ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАР ӘЛЕМІ

0 8  637

Халқымыздың дәстүрлі қолөнері – қайнар бұлақ, сарқылмас қазына, бай мұра.

Бұл – ұлттық санадағы сұлулыққа деген іңкәрліктен пайда болған эстетикалық талғам. Зерделі зергерлер­ әсем бұйымдарды дүниеге әкеліп, сұлулықтың санадағы бейнесін жасаған. Сол арқылы ұрпақты тәрбиелеп, көркем дүние меңгеріп, одан әрі жетілдіре берген. Бұл бұйымдар адам қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, олардың өнер әлемі жайындағы көзқарасынан да хабар береді. Шынайы шеберлердің туындылары ғасырлар елегінен өтіп, бізге жетті.

Сырғаның сыңғыры

Қазақ қолөнерінің басқа түрлеріне қарағанда, зергерлік өнімдердің жасалуы оның кәсіптік сұранымына байланыс­ты.­­ Әр зергердің өз ерекшелігі болған. Ол құпиялар жан­ұя­­­да­­ғы­ осы кәсіпке бейімделген адамға мирас болып қала бер­ген.­ Дәстүрлі зергерлік өнерде шеберлер әр түрлі құ­­рал­­дар­ды­ өздері жасап пайдаланған. Зергерлердің аса көп­ жа­сай­тыны – әйелдердің әшекей бұйымдары. Қазақ қыз­-келіншектері кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға, шаш­та­ры­на шолпы, білектеріне білезік, саусақтарына жү­зік­ таққан.

Бір-біріне үзбелеп бекітілген үлкенді-кішілі өрнекті ал­қа­лар­дан­ құралатын салмақты да салтанатты өңіржиектер аса көзтартарлық әсем болады. Қатар-қатар тізбектелген тас­тар қондырылып жасалған тамақ алқа асыл матамен әдіп­­те­­ле­­ді. Ал інжу-маржан қадалған тамақшаларды қыздар жиі­ тағады.

Кеудеге тағылатын әшекейлер қатарына түрлі-түсті, сән­­ді­­ түй­­реу­­іш­тер­ді, асыл тасты тұмарларды, небір қымбат тастармен безендірілген таналар мен күмістен соғылған түй­­мелерді, ілгіштерді жатқызуға болады.

Қыз-келіншектер аса ұнататын әсемдік бұйымының бірі – сырға. Қазақ зергерлері сырға жасаудың тым көне сырларын меңгерген. Мәселен, Қарғалы археологиялық қазбасынан біздің заманымызға дейінгі кезеңге жататын алтын шекелікпен бірге тас қондырылған сырға табылған. Қазақ зергерлері жасайтын ай сырға, тас көзді сырға, күм­без­ сырға, қозалы сырға, салпыншақ сырға, шұжық сырға, са­бақты сырға, шашақты сырға деген сияқты әр өңірде алуан аталатын сырға түрлері өте көп.

СЫЛДЫРЛАТСАҢ ТИЫНДЫ, ЖОҒАЛТАРСЫҢ СЫЙЫҢДЫ

Келесі зергерлік бұйымдардың бір түрі – қыз-келін­шек­тер шаштарының ұшына тағатын шаш теңге, шолпы, шашбау деп аталатын әшекейлер. Шаш теңгелер мен шолпылар көп жағдайда әсем шиыршықталған күміс бауларға бекі­тілген тоғыз теңгеден тұрады. Тоғыз – қазақ ұғымында кие­лі сандардың бірі. Олар бір-бірімен ұзыннан-ұзақ жал­ға­сып, шаштың ұшына бірге өріледі.  Шашбау да бір-біріне сым үзбелер арқылы бекітіледі. Орталарына асыл тастардан көз қондырылған теңгелер тізбегінен құралады. Ұшы сәнді шашақпен немесе күміс әшекейлермен әсемделеді. Шашбау шаштың түбіне бекі­тіліп,­ бұрыммен бірге салбырап төгіліп тұрады. Шашбау дегеніміз, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын алтын, күміс тиындар, кейде маржан тағылған сәндік бұйым.­ Сол сияқты күміс немесе алтын теңгелер, тиындар қа­­дал­ған шашбауды «шолпы» деп атайды. Бойжеткен қыз­ баланың жүрісін, қимылын жөндеу үшін қоңыраулы шол­пыны қолданған. Қоңыраулы шолпыны таққан қыз бала үй арасында жүргенде, қатты күлгенде шолпы ды­быс­ беріп отырған. Бұл дыбыс жастарды елең еткізіп, жи­на­қы отыруға тәрбиелесе, екінші жағынан қыз балаға де­ген құрметті білдіреді. Сонда бұл дыбыс екі жақты да тәр­бие­леп отырған. «Шолпы» деген ұғым балықтың су­да­ғы секіріп ойнағанынан шыққан болу керек. Судың бе­тін жел қозғап, толқындар жағаны ұрып жатса, оны да­ «шолпу» деген екен. Сол себепті ұсақ тиындар мен тең­ге­лер­ қыз қозғалғанда сыңғырлап дыбыс береді. екіншіден, ауыр шолпы тақ­қан­да­ бас ауырмайды. Содан шолпының емдік қасиеті бар­ екенін байқаймыз. Жас қыздар тағатын үзбелі шолпы, көз­ді шолпы, шынжырлы шолпы, маржанды шолпы, ақық шолпы түрлері бар.

АЛТЫН САҚИНА, КҮМІС БІЛЕЗІК

Әйел әшекейлерінің ішінде ертеден келе жатқан және күні бүгінге дейін кең қолданылатын әсемдік бұйым – білезік.

Білезік сыңар қолға да, қос қолға да тағыла береді. Бірнеше бөлшектен құралған, ашпалы-жаппалы, сом темірден тұтас құйылған жұмыр түрлері болады. Соған орай оларды сом білезік, жұмыр білезік, қарта білезік, қақпақ білезік, бес білезік, сағат білезік деп әр түрлі атайды. Олардың ішінде алтын, күміс, нәзік шынжырмен шымдалып жалғасып жататын бірнеше жүзігі бар білезіктер де кездеседі. Зергерлер білезіктерге неше түрлі өрнектер салып, тас қондырып, қарала жүргізіп, сіркелеп, бұрала ширатып әсемдеген. Олар көбінесе күмістен соғылады.

Әйелдердің саусақтарына тағылатын зергерлік бұйымдардың бір түрін жүзік немесе сақина деп атайды. Сақиналар ғұрыптық дәстүрде, негізінен, үйлену салты кезінде қолданылады. Сом алтыннан құйылатын мұндай сақиналарды жас жұбайлар аты жоқ (төртінші) саусағына тағады.

Ұзатылған қыздарға нәзік жасалған құс мұрын жүзік лайықты. Ал қос көзді, ауқымды етіліп соғылған салмақты жүзіктерді құдағи жүзік деп атаған. Жасы ұлғайған әйелдер, әсіресе, жиын-тойларда әр саусағына бірнеше жүзікті қабаттап тағатын болған. Зергерлер алтыннан, күмістен құйып, қақтап, соғып, шекімелеп, қара ала жүргізіп, шиыршық темірден торлап, небір өрнектер салып, асыл тас қондырып алуан түрлі жүзіктер жасаған. Олар жасалу түрі мен қолданылу ретіне қарай отау жүзік, жималы жүзік, тасбақа жүзік деп аталған.

Киімнің екі өңірін бір-біріне қосып тұру үшін тағатын әшекейдің бірі – қапсырма. Ол бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш, сүйір, доға тәріздес, төртбұрыш, сопақша сияқты әртүрлі пішінде болады. Көбінесе күмістен құйылып, тапталып, шекімеленіп жасалады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, тастар қондырылып әсемделеді.

Айгүл РАХТАЕВА,
Назарбаев Орталығы экскурсия бөлімінің бастығы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 13 =