Ashyq-пен жолың ашық

0 49

Ashyq қосымшасының енгізілуімен коронавирустық инфекциямен күрестің қазақстандық тәжірибесінің жаңа бағыты пайда болды. Әйтсе де қосымшаны пайдалану кезінде түрлі мәселелер де туындап, халық кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін білмей, әрі-сәрі күй кешті.Карантиндік шектеу шараларынан үлкен соққы алған шағын және орта бизнес өкілдері өз қызметтерін қайта жандыруда Ashyq-қа зор сенім артылды. Сала мамандары да эпидемиологиялық ахуалды реттеуде азаматтардың мәртебесіне сай түс беріп, олардың қоғамдық орындарда емін-еркін жүріп-тұруына рұқсат етудің нәтижелілігін алға тартты.
Таяқтың екі ұшы болатын сияқты Ashyq қосымшасына келгенде де қоғамның пікірі екіге айырылды. Оның бір жағында бұл қосымшаның мүмкіндігіне үлкен сенім білдіргендер тұрса, екінші жағына «Ashyq арқылы азаматтардың әр қадамыңызды аңдиды» деп күмән келтіретіндер шықты. Қосымша берген мәртебемен халықтың жүріс-тұрысын шектеу олардың құқығына қол сұғу деп танитындар да табылып жатты. Ал жауапты ведомство өкілдері айналдырған екі жұма ішінде Ashyq-тан шыққан түрлі ақауды ретке келтіріп, қосымшаны жетілдіру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Осы орайда біз сала мамандарының пікіріне құлақ түріп, Ashyq-тың төңірегінде айтылып жүрген жайттарды ой елегінен өткізіп көрген едік.
Нұр-Сұлтан қаласына Ashyq жобасы 12 мамырдан бастап енгізілді. Қазіргі таңда қаладағы 714 нысанға кіру аталған қосымша арқылы жүргізіледі. Олардың басым бөлігін карантиндік шектеу шаралары кезінде қызметін тоқтатқан кәсіпкерлік нысандар құрайды.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі департамент директорының орынбасары Үмітжан Арықбекова бүгінге дейін бұл қосымшаны 1 мил­лион 764 мың қазақстандықтың жүктегенін айтады. Оның айтуынша, Ashyq азаматтардың мәртебесін тануда Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы платформасындағы мәліметтерге иек артатын көрінеді.
– Қосымшаны қолданушы оған жеке сәйкестендіру нөмірін енгізген соң, жүйе автоматты түрде Денсаулық сақтау министр­лігінің бірыңғай платформасына сұраныс жібереді. Ал бұл платформадағы мәліметтер республикадағы барлық зертханаларда жүргізілген ПТР-сынамаларының нәтижесі негізінде түзіледі. Егер жүйеде азаматтың мәртебесіне қатысты ақпарат дұрыс көрсетілсе, бұл одан сынама алған зертхананың қорытынды нәтиже туралы мәліметтерді дұрыс енгізбегенін көрсетеді.
Жалпы қосымшада жинақталған барлық деректер үшінші жаққа берілмейді. Бұл мәселе жеке мәліметтерді сақтау, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы заңнамалармен реттелген.
Жасыратыны жоқ, қосымша енгізілген алғашқы аптада түрлі мәселелермен бетпе-бет келдік. Министрлік сала мамандарымен бірлесіп кемшіліктерді жою, қосымшаны жетілдіру бағыттарындағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып отырды. Нәтижесінде ұялы телефондардағы Android және AppStore операциялық жүйелеріне арналған Ashyq қосымшасының қайта жаңғыртылған нұсқалары пайда болды. Тіпті жүктеменің салдарынан оның жұмысы тоқтап та қалды. Қазір қосымшаны пайдалану, дерек алмасуға қатысты мәселелер толықтай шешілді. Азаматтар қосымша арқылы өз мәртебесін үйлерінен шықпай-ақ біле алады.
Ashyq енгізілген алғашқы бір аптаның өзінде елорда әуежа­йында «қызыл», «сары» түстегі 43 жолаушының ғимаратқа кіруіне тыйым салынды. Бұл дегеніңіз осы қосымша арқылы әлгі жолаушылармен бірге сапарға шығуы мүмкін талай азаматтың коронавирусты жұқтыруының алдын ала алғанымызды көрсетеді. Республика аумағындағы түрлі қызмет көрсету орындарына дертті жұқтырғанын және науқаспен қарым-қатынаста болғанын біле тұра, қоғамдық орындарға кірмекші болған мыңдаған азаматқа рұқсат берілмеді, – дейді Үмітжан Арықбекова.
Министрлік өкілінің айтуынша, алдағы уақытта азаматтар өздерінің мәртебесін екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы да білетін болады. Сондай-ақ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ashyq-қа вакцинациялау паспортын енгізбек. Сол арқылы коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін алғандар «жасыл» түске жатқызылады. Ал қазір мұндай «жоғары» мәртебе соңғы 3 күн ішінде тапсырған ПТР-сынамасы теріс нәтиже көрсеткендерге ғана беріледі. Азаматтар оның жарамдылық мерзімі аяқталған соң қайтадан «көк» түске жатқызылады. «Сары» түске жатқызылған азаматтардың мәртебесі «көк» түске 14 күн өзін-өзі оқшаулағаннан кейін беріледі. Егер ол ПТР-сынама тапсырып нәтижесі теріс болып шықса, бірден «жасылдардың» қатарына қосылады. «Қызыл» түсті мәртебе ПТР-сынама дертті анықтаған сәттен бастап 14 күнге дейін сақталады. Сәйкесінше олар да өз мәртебелерін тест тапсырып көру арқылы жаңарта алады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ashyq жүйесін енгізу отандық қызмет көрсету саласының қайта аяққа тұруына мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол ғимараттарға «қауіпсіз» тұтынушыларды кіргізу жүйесі нәтижелі жолға қойылса, қызмет алушылардың санын 20-дан 30 пайызға дейін ұлғайтуға болатынын айтты.
– Әуежай, қызмет көрсету орындарымен бірге Ashyq жүйесі спорттық нысандарға да енгізіліп жатыр. Жақында «Астана Арена» стадионындағы кезекті матчқа 6 мың көрермен қатысты. Бұл карантиндік шектеу шараларынан соң осыншама халықты бір стадионға жинаған алғашқы ауқымды шара болды. Мұнда да әрбір келушінің мәртебесі мұқият тексерілді. 6 мың жанкүйерді стадионға тексеріп кіргізу үшін 2 сағатқа жуық уақыт кетті, – дейді ол.
Ал апта аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қызметкерлері толық құрамда коронавирусқа қарсы вакцина алған сауда және тамақтану орындарының жұмысын шектемеу туралы бастама көтерді.
Жалпы әлемде Ashyq сынды тәжірибе кеңінен қолданылып жатыр. Коронавирустың ошағы саналатын Қытайда Health Code қосымшасы қолданылады. Қазірдің өзінде 700 миллион қытайлық дүкенде сауда жасауда, қоғамдық көлік қызмет тұтынуда, өзі тұратын шағын ауданда емін-еркін жүріп-тұруда осы қосымшаның көмегіне жүгінеді. Мұнда да азаматтар «жасыл», «сары», «қызыл» түске бөлінеді. Тек Ashyq-тан айырмашылығы «сары» түстілер 1 аптаға, ал «қызылдар» 2 аптаға карантинге жатқызылады. Сондай-ақ қытайлықтардың мәртебесін қандай заңдылыққа сай анықтайтыны құпия ұсталады. Ал Түркияда коронавирус жұқтырғандарға «Үйде болыңыз» деп аталатын қосымшаны жүктеу міндеттеледі. Сәйкесінше үйде оқшаулануы керек адамдар сыртқа шығатын болса, оның ұялы телефонына хабарлама келеді. Арнайы байланыс орталығынан телефон да шалып, ескерту де жасайды. Сол секілді Израиль, Армения, Ресей үкіметтері дертке шалдыққан азаматтарды бақылауды ұялы байланыс операторларынан ақпараттар негізінде жүргізу тәжірибесі бар.
Бір сөзбен айтқанда, Ashyq індеттің таралуын шектеудегі мүмкіндігі уақыт тезімен сыналмақ. Әйтсе де айналдырған екі жұманың ішінде ел аумағында дәл осы қосымшаның инфекция жұқтырған және науқаспен байланыста болған 5 мыңға жуық азаматтың түрлі нысандарға кіру құқығын шектеп, талай отандасымызды дерттен аман алып қалғанын ұмытуға болмайды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =