Ашкөздіктен адам ұрлаған

0 23

Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың 2019 жылғы 13 маусымдағы үкімімен қылмыскер Иннаға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкіммен келіспеген ол шағым келтіріп, іс апелляциялық сатыда қайта қаралған. Сол жылдың 7 тамызында үкім өзгертіліп, пайдакүнемдiк ниетпен жасалған іс-әрекет бөлігі айыптау бөлігінен алынып тасталды. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Сотталған Иннаның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.2017 жылғы аязды күндердің бірінде Алматы қаласында Дамир атты жігіт қылмыс жасап, пайда табу мақсатындағы арам пиғылын іске асыру үшін елорда тұрғыны, кәсіпкер Арманды ұрлауға бел буады. Сондағы бар арманы – жала жауып, ақша табу. Ол Арманның өзіне үлкен көлемде ақша қарыз екені туралы аңыз ойлап тапты. Сөйтіп ол өзімен азаматтық некеде тұратын Инна атты бойжеткенмен алдын ала сөз байласып, қылмыс жоспарын құрады. Жоспар негізінде Дамир, Иннадан бөлек, Эльдар, Артур және Марат атты тағы үш адаммен сөз байласып, оларды Арманның оған 300 000 АҚШ доллары көлемінде берешегі бар екендігіне сендіріп, сол қарызды қайтару үшін оны зорлық-зомбылық көрсетіп, алып қашу жайлы жоспарын айтады.
2017 жылғы қара күздің басында жоспарды іске асыру мақсатымен Дамир қылмыстық топтың мүшелерімен бірігіп «Volkswagen Touareg» және «Opel Vectra» маркалы автокөліктерімен елорданы бетке алады. Елордаға келген Дамир, Инна, Эльдар, Артур мен Марат өздерінің Джалел және Фарида атты таныстарына да қылмыстық жоспары жайлы айтып, соңғылары бұл іске құлшына кірісеміз деп, келісімдерін береді. Оңай олжаға құныққан қылмыстық топтың мүшелері қылмыстық рөлдерін өзара бөліп алады. 2017 жылғы қарашаның 5-і мен 6-сы аралығында Фарида өзіне тиесі рөл бойынша Арманмен танысып, кейіннен сеніміне кіру мақсатымен «Узбечка» кафесінде екі мәрте кездеседі. 8 қараша күні Инна арнайы пәтер жалдап, мекенжай туралы ақпаратты қылмыстық топтың басқа мүшелеріне жеткізеді. Ал Фарида болса Арманмен кешкі бестер шамасында кездесіп, оны жалдамалы пәтерге алып келеді. Фариданың хабарламасын алған топ мүшелері арнайы бетперде киіп алып, пәтерге кіре бере Арманға ұмтылып, қоқан-лоқы көрсетіп, соққының астына жығады. Екі қолы байланған Арманға Инна шприц арқылы бір сұйықтықты (тергеуде анықталмаған) ағзасына жібереді. Джалел болса жалға алған үйдің алдына «Volkswagen Touareg» және «Opel Vectra» маркалы автокөліктерін айдап әкеліп, өзінің сыбайластарының далаға шығуын күтіп тұрады. Сол арада Эльдар, Марат, Артур және Инна Арманды далаға алып шығып, «Volkswagen Touareg» маркалы автокөлігіне салып алады. Ал Танир мен Джалел «Opel Vectra» маркалы автокөлігіне мініп, олардың соңынан ереді. Фарида болса Астана қаласында қалып қояды. Қылмыстық топ ұрланған адаммен бірге Алматы қаласына бет алады. Олар Арманды Шамалған стансасында орналасқан бір жер үйге әкеліп, заңсыз ұстап отырады. Сол жерде Танирдің жалған аңыз әңгімесінен жаңылысқан қылмыстық топ мүшелері жәбір шеккен Арманнан ақша талап етеді. Арманның Танирге қарыз емес екендігін анықтаған Эльдар топтың басқа мүшелерімен келісе отырып, Арманды босатып қоя береді. Ал Танир мен Инна Арманды босатуға келісімін бермеген. Инна мен Танир қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, оларға қатысты кейін халықаралық іздеу жарияланған.
Иннаны тергеу амалдарын жүргізуші орган тұтқындағаннан кейін оған ұйымдасқан топпен алдын ала сөз байласу арқылы, пайдакүнемдiк ниетпен адам ұрлау бабы бойынша айып тағылды.
(Құпиялылықты сақтау мақ­­сатында адамдардың аты-­жөн­дері өзгертілген).

Ботагөз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қалалық
сотының баспасөз хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − eighteen =