты саны 1 қыркүйектен кейін белгілі болады. Десе де, биылғы көрсеткіштің былтырғыдан көп болары анық. Өткен жылы 9 мың 954 бала мектеп табалдырығын аттаса, биыл 12 мыңнан асады деп болжап отырмыз. Балаларды мекен-жайы бойынша мектепке қабылдауда айтарлықтай қиындық болмауға тиіс. Әр ауданның өз тұрғындар са­нына лайықталған мектептері бар. Бірақ, кейбір ата-ана баласын тұрғылықты жері бойынша емес, өзінің жұмыс орнына жақын мектепке орналастырғысы келеді. Өкінішке қарай, мұндай өтінішті біз орындай алмай­мыз. Балаларды мектепке қабылдау ісі жүйелі түрде жүзеге асырылады.

– Биылғы оқу жылында мектеп бағдарламасына жаңадан қосылатын пәндер бар ма? Оқулық мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Мектеп бағдарламасында айтарлықтай өзгеріс болмайды. Оқу жоспары мемлекеттік стандартқа сәйкес жүргізіледі.

Біз жаңа оқулықтарды түгелдей дерлік сатып алдық. Бірақ, оқушы санының өсуіне қарай, бюджеттен тағы да қосымша қаражат сұрап отырмыз. Бұл – рет-ретімен шешілетін шаруа­лар. Тағы бір айта кететін жаңалық, оқу жылы бары­сында №68, №18 мектептің жанынан мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға арналған коррекциялық топтар ашылмақшы.

– Мектеп асханаларында оқушыларға ыстық тамақ беру биыл тағы да жалғаса ма?

– Бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ береміз. Биыл біз Тағамтану институты мен санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандарының қолдауымен ас мәзіріне бал қоспақшымыз. Дәрігерлер бал мидың даму­ына, ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне жақсы әсер ететінін растап отыр.

– Әсима Темкеқызы, мектептердегі үлгерімі төмен, тәртібі нашар балалардың тәрбиесімен тікелей өзіңіз айналысатын кезіңіз бол­ды ма?

– Онсыз болмайды ғой. Өйткені, мен – педагогпын. Балалармен жиі жүздесіп тұрамын. Кейде балалар мені ойға қалдыратын пікірлер айтады. Мысалы бір оқушы: «Осы, қазақша сөйлеуді мек­тептен бастау керек дейді, біз мектепте сөйлеуін сөйлейміз ғой, бірақ, одан не пайда? Дәріханаға барсақ, орыс­ша жауап береді, автобусқа отырсақ, алдымыздан орыс­ша сөйлеп шығады, көшеде жүрсең, тағы орысша…» дейді. Енді бірі «Апай, бізге нашақорлық туралы, одан сақтану туралы айтпай-ақ қойыңызшы. Біз бәрін білеміз. Мұны 6-7-сыныптың оқушыларына айтқаныңыз дұрыс. Бәлкім, соларға керек шығар», дейді.

– Сіз мұғалімсіз ғой, айтыңызшы, балаларды 45 минут бойы жалықтырмай баурау үшін нені ескеру керек деп ойлайсыз?

– Қазіргі балалар нақтылықты ұнатады. Оқушыларды тыңдату әр мұғалімнің біліктілігіне тікелей байланысты. Бір оқушымның «Апай, мен осы 11-сыныпқа көшетін күнді қатты күттім. Өйткені 11-сыныптың ба­лаларына мұғалімдер «сіз» деп сөйлейді» дейді. Демек, оқушы да мұғалімнің өзімен тең дәрежеде сөйлесуін қалайды екен. Біз осыны ескере бермейміз.

Жалпы, ұстаз әдемі сөйлеуге дағдылануы керек. Мен ІІ курста оқып жүргенімде психология пәнінен Вален­тина Ивановна деген ұстаз сабақ берді. Бірде сол кісі мені шақырып алып «Әсима, мен саған шешен сөйлеу тақырыбында курстық жұмыс дайындауды тапсы­рамын. Мен сені сабағымнан бір жылға босатамын. Тек, жылдың соңында осы тақырыпты лайықты қорғап шықсаң болды. Егер, дұрыс әрі әдемі сөйлеуді толық меңгеріп шықсаң, өміріңе үлкен пайдасы тиетін бо­лады» деді. Сөйтті де, бір құшақ кітабын ұстатып қоя берді. Жатсам да, тұрсам да, сол кітаптар қолымнан бір түспейді. Керек тұсын қағазға түсіремін. Расын­да, сол оқығандарымның пайдасын осы күні көріп жүрмін. Әр мұғалімнің бала тәрбиесінде осындай өзіндік әдіс-тәсілі, шеберлігі болуы керек.

– Әр баланың оқуға деген ынтасы, қабілет-қарымы әртүрлі. Бірінің ойы жүйрік болса, енді бірі тым баяу дамиды. Елор­да мектептерінде осын­дай балалармен дербес жұмыс істеудің арнайы бағдарламасы бар ма?

– Елбасымыздың «Бізге керегі шын дарындар. Мем­лекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, нағыз әдебиет пен өнерін жасайтын тарлан­боз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті» деген сөзі бар. Елорда мектептерінде дарынды балаларға мүмкіндігінше жағдай жасалған. «Астана дарындары», «Зерттеуші», «Олимпи­ец», «Астаналық мұғалім», «Дарынды оқушыларды дамытудағы психологиялық қолдау» атты бағдарламалар негізінде жұмыс істейміз.

Рас, әр баланың қабілеті әртүрлі. Біреулер біліп тұрғанын айтпайды. Керісінше, түк білмей тұрып, өзін бәрін білетіндей етіп көрсететіндер бар. Жалпы, менің білетінім бала мектептен тек өзіне керегін ғана алады. Ол мықты математик болмауы мүмкін, есесіне әдебиетті жақсы оқиды. Әдебиеттен хаба­ры аз болуы мүмкін, бірақ есепті жақсы шығарады. Ал, ұстаздың мықтылығы – әр баланың қарым-қабілетін ашып көрсете білуінде. Негізі, мұндай балалармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілі институт, университеттер­де оқытылуы тиіс. Ал, оны тәжірибе жүзінде кімнің қалай пайдаланатыны өзіне байланысты. Менің бір білерім, қазір екіге оқитын балалар саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз.

– Мектептерге барып, мұғалімдермен жиі кездесіп тұрасыз ба?

– Білім басқармасының бастығы болған соң, уақыт тауып, мектепте атқарылып жатқан жұмыстармен та­нысып тұруға тырысамын. Кейде, мектептердегі түрлі мәселелерді шешу үшін өзім барып көруіме тура келеді.

– Астана мектептерінде қай пәннің оқытушылары жеткіліксіз?

– Мұндай мәселе бізде жоқ. Кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, қазақ мектептерінде білім беретін математик мама­ны жетіспейтін. Қазір бұл саланың мамандары толық жеткілікті. Тек кейбір мек­тептерге орыс тілінің баста­уыш сынып мұғалімі, орыс сыныптарына информатика пәнінің мұғалімі керек. Ал, мемлекеттік тілде оқытатын мектептерде мұғалімдер толық жеткілікті.

– «Мектепке жол» акциясының барысы қалай болып жатыр?

– Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Биыл құқық қорғау органдарының өкілдері белсенділік танытты. Көмекке мұқтаж жандардың ешқайсысы тыс қалған жоқ. Акция кезінде 20 милли­он теңге көлемінде көмек көрсетіледі деп жоспарлап отырмыз. Шамамен 5 мыңдай бала қамтылатын болады.

– Алдағы тамыз кеңесінде қандай мәселелерді күн тәртібіне шығаруды көздеп отырсыздар?

– Елбасы Жолдауын­да айтылған әлеуметтік жаңғырту мәселесі, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласының мәні мен маңызы туралы талқылайтын боламыз. Қазір көптеген білім ошақтары салынып жатыр. Мектеп, балабақша тапшылығы болашақта шешілетін болады. Бізге сол мектептерде болашақта қандай білім беріледі, кімдер жұмыс істейді деген сауал маңызды. Тамыз кеңесінде маман даярлау ісіне, әсіресе кәсіптік маман иелерін да­ярлау жұмыстарына тоқталамыз. Сонымен қатар, алдағы 10-20 жыл ішінде бізге қандай мамандар қажет деген мәселелерді де бүгін ойлануымыз керек.

Әңгімелескен Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 4 =