Ашаршылық ақиқатын ақтарған

0 232

Қазақ тарихында «Ұлы жұт» атауымен қалған ашаршылық жылдарының халық жүрегіне салған қасіреті мен жарасын ұмыту әсте мүмкін емес. Аштықтан 3 миллион адам қырылып, қаншама тағдырдың ойраны шықты. Тарихымыздың осы бір көлеңкелі жағы туралы түсірілген «Ұлы дала зары» фильмі еліміздің атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылды. «Шет тіліндегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша лонг-листке енгізілген туындыны тұсап тұрған бір ғана мәселе – қаржы тапшылығы. Фильмнің продюсері «Оскарға» үмітті ондыққа іліну үшін 30 миллион теңге қажет екенін айтты. Қазақтың қасіретті тарихына арналған туындыға министрлік қаржылай көмек көрсете ме? Фильм продюсері, сценарий авторы Ернар Мәліковпен осы жайлы сұхбаттасқан едік.

– Ернар мырза, бұған дейінгі 30 жылда ешкімнің қаламы бармаған, ешкімнің жүрегі дауаламаған қазақ тарихының қасіреті – зұлмат ашаршылықты көгілдір экранға шығардыңыздар. Ашаршылық туралы кино түсіру кімнің ұсынысы? Жалпы шығармашылық топ қалай жасақталды?
– Тәуелсіздік жылдарынан бері қаншама режиссер мен шығармашылық топ бұл тақырыпқа бел буып кіріссе де соңына дейін жете алмады. Мен де кино түсіру барысында ешбір қолдау көрмедім. Мәдениет министрлігіне 4-5 рет хат жаздым. Барып кездесіп фильм туралы айтсам да ондағылар «көреміз» деп үнсіз қалды. Жеке кәсіпкерлермен де кездестім. «Ереке, өзіңіз бастасаңызшы, кейін қолдаймыз ғой» деген жауап алғаннан кейін кірісіп кеттім. Киноға дайындық, сценарий жазу 2 жылға созылды. Сценарийі дайын болғаннан кейін Марина Қонароваға ұсыныс жасадым. Бұл жоба көптен бері ойымда жүрді. Миллиондаған қандастарымыз жазықсыздан-жазықсыз аштықтан қырылды. Біз түсірмесек, бұл киноны келер ұрпақ түсіре алмас деген ой келді. Осылайша ешкімге көрсетілмейтін құпия архивтерді ақтара бастадым. Украина мен Ресей арасында соғыс оты тұтанған кезде Украина көп деректерді шығарды. Тарихымыз туралы Украина, Америка мен Еуропа елдерінің архивтерінен мәлімет жинастырдық. Халық арасында жүріп сұрас­тырып, тарихшыларымыз бен жазушыларымыздың кітаптарын зерттедік. Сценарийді 9 рет өзгерттік. Ал фильмдегі оқиғаның 99 пайы­зы өмірден алынған. Қазақ «шешінген судан тайынбас» демекші, алдымызға қойған мақсатымызды ата-бабаларымыздың рухтарының алдындағы азаматтық парызымыз деп санаймын. Кино түсіруге көмектесеміз деген демеушілер сөздерінен тайып шықты. Оларды менің жазғырғаным да дұрыс емес. Өйткені «фильм көрші елге ұнамай қалар, Кремль не дер екен?» деп алаңдағандарын білемін. Шығармашылық топты әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп таңдадық. Қоюшы оператор Александр Рубановтың өзі бастапқыда «кинода ешқандай саяси астар жатқан жоқ па?» деген күдікпен қарады. Кейін кино желісін оқып шыққаннан кейін ғана бұл жерде орыс халқына қатысты ешқандай астар көрмегенін, бұл большевиктердің тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының халқына жасаған қиянаты екенін айтты. Адамзат жаратылғалы бері тарихқа үңілсек, мұндай қаніпезерлік, зұлмат, нәубет ешбір елдің басында болып көрмеген. Кеңес Одағының қолдан жасаған ашаршылықтың салдарынан миллиондаған адам жапа шекті.
– Киноны тамашалай отырып актерлердің шеберлігіне таң қалмау мүмкін емес. Кейде халық көп көрсете беретін бейнеден де тез жалығады. Ал «Ұлы дала зары» фильміндегі актерлердің көпшілігін бұған дейін жұрт танымайтын. Кастинг қалай жүрді? Актерлерге қандай талап қойдыңыздар?
– Актерлік құрамды та– Актерлік құрамды таңдау – киноның ең жауапты кезеңі. Өйткені актер образға қалай кіріп, қалай ойнап шығады, фильм де соншалықты дәрежеде ашылады. Сондықтан біз өз ісінің нағыз маманы деген кәсіби актерлерді таңдап алуға тырыстық. Роман Жуков, Дулыға Ақмолда, Сафуан Шаймерденов сынды белгілі актерлерге таңдауымыз түсті. Ал екінші басты рөлде Тұрарды сомдаған Ақылхан Алмасов деген жас енді ғана таныла бастаған, ешкімге әлі таныс емес бейне. Нұрияның рөліндегі Саяжан Құлымбетова бұған дейін ешқандай киноға түспеген. Бұл рөл – оның алғашқы дебюті. 2000 актрисаның ішінен таңдауымыз Саяжанға түсті. Өз рөлін жақсы ойнап шықты. Бұл жерде режиссер Марина Қонарованың да үлесі зор. Өйткені мен оны Голливудқа жіберіп, 1,5 жыл оқыттым. Бірақ режиссердің қасында әрқашан редактор бар, мен бар қазақша сөздерге аса мән беріп қарап, көмектесіп жүрдік. Киноның кейбір ұнамаған тұстарын қайтадан түзетіп, қайта түсіріп шықтық. Кино түсіруге 1,5 жылымыз кетті. Киноны қыста желтоқсан айында түсіре бастадық. 4 ай бойы Алматы облысы Ақсу ауданының ауылдарында 88 адам топ болып, 5 ауылға бөлініп үй-үйлерге қонып, 3 уақыт мектеп асханасынан тамақтанып жүрдік. Басында халық көп мән бере қойған жоқ. Кино түсіре бастағаннан кейін ауыл жігіттері массовка жағынан, жылқыларды жинау жағынан көп көмектесті. Олар халықты ұйымдастырып, бәріне тарихи киноның маңыздылығын түсіндірді. Ашаршылық – қазақтың ортақ қасіреті. Осыны түсінген жұрттың бірі киіз үйін әкелсе, бірі арбалары мен аттарын әкеліп, қақаған аяз бен боранда көлігіміз батып қалып жатса шығаруға көмектесті. Оның алдында краудфандинг арқылы Азиза деген қарындасымыз осындай фильм түсірілгелі жатыр деп халыққа жар салып, 500 мың теңге жинап берді. Теңіз тамшыдан құралатыны сияқты ел болып жиналған осы қаржы шығармашылық топқа рухани дем берді. Аяқтағы пимамыз су болып келсе соны жайып, түнделетіп келсек, ас-суымызды әзірлеп ауыл тұрғындары көп демеу болды. Сондықтан мен «Ұлы дала зары» фильмін Ернар Мәліков пен Марина Қонарованың емес, халықтың фильмі деп есептеймін. Ал біз кино түсіру үшін тек баспанамызды ғана емес, басқа да сатуға болатын мүлкіміздің бәрін саттық. Қайсыбірін айтамын. Қазір оны есепке алып, жоғалттым деп те жүрген жоқпын. Әр қаржының өз орны болды. Топтағы адамдарға тамақ беру керек, еңбекақыларын төлеуіміз керек, машина жалдау керек деген сияқты кино түсірудің де машақаты көп. Бюджет жағын салыс­тырмалы түрде айтсам, «Анаға апарар» жолдан 4-5 есе кем қаржыға түсірілді. Кино шыққаннан кейін көп әріптестерім «Ернар, аз қаржыға қалайша осындай сапалы туынды түсіргенсің?» деп сұрады. Меніңше, жақсы туынды жасау үшін ақша емес, жан-тәніңмен беріліп бар ынтаңды жұмысқа салу керек.
– Халық арасында «Киноның сценарийі 5 жыл жазылыпты, кино түсіру үшін режиссер мен продюсер өз үйлерін сатыпты» деген әңгіме желдей есіп жүр. Киноға осындай жанкештілікпен келу тарихқа деген үлкен құрмет пе?
– Тарихты еске алмай, болашағымыз жарқын болмайды. Қолдан жасалған ашаршылықтан қаншама қазақтың тағдыры ойран болып, қаншама зиялыларымыз өлім құшты. Біле білген адамға бүгінгі күнге жетуіміздің өзі – үлкен жауапкершілік. Ал жанкештілікке екінің бірі бара бермейді.
– Массовка да болсын, ең алғаш киноға қаражат жинауда болсын жұрт болып жұмылдық деп жатырсыз. Сонда бұл фильм­ге мемлекет тарапынан қолдау жасалмады ма?
– Киноға мемлекет тарапынан ешқандай ақша бөлінбеді, көмек көрсетілмеді. Жақында ғана бұл фильмді елордамызда көрсеткенде мемлекеттік хатшы министр Ақтоты Райымқұловаға менің көзімше тапсырма берді. «Шығармашылық топ халықтың күшімен осыншалықты жоғары деңгейде кино түсіріпті. Мен мұндай кино көремін деп ойлаған жоқпын. Тарихымыздың ащы шындығын алдымыз­ға жайып берген туынды. Сондықтан Алтын глобуста, Лос-Анджелестегі Азия дүниежүзілік фестивальдеріне дейін жетті. Бұл фильмді жарнамалау үшін 2 аптаның ішінде қаржы тауып, көмек көрсетіңіз» деді
Қырымбек Көшербаев. Кейін Қазақстандағы Оскар комитеті елімізден 4-5 фильм жинапты. Оның ішінде «Ұлы дала зары» да, «Томирис» те бар. Біз Америкадағы Оскар комитетінен фильм байқауға қабылданды деген хат алдық. Аштық тақырыбын көтерген бұл фильмді дүниежүзі көруі керек. Мұндай сұмдықты бастан кешкенімізді білуі қажет. Қаншама шетелдік елшіліктермен, киносарапшылармен жиі сөйлесіп жүрмін. Сонда олар осы аштыққа породокс деп баға беріп отыр. Тіпті Африканың ең кедей мемлекеттері отандық фильм­деріне көмек көрсетіп, арнайы пиар компаниясын ашып береді. Фильм халықаралық байқауларда бақ сынағанда жеке біздің емес, Қазақстанның атынан барады. Ол жерде менің қарыз алып кино түсіргенім де айтылмайды. Егер Қазақстан туындыларымен Оскар алып жатса, бұл ұрпақтарымыздың алдындағы үлкен беделіміз болмақ. Фильм номинация алса, Сталин режимінің қазақ халқына жасаған геноцидін бүкіл әлем алдында әшкерелейміз. Көптеген әлемдік ұйымдар Қазақстанда аштық болғанынан да бейхабар.
– Қазір кино сайттарда ақылы негізде көрсетілуде. Мұны карантин жағдайындағы кино әлемінің жаңа бетбұрысы деп қабылдасақ дұрыс па?
– Кино қазір сайттарда онлайн көрсетілуде. Карантин кезінде киноны театрларға жіберуіме де болатын еді. Бірақ осы фильмді көремін деп барып халықтың ауырып қалғанын қаламадым. Фильмнің бағасын 700 теңге деп қойдық. Одан анау-мынау салықтарды алғаннан кейін бізде қалатыны –500 теңге. Маған көп адамдар мынандай киноны қымбат бағада қою керек қой деп жазып жатыр. Бірақ менің дәтім бағасын қымбаттатуға бармады. Киноны онлайн кинотеатрдан қолындағы смартфоны бар кез келген адам тамашалай алады. Ал мен ауылдағы қарапайым халық үшін 700 теңгенің де қомақты ақша екенін білемін.
– Кейбір сыншылар «Нұрияның 4-5 жасар қызын қасқырға тастауы нағыз қатыгездік. Ол негізі құндақтағы сәби болған» дейді. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Орынды айтылған сынды қабылдауға дайынбыз. Аталған сюжет атақты абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтің өмірінен алынған. Ол кісі өз сұхбатында «Менің шешем қасқырлардың қамауында қалған кезде қыз баланы қасқырға тастап, мені аман алып қалғаны үшін өмірбақи қарыздармын. Ұрпағым жалғассын деп ойлаған шығар. Өзімнің қарындасымның аруағының алдында, қазақ халқының алдында, анамның алдында қарыздармын» деп қаншама ғылыми еңбектер жазған. Біз кино желісіне ештеңені ойдан алып қосқан жоқпыз. Бәрі шынайы өмірге негізделген.
Киноны көрген халық ерекше әсермен қабылдады. Бұл сіздердің еңбектеріңіздің ақталғаны деп білеміз. Бұйырса, Оскардан көрейік!

P.S. «Ұлы дала зарына» қолдау білдіру үшін киноны www.cinexus.kz сайтынан небары 700 теңгеге тамашалаңыздар! Туынды жайлы сұрақтарыңызға @cinexus инстаграм парақшасынан жауап таба аласыз.

Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 16 =