Асхана жайы алаңдатады

0 76

Сабақ кеше ғана аяқталса да, жаңа оқу жылына әзірлік басталып та кетті. Елорда мектептеріндегі кей асханалардың жайы мен оқушылардың сапалы тамақтану барысы туралы брифингте кеңінен сөз болды. Бұған дейін де бірнеше рет көтерілген мәселеге жанашырлық керек. Өйткені жыл сайын мемлекеттік сатып алудан өткен кәсіпкерлердің жұмысы әлі де көңіл көншітпейді.Оқушыларға берілетін тамақтың сапасыз болуы, құнарлы болмауы тек ата-аналарды ғана емес, әкімдікті де алаңдатып отыр. Осыған орай, өткен аптада мектептегі тамақтану қызметтерін сапалы ұсынатын компанияларды таңдау туралы жаңа бұйрық шығарылды. Бұл туралы цифрландыру және мемлекеттік қызметтер бөлімінің бастығы Ботагөз Қасабек брифингте мәлім етті.
– Бізде мектеп тамағын мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру проблемалары туындады – бұрын жеткізушілердің ашық таңдауы болған жоқ. Бірыңғай тәсіл болмады, көптеген критерийлер бар. Жыл сайын сол бір компаниялар өтті, сонымен бірге мектеп оқушылары арасында жұмыс сапасы жақсарған жоқ.
Енді бұл бағытта бірыңғай жұмыс жолға қойылады. Бүгінде әкімдік Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, мектеп тамағын мемлекеттік сатып алуды автоматтандыруға көшірмек. Мемлекеттік сатып алу веб-сайтында осы лот бойынша жеке бөлім болады. Бұл жұмыстар бірер аптаның ішінде қалыпқа келетінін айтқан бөлім бастығы қазір көптеген процедуралық жұмыстар жүргізіліп жатыр деді. Сөйтіп оқушыларға сапалы қызмет көрсететін компанияларды көбірек тартуға мүмкіндік болады.
Сондай-ақ жақында «Астана – адалдық алаңы» жобасының аясында өткен жиында елорда әкімі Алтай Көлгінов «Мектептегі тамақ үшін қолма-қол ақшасыз төлем» жобасы енгізілгенін жариялады. Мұнда ата-аналар алдын ала онлайн режимінде мектептегі балаларының тамақтануын бақылай алады. Осы жобада қала басшысы мектеп тамағын мемлекеттік сатып алу процесін автоматтандыру жоспарланғанын, өйткені қазір рәсім қағаз жүзінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл өзгеріс­тер мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай жоятынын баса айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 4 =